Ғылым және жоғары білім министрлігі үшін – нақты бағдарлар мен маңызды міндеттер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында Қазақстанның алдағы дамуындағы стратегиялық басымдықтарды айқындады.

Президенттің назарында экономиканы жаңғырту, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және адами капиталды нығайту мәселелері тұр.

Ғылым және жоғары білім министрлігі үшін бұл – нақты бағдарлар мен маңызды міндеттер. Өйткені әрбір технологиялық серпілістің, жаңа өндіріс орны мен ғылыми жаңалықтың негізінде, ең алдымен, адам капиталы, яғни адамдардың білімі, құзыреті мен кәсібилігі жатыр.

Бүгінде білім мен ғылым саласында қол жеткізілген жетістіктер Мемлекет басшысының зияткерлік әлеуетті дамытуға бағытталған жүйелі әрі дәйекті мемлекеттік саясатының нәтижесі екенін ерекше атап өткен жөн.

Қазір біз осы жұмыстың нақты нәтижелерін көріп отырмыз.

Соңғы бес жылда мемлекет 525 мыңнан астам білім беру грантын бөлді. Студенттердің стипендиясы екі есе өсті, ал жатақханадағы орын тапшылығы шамамен 16 есе қысқарды. Мұның барлығы қазақстандық жастар үшін жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берген нақты өзгерістер.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстан халықаралық білім беру хабы ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Елімізде шетелдік университеттер мен білім беру ұйымдарының 33 филиалы ашылды. Ал шетелдік студенттердің саны 41 мыңға жуықтады. Отандық жоғары білім тарихында алғаш рет Nazarbayev University Times Higher Education рейтингі бойынша әлемдегі үздік 400 университеттің қатарына енді.

Бүгінгі Жолдау аясында жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беріледі.

Технологиялық трансформация жаңа буын мамандарын даярлаусыз мүмкін емес екенін түсінеміз. Сондықтан AI-Sana бағдарламасы аясында бүгінге дейін 706 мың студент оқытудан өтті. 31 университетте жасанды интеллект бойынша 44 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда, ал қазақстандық жоғары оқу орындары ЖИ қолдану арқылы 515 жоба әзірледі.

Біздің міндетіміз – Қазақстанның озық технологияларды тұтынушы ел ғана емес, оларды өз бетінше әзірлеп, өндіретін мемлекетке айналуына жағдай жасау.

Мемлекеттік саясаттың тағы бір маңызды басымдығы – отандық ғылымды дамыту. Соңғы төрт жылда ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын ішкі шығындар 4,5 есе өсіп, 252,5 млрд теңгеге жетті. Ғылыми қызметкерлер саны 24 мың адамға дейін артты, олардың 14 мыңнан астамы – жас ғалымдар.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғылыми қоғамдастықты қолдау шаралары күшейтіліп, ғалымдардың еңбекақысы арттырылып, тұрғын үй бағдарламалары іске асырылып, жас зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Сонымен қатар Президент алдымызға бұдан да ауқымды міндет қойып отыр. Ол – білім мен ғылымға салынған инвестициялардың нақты қайтарымын қамтамасыз ету.

Бүгінде елімізге жай ғана дипломы бар мамандар емес, экономиканың нақты міндеттерін шеше алатын инженерлер, зерттеушілер, әзірлеушілер мен технологиялық кәсіпкерлер қажет.

Электр станцияларын жаңғырту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, деректерді өңдеу орталықтарын құру, жасанды интеллектіні өнеркәсіп пен экономиканың басқа да салаларына енгізу жаңа құзыреттерді талап етеді. Сондықтан біз университеттердің экономиканың нақты секторымен ықпалдастығын күшейтіп, индустриялық докторантураны дамытып, қолданбалы зерттеулерді қолдап, жаңа технологиялық кластерлерді қалыптастырудамыз.

Қол жеткізілген барлық нәтижелердің негізінде Президенттің стратегиялық шешімдері, жүйелі реформалар және мыңдаған оқытушының, ғалымның, зерттеуші мен студенттің күнделікті еңбегі жатыр.

Бүгінде біз маңызды жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Бұл кезеңде білім, ғылым және технологиялар елдің экономикалық өсімінің тікелей қозғаушы күшіне айналуға тиіс.

Мемлекет басшысының саясатына негіз болған осы тәсіл Қазақстанның жаңа жаһандық технологиялық дәуірдегі позициясын нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Саясат НҰРБЕК,
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий