Жақсы көретін жанға — жүрекжарды сыйлық
Мен биыл өзімнің жақын туысым, әдебиетті сүйетін, сөз қадірін білетін жан — Өтегенова Жамалхан Рахымбекқызына «Білімді ел» газетіне бір жылдық жазылым сыйлағым келеді.

Жамалхан апай — өлең жанына жақын, қаламы қарымды ақын, жазушы, бірнеше кітаптың авторы, балалар әдебиетіне де үлес қосып жүрген шығармашылық иесі. Ол газет-журналды басынан аяғына дейін, бірде-бір мақаланы қалт жібермей оқитын, әрбір жазбадан ой түйіп, рухани азық алатын сауатты да ізденімпаз жан.
Жамалхан апайдың шығармашылығына менің де айрықша алғысым бар. Ол кісі өлеңді тапсырыспен де жазады. Кезінде маған және қыздарыма «Қыз сыны», «Келіндер сайысы» секілді байқауларға арнап, өзімізді таныстыру мәтіндерін әдемі ұйқаспен, мағыналы әрі әсерлі етіп жазып берген еді. Сол өлеңдердің арқасында байқауларда жүлделі орындарға ие болып, қуанышымыз еселенген болатын. Бұл — менің жүрегімде сақталған ерекше естелік.
Сондықтан Жамалхан апайға бір жылдық газет жазылымын сыйлау арқылы оны қуантқым келеді. Бұл жай ғана сыйлық емес, оның кітапқа, әдебиетке деген сүйіспеншілігіне, ізденісіне және шығармашылығына деген құрметімнің белгісі болсын деймін.
Қаламыңыз мұқалмасын, Жамалхан апай! Өлеңдеріңіз оқырман жүрегіне жол тауып, шығармашылығыңыз өркендей берсін! Әлі талай тамаша туындыларыңызбен қуанта беріңіз!
Исабекова Эльвира Жанабаевна
ТІЛ
Сенен көрем сөздің асыл жақұтын,
Сенен көрем бала тілдің бақытын.
Сенен көрем жақсы мен жаманды,
Сенен алам сенде қалған бар құтым.
Сенен көрем ата-ұрпақ ерлігін,
Қазақтың деп көктейді екен жер бүгін.
Сен арқылы басқа жұртқа танылып,
Сен арқылы көрем елдің елдігін.
Сен арқылы жақсылармен үндестім,
Сен арқылы өлеңіммен тілдестім.
Сен арқылы болмысыммен танылып,
Сен арқылы тірлігімде күн кештім.
Кейінгі ұрпақ кінәліміз десе егер,
Ойлануға үйренуге есе бер.
Сіңіп қалған санамызда сан жылдар,
Басқа тілмен шұбарланса кеше төр.
Басқа тілмен өрнектеуге аз қалып,
Тіл түгілі дінді ұмыта бастадық.
Тәуелсіздік еткенді ел болып,
Қайта оңдық қайта тұтап маздалдық.
Сен арқылы биіктерге жетермін,
Сен арқылы білдім өмір не екенін.
Ұлтым-қазақ тіл арқылы біліп қой,
Қазақстан-мұсылмандар мекенім
Өтегенова Жамалхан Рахымбекқызы
ҚАЗАҚСТАН — ТӨЛҚҰЖАТЫМ
Әліппеден басталатын,
Отан – ана, қазақ – атым.
Кіндік қаным тамған жерім,
Қазақстан – төл құжатым.
Аман бол деп байтақ елім,
Бата берген атам менің.
Ол – туған жер, ол – отбасым,
Отаным деп айтар едім.
Мақтан елем Отанымды,
Сүйіп өтем Отанымды.
Сол Отанды қорғау үшін,
Бабаларым атқа мінді.
Тауым-тасым барқыт белім,
Кеңге толы жақұт жерім.
Ол мен үшін қасиетті,
Жанымнан да артық менің.
Әліппеден басталатын,
Отан – ана, қазақ – атым.
Бабалардың таңбасы бар,
Қазақстан – төл құжатым.
Өтегенова Жамалхан Рахымбекқызы
АНАШЫМ
Аппақ нұрдан жаралған,
Бар шуақ сенен таралған.
Әлемде барлық сәбилер,
Тек сенен жылу таба алған.
Балаңда барлық пейілің,
Жүзіңде тұнған мейірім.
Сәттерін кейде қуаныш,
Өмірің өткен кейі мұң.
Алақаныңмен аялы,
Сипасаң кетпе шашымды.
Ұйықтап кетем маужырап,
Тізеңе қойып басымды.
Анасы бардың бағы бар,
Анасыз бала жабықар.
Аман-сау жүрші анашым,
Сен барда менде бәрі бар.
Мен үшін мына ғаламда,
Сенсің ғой қымбат асылым.
Ауырсам анам өзіңнің,
Мейіріміңнен жазылдым.
Туылған бәрі анадан,
Жаралған сенен бұл ғалам.
Ұяңа жылу таратып,
Анашым әркез жүр аман.
Өтегенова Жамалхан Рахымбекқызы
ЕЛІМ ҚАЗАҚ
(Герольд Бельгер, 1934–2015)
Мен қазақпын, неміс болып тусам да,
Қазағымнан кете алмаймын қусам да.
Қазақ болып қымыз іштім, қазы жеп,
Қазақ болып аунап өстім жусанда.
Өзге жерден не жоғалттым, не ұттым?
Болсам дағы бір өкілі өзге ұлттың,
Қазақ болып тумасам да, мен – қазақ,
Мен қазақпын туысымнан, соны ұқтым.
Жүрген күндер шымшуында елестің,
Қазағымды мен ұмытқан емеспін.
Барғаныммен ата жұртқа аңқылдап,
Бірақ онда танымайды мені ешкім.
Тәрбиесін алып өстім қазақтың,
Өнегесі, салт-дәстүрі ғажап тым.
Қазақылық сіңіп қалған бойыма,
Азаматы бола алмапсын ол жақтың.
Қазақстан – қазақ елім, текті елім,
Сенің арқан – биіктерге жеткенім.
Сені тастап ата жұртқа жол тартып,
Ақымақтық болар еді кеткенім.
Қазақ маған, мен қазаққа керектігін,
Ата жұртта мені жатыр елеп кім?
Құрмет тұтар сол қазағым барында,
Өзге елде қалай шыдап жүрмекпін?
Болмасам да баласы бір төренің,
Қайда тудым, қайда өстім – сол елім.
Сол қазақтың жоғын көрдім, барын да,
Сол қазақтың ортасында өлемін.
Өтегенова Жамалхан Рахымбекқызы
Загрузка...