ОТАНҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК НЕДЕН БАСТАЛАДЫ? «ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ» — ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ САХНАСЫНДА
Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталып, ізгі істермен нығаяды, болашаққа деген арманмен қанаттанады. Бұл терең ой М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының жас өнерпаздары ұсынған Республика күніне арналған «Менің Республикам — менің болашағым!» атты мерекелік концерттің өзегіне айналды.
«Ұрпақтар сабақтастығы: тамырдан шексіздікке» атты тұжырымдаманы арқау еткен қойылым адамзаттың рухани қалыптасуын, ата-баба мұрасына құрмет пен туған жерге деген тағылымды байланысты көркем бейнеледі.
Үш тақырыптық бөлімнен — «Тамыр мен тек», «Саналы отансүйгіштік» және «Отанға деген шексіз сүйіспеншілік» — тұратын концертте балалар отбасы құндылықтары, Жеті ата дәстүрі, адал еңбек пен ел болашағына деген жеке жауапкершілік туралы ой қозғады.
Мерекелік бағдарлама вокалдық, хореографиялық және музыкалық нөмірлерге толы болды. Сахнада «Тұмар», «Жұлдыздар», «Жас дәурен», «Арман-шоу», «Жаңа Star» студияларының, «Вдохновение» және «Тип-топ» би ансамбльдерінің, «Мұрагер» домбыра студиясының, «Грув» гитара клубының, «Свет звезды» ән-театр ұжымының және басқа да шығармашылық бірлестіктердің тәрбиеленушілері өнер көрсетті.
Концерт барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, «Халықтың жаны» биі көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Мұрагер» домбыра студиясы мен «Грув» гитара клубының бірлесіп орындаған «Адай» күйі ұлттық өнердің қуаты мен әуезін айшықтады. Әрбір нөмір қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін, туған елге деген сүйіспеншілігін дәріптеді.
Кештің жарқын финалы «Тұмар» вокалдық студиясы мен Б. Ж. Сарсебековтің орындауындағы «Атамекен» әнімен түйінделді. Әсерлі әуен мен жүрекке жеткен орындау көрермендерді туған жерге деген мақтаныш пен Қазақстанға деген шынайы сүйіспеншілік сезіміне бөледі.
Үлкендердің өнегесінен жас ұрпақтың асқақ арманына дейінгі рухани сабақтастықты бейнелеген концерт бір маңызды ойды ұқтырды: өз тамырыңды тану, бүгінгі құндылықтарды сақтау және болашақты қалыптастыру — Отан тарихының ажырамас бөлігі болу деген сөз.
Мерекелік концерт Қазақстанға деген шығармашылық сүйіспеншіліктің көрінісіне, ел болашағын айқындайтын жас ұрпақтың мүмкіндігі мен сеніміне айналды.


