«Білім беру» бағытында жеңіске жеткен жобаның авторына табысталған марапат

Бүгінгі жастардың мүмкіндіктеріне қарасаң, таңғаласың. Университет қабырғасында жүріп-ақ әлемдік технологиялармен жұмыс істеуге, өз идеяңды халықаралық деңгейде таныстыруға, тіпті нақты бизнес мәселелерін шешетін өнім жасауға болады. Ең бастысы, сол мүмкіндікті пайдаланып, алғашқы қадамды жасауға батылдық керек. Оған дәлел, бүгін HackAlem AI халықаралық хакатонында дәл осындай талантты жастардың еңбегін көрдік, – деп жазды өткен аптаның соңында Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында сала министрі Саясат НҰРБЕК.

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг қатысқан марапаттау рәсімінде қазақстандық жастар өздерінің технологиялық жобаларымен көзге түсті. Солардың бірі – GhostTech жобасы. «Білім беру» бағыты бойынша жеңіске жеткен жобаның авторы Ян Құрманбаевқа марапат табыстадым. GhostTech идеясы қарапайым әрі маңызды. Бір жағында нақты мәселесін шешуге маман іздеген кәсіпкер тұрса, екінші жағында білімін тәжірибеде қолданғысы келетін студент тұр.

Ал бұл осы екі тарапты байланыстыратын платформа. Студент үшін бұл алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтауға, командамен жұмыс істеуге, өз идеясын нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік. Ал кәсіпкерлер үшін жас таланттармен бірге жаңа технологиялық шешімдер әзірлеудің жолы. Жалпы бұл Хакатонға қызығушылық та жоғары болды. Жалпы саны 6586 өтінім түсіп, оның шамамен бес мыңы студенттерден келген. Хакатонға екі мың бес жүз адам қатысса, бір мың алты жүзі – студенттер.

Қорытындысында он екі бағыт бойынша 36 команда жеңімпаз атанды. Олардың қатарында еліміздегі он үш университеттен қырық тоғыз студент бар. Осы жетістіктердің артында қаншама ізденіс, ұйқысыз түн, сәтсіз талпыныстар мен қайта басталған жұмыстар тұрғанын елестетіп көріңізші. Бүгінде жасанды интеллект әлемді өзгертіп жатыр. Ал қазақстандық жастардың осы өзгерістерді сырттан бақылап қана қоймай, өз жобаларымен оған үлес қосуы ерекше маңызды.

– Біздің мақсатымыз да осы. Университет бұл тек жастар білім алатын орын емес, өз идеясын сынап, технология жасап, кәсіпкерлермен бірге нақты жобаларды жүзеге асыратын ортаға айналуы керек. Ян Құрманбаевты және HackAlem AI хакатонының барлық жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын!, – деп қорытындылаған кезекті жазбасының соңын бейіндік ведомствоның жетекшісі.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий