Татулық пен қоғамдық келісімге негізделген даму жолымыз әлемге үлгі

Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған 1990 жылғы қазан айының 25-і саяси және экономикалық дербестікке ұмтылған ұлттық мемлекеттіліктің жаңа дәуіріне жол ашқан сынаққа толы сындарлы сәт еді. Азаттықтың ақ таңымен бірге тәуелсіздіктің берік іргетасы қаланды. Бұл құқықтық құжат еркін елдің тағдырын күрт өзгерістерге бастап, бейбіт түрдегі өркениетті даму жолына толық негіз болғаны даусыз. Ұлт шежіресіндегі ұлық мереке қарсаңында елорда төріндегі Достық үйінде осы ұлағатты ұстанымды арқау еткен «Тарих. Тағылым. Мемлекеттілік: Қазақстанның даму жолы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылған болатын.

Астана қаласы əкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі бастамашылдық танытқан алқалы жиынға Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ғалымдар, этномəдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, елдік мұрат, тарихи сабақтастық, қоғамдық келісім мен мемлекетіміздің даму бағдары төңірегінде толғамды ой қозғады. Елдік мүдде мен еркіндіктің түпқазығы Егемендік жайлы сөз қозғағанда айтылар салиқалы сөздің салмағы зор. Достық үйінің фойесінде халық аспаптар ансамблінің ұлттық нақыштағы əуенімен басталған мерекелік басқосуда күмбірлеген күй мен сырлы саз халқымыздың рухани мұрасын ұлықтай түскен-ді. Артынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Əнұраны орындалып, елдік рух пен тəуелсіздікке тағзым салтанатты сəтпен сабақтасты.

Жиынды жүргізген қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Жүнісбеков кіріспе сөзінде Республика күнінің тарихи маңызына ерекше тоқталды. Шынында да, осыдан отыз алты жыл бұрын қабылданған тарихи құжатқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады», – деп, декларацияның тәуелсіз Қазақстан тарихында алар орны мен мән-мағынасына аса зор баға берген болатын.

– Республика күні – өткенге тағзым етіп қана қоймай, бүгінгі елдіктің бағасын бағамдайтын, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіндіретін мереке. Егемендіктің еңсесін тіктеп, мемлекеттіліктің тұғырын бекемдеу бір күндік міндет емес, ұрпақтарға сабақтасатын ұлы аманат. Тарихи жадты сақтау және қоғамдық татулықты тұғырландыра түсу егемен елдің одан әрі дамуының қажетті шарттары болып табылады. Жер жаһанды тұрақсыздық жайлаған уақытта этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты құндылық болып қала беретіні айдан анық, – деді Бақытжан Әбдірейімжанұлы.

– Халықаралық қауымдастықты алаңдатқан көптеген қауіп-қатерлерге толы құбылмалы қоғамда қырық жылға жуық уақыт бойы түрлі сыннан өткен Қазақстанның этносаралық келісімге сүйенген жалпыұлттық бірлік моделі тәуелсіз және бейбіт еліміздің орнықты дамуының берік негізі болып қала береді. Мемлекет басшысы да сөйлеген сөздерінде ынтымақ пен бірліктің ел дамуындағы маңызын үнемі айрықша атап айтудан жалыққан емес. Осы орайда республикамыздың дін саласындағы дұрыс саясаты, қоғамдағы ұлтаралықты ұстанған ілгері даму жолы әлем жұртшылығына үлгі боларлық өнеге.

Кездесу барысында сөз алған спикерлер Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның ел тарихындағы мәні мен маңызына терең тоқталып, қоғамдық дамудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған жаңа Конституцияның іргелі қағидаттарын талқылады. Тәуелсіздікті алудан бұрын оны сақтап тұрудың жолы қашанда қиынға соғатыны белгілі. Ол үшін әр азамат бейбіт күннің қадірін сезініп, байырғы батыр бабаларымыздың аманатына әрдайым адалдық таныту қастерлі де қасиетті борышымыз. Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бұл бағытта өршіл өрендерге байыпты бағыт-бағдар берудің қажеттілігін қозғады.

– Баршамыздың ең басты міндетіміз – егемен еліміз бен туған жерімізді сылдыр сөзбен емес, жүрекпен сүю. Қазіргі кезде біздің отанымыздағы ұлттар арасындағы достық пен діни келісім бойынша қалыптасқан тыныштық пен сан саладағы жедел қарқынды дамуға қызыға да қызғана және сүйсіне қарайтын мемлекеттер бар. Түрлі сындардың нәтижесінде дұрыс қалыптасқан тәжірибелерді үлгі ретінде қолданушылар да көп. Тарих – әрқайсымыздың өмірімізбен сабақтас ұғым. Алайда бүгінгі тарихымыздың қалыптасуына, ең алдымен, атақты ата-бабаларымыз бен айтулы ата-аналарымыздың сіңірген еңбегі зор. Біз бір нанды бөлісіп, бір суды ішіп, бейбіт өмір сүріп отырған ортақ Отанымыздың қадірін білуіміз керек, – деді айбынды абызымыз Бақытжан Ертайұлы.

– Осындай бейбіт ел мен байтақ жерді келер буыны саналатын бізге аманат еткен жанкешті жайсаң жандардың өшпес ерлігі мен қажырлы еңбегін еш ұмытпауымыз қажет. Олар болашағымыздың баянды болуы жолында қолдарынан келгендерін жасап, ұрпағының жарқын өмірін қамтамасыз етті. Баһадүрлердің еркіндік жолындағы ғасырлық күресі – бізге үлгі-өнеге. Олардың арманы – тәуелсіз ел болу, ұрпағының азат өмір сүруі еді. Алаш арыстарының асқақ армандары орындалып, ашық аспан астында азаттықтың ақ таңы әрдайым арайлап ататын оттан ыстық Отанда алаңсыз ғұмыр кешудің қадірін сезінгеннен артық бақыт жоқ.

Сонымен қатар қатысушылар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, жастардың бойында патриотизм сезімін қалыптастырудағы мыңызды мәселелерге кеңінен тоқталды. Танымал тұлғалар тұлғалар мен қоғам өкілдері ел аманатына қатысты мемлекеттік маңыздағы мәселелерді ортаға салды. Республика күнінің тарихи мəнін тереңірек пайымдау арқылы мемлекеттің қалыптасу тарихын таразылау, конституциялық құндылықтарды орнықтыру, діни наным-сенім бостандығы, ұлтаралық бірлік, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жайы жиынның негізгі өзегіне айналды. Тəуелсіздіктің тұғырын бекемдеу, елдің ертеңіне бағыт-бағдар айқындау секілді салмағы бөлек тақырыптар төңірегінде өрбіген əңгіме тарихи тағылым мен бүгінгі жауапкершілікті сабақтастырып, ортақ мұрат жолында ой тоғыстырды.

Биыл елімізде жаңа Конституция қабылданып, мемлекеттік құрылым сипаты өзгерді. Қазақстан Республикасының бірінші шақырылымдағы Құрылтайына «Әділет» партиясынан сайланған депутат, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Марат Башимовтың айтуынша, бүгінгі өзгерістердің бастауы егемендік туралы Декларациямен астасып жатыр. – 1995 жылғы конституциялық реформаның бастауы мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны талқылаудан басталғанын білеміз. Конституциялық құқықта декларация дегеніміз – мемлекеттің негізгі қағидаттарын жариялайтын маңызды құжат. Кейін осы қағидаттар халықаралық шарттар мен басқа да құқықтық құжаттарда көрініс табады, – деді ол.

– Бүгінде біз айтып жүрген ел бірлігі мен конфессиялар мен дінаралық диалог, азаматтардың сыйластық құрметі осы құжаттан бастау алады. Біз осы құндылықтарды бағалап, мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызын ұмытпауымыз керек. Тәуелсіз мемлекетті құрайтын іргелі ұлт ретінде қазақ халқы төрт тараптағы құдайы көршілерімен ұдайы ынтымақты күн кешуге барлық күші мен жігерін жұмсағанын айтпағанда, шексіз де шетсіз даңғайыр далаға әралуан себеппен көшіп келген басқа ұлт өкілдері мен өзге дін ұстанушыларды бауырына басқан ізгі дәстүрін жаңа заман тұрғысынан жетілдіру арқылы келер буын өкілдеріне жеткізу бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі екендігін терең түйсінген абзал.

Кездесу барысында Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасары, «Радима» беларусь мəдени орталығының төрағасы Дмитрий Останьковичтің Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының қоғамдық орынбасары болып сайлануына орай ізгі лебіздер айтылып, жауапты қызметіне абырой мен сәттіліктер білдірілді. Ел бірлігі тек əдемі сөзбен ғана айшықталатын ұғым емес. Оның шынайы өлшемі қоғамның өзара сыйластығында, өзара сенім мен ортақ мүддеге деген адалдығында. Тілі мен мəдениеті əртүрлі болғанымен, тағдыры бір, мақсаты ортақ азаматтарды біріктіретін күш – туған жерге деген сүйіспеншілік, ортақ Отан алдындағы жауапкершілік екені рас.

Осы тұрғыдан алғанда, этномəдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың жəне елордадағы Достық үйінің қызметі айрықша мəнге ие. Олар халықтар арасындағы достықты бекемдеп, өзара түсіністік орнатуға, татулық пен тұрақтылықтың тамырын тереңге тартуға үлес қосып келеді. Қоғамдық келісімнің қадірі де осындай күнделікті еңбектен, өзара құрмет пен ортақ іске деген жанашырлықтан көрінеді. Дөңгелек үстелдің өзегіне айналған мəселелердің салмағы да, мəні де айрықша. Қатысушылар тәуелсіз жұртымыздың даму бағдары, конституциялық құндылықтар, заң үстемдігі, мемлекеттік институттардың орны мен қоғамдық келісімді нығайту сияқты күн тəртібінде тұрған келелі мəселелер жайлы ойларын ортаға салды.

– Бүгінгі таңда барша отандастарымыз біздің тәуелсіз елімізде тату-тәтті тұрып жатыр. Әрқайсымыздың тағдырымыз сан түрлі болғанымен, тарихымыз ортақ. Демек тарих – халықтың жүріп өткен жолының шежіресі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағдар беретін рухани темірқазық. Өткенін таныған жұрт азаттықтың қадірін біледі, мемлекеттіліктің оңай қалыптаспағанын терең түсінеді. Тарихи жады – елдіктің алтын арқауы, ал одан тағылым алу болашақ алдындағы жоғары жауапкершіліктің белгісі. Ұлттың ертеңі жас ұрпақтың санасымен, білімімен жəне азаматтық ұстанымымен өлшенбек. Сондықтан бүгінгі жастарға егемен еліміздің терең де тағылымды тарихын таныту, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру, туған жерге деген құрметін қалыптастыру қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін естен шығармау қажет, – деді пайымды пікірін жеткізген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий