Оқу-ағарту министрі өңірлік басқармалардың басшыларымен балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мәселелерін талқылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің одан әрі дамуының басым бағыттарын айқындады. Балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздің барлық өңірлеріндегі бала құқықтарын қорғау басқармаларының басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді.
Кеңес барысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, ықтимал қауіп-қатерлерді уақтылы анықтау және өңірлік құрылымдар жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, өтініштерге жедел ден қоюға және балалардың мүдделерін қорғау бойынша нақты шаралар қабылдауға ерекше назар аударылды. Туындаған мәселелерді уақтылы шешумен қатар, олардың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.
Әрбір баланың құқығын қорғау барлық деңгейде тұрақты назар мен үйлесімді жұмысты талап етеді. Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту және әрбір бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырады.

