Гендерлік теңдік пен еңбек құқықтары талқыланды

Орал қаласында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының бастамашылдығымен ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен «Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары шеңберінде кәсіподақ тәжірибесіндегі гендерлік теңдік және еңбек құқықтары» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Жиын барысында қатысушылар мен сарапшылар халықаралық еңбек стандарттарын, ұлттық заңнаманы, кәсіподақ арқылы еңбек құқықтарын қорғаудың заманауи тәсілдерін, әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар іс-шарада алынған білім мен ұсынылған тәсілдерді кәсіподақ ұйымдарының күнделікті жұмысына енгізу жолдары айқындалды. Күн тәртібінің негізгі өзегі – БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы кәсіподақтардың орны мен еңбек саласында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету тетіктері болды.

Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева семинардың ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстанда азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайтуға, әйелдерді жұмыспен қамтуға, сапалы білім мен медициналық көмек алуын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды заңнамалық және институционалдық реформалар жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет қолға алған бұл шаралар кәсіподақ ұйымдарына да үлкен жауапкершілік жүктейді.

– Адам құқығын қорғау мен қоғамдағы теңдікті орнату, ең алдымен, еңбек өрісінен – әрбір жұмыс орнынан басталуы тиіс. Әйелдердің еңбек құқығын қорғау, оларға лайықты ақы төлеу, қандай да бір алалауға жол бермеу және олардың көшбасшылық қабілетін ашуға жағдай жасау – тұрақты дамудың басты кепілі. Гендерлік саясат тек әлеуметтік мәселе болудан әлдеқашан асып түсті. Бүгінде бұл – еңбек қатынастарының сапасын, әлеуметтік әріптестік институтының кемелдігін және қоғамның тұрақты дамуын көрсететін басты көрсеткіштердің бірі, – деді ол.

Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім саласы қызметкерлерінің 74 пайыздан астамын әйелдер құрайтындықтан, бұл тақырыптың маңызы айрықша. Тең мүмкіндіктерсіз лайықты еңбекке қол жеткізу және тұрақты даму туралы айту мүмкін емес, сондықтан кәсіподақтар жүйелі тетіктерді қалыптастыруы қажет. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, ҚРКФ Гендерлік комиссиясының төрағасы Гүлнәр Жұмагелдиева қатысушыларға ашық пікір алмасуға ниет білдіргендері үшін алғыс айтып, гендерлік теңдіктің әлеуметтік әділеттілік пен экономиканы дамытудағы маңызын атап айтты.

Оның сөзінше, кәсіподақ қызметінде БҰҰ-ның №5 «Гендерлік теңдік» және №8 «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» Тұрақты даму мақсаттары негізгі бағдар болуы тиіс. Гүлнәр Жұмагелдиева Кәсіподақтар федерациясының атқарған негізгі жұмыстарына тоқталды. Оның ішінде 2021 жылы бекітілген Гендерлік саясат тұжырымдамасы, әйелдерге жұмыс істеуге тыйым салынған зиянды әрі қауіпті кәсіптер тізімін жою, сондай-ақ бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімін бір жылдан 1,5 жылға дейін ұзарту сияқты нәтижелі қадамдар бар. Оған қоса, былтыр кәсіподағы бар мекемелердің 95 пайызында ұжымдық шарттарға әйелдерге, балалары бар жұмыскерлерге және жас мамандарға арналған жеңілдіктер енгізілген.

Сондай-ақ 2024 жылы екі мыңнан астам жұмысшы әйелдің қатысуымен әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік» тұжырымдамасы қабылданған. Федерация ХЕҰ-ның №190 Конвенциясын қабылдауды ілгерілетіп, алдағы уақытта Әйелдердің кәсіподақтық көшбасшылық мектебін құруды жоспарлап отыр. Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Айгүл Есекенова өңірлік Кәсіподақтар орталығы бүгінде он бір салалық және 13 жергілікті кәсіподақтың жұмысын үйлестіретінін хабарлады. Олардың құрамына бір мың бір жүз елу бастауыш ұйым мен 70 мың 393 кәсіподақ мүшесі кіреді. Оның ішіндегі ең ірісі – 34 мың 309 мүшені біріктіріп отырған Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Батыс Қазақстан облыстық филиалы.

Семинардың алғашқы күнінде арнайы баяндамалар жасалып, сарапшылар деңгейінде талқылаулар жүргізілді. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) халықаралық стандарттары мен Қазақстан Республикасының әйелдер еңбегін реттеу заңнамасы туралы ҚРКФ Оқыту, зерттеу және дауларды шешу орталығының директоры Ләззат Есжанова баяндап, Халықаралық еңбек ұйымының гендерлік теңдік пен әйелдердің еңбегін қорғауға қатысты конвенцияларының мазмұнына, сондай-ақ олардың ұлттық заңнамаға енгізілуіне жан-жақты тоқталып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіндегі нормаларға ерекше назар аударды.

Кәсіподақтардың қоғамдағы орнын нығайту және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс орнату мәселелері ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзованың баяндамасына арқау болды. Баяндамашы кәсіподақ ұйымдары мен олардың көшбасшылары үшін қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді байланыс орнатудың маңызына басымдық берді. Семинар барысында әйелдердің құқықтарын қорғау құралы ретінде кәсіподақ жанындағы гендерлік қолдау қызметінің мүмкіндіктері де қарастырылды. Бұл тақырыпты PhD докторы, адами ресурстар жөніндегі сарапшы, инновациялық ойындар мен әдістемелердің авторы Гүлзи Нәби интерактивті форматта таныстырды.

Алғашқы күн «еркін микрофон» форматымен аяқталды. Онда қатысушылар жиынды қорытындылап, өзара пікір алмасты және алған тәжірибелерін күнделікті кәсіподақ жұмысында қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Семинардың екінші күнінде БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча бейнежолдау жасады. Ол Қазақстанның ХЕҰ-ның негізгі конвенцияларын бекіткенін айта келе, кәсіподақтарға ұжымдық шарттардың сапасын арттыруға, кәсіподақ жанындағы гендерлік қолдау орталықтары сияқты көмек көрсету жүйесін дамытуға және шешім қабылдау үдерісіне әртүрлі саладағы әйелдердің өзін қатыстыруға баса назар аударуды ұсынды.

Бұл басымдықтар БҰҰ-ның Қазақстанмен 2026-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына толық сай келеді. Республикалық Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия төрағасы Индира Сақауова әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру, олардың кәсіби және қоғамдық бастамаларын қолдау, сондай-ақ басқару үдерістеріне белсенді қатысуына мүмкіндік жасау мәселелерін ортаға салды. Сондай-ақ ол БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының Салалық кәсіподақ қызметінің басым бағыттарымен өзара тығыз байланысын ашып көрсетті.

Тарихи және сабақтастық контекстін ашу мақсатында Гендерлік комиссия мүшесі, археолог Яна Лукпанова «Алтын Ханшайым» табынған Тақсай қорғанындағы археологиялық олжалар арқылы бұрынғы заманда әйелдердің қоғамдағы орны мен мәртебесі ерлермен тең болғанын дәлелдеді. «Жетістікке жету жолы» бөлімінде Қазақстанның Еңбек Ері атағының иегері, Батыс Қазақстан облыстық Еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрағасы Эльмара Траисова өзінің еңбек жолымен бөлісті.

– Мен үшін табыс – бір рет таңдалған жол. Мұғалім болу – өз халқыңа қызмет ету, ел болашағы үшін жауапкершілік алу деген сөз. Отыз алты жылдық еңбек өтілімнің 12 жылында кәсіподақты басқару – мен үшін үлкен мәртебе. Бейжай қарамау, өз ісіңді сүю, жауапкершілікті сезіну және әділдікке сену – менің табысымның басты формуласы, – деді еңбек сіңірген педагог. Екі күндік семинар-тренингті қорытындылаған Айгүл Мұқашева бұл жиынның әйелдердің еңбек құқығын қорғаудың нақты жолдарын талқылауға, тәжірибе алмасуға және алған білімді кәсіподақ ұйымдарының күнделікті жұмысында қолдануға мүмкіндік берген тиімді алаң болғанын жеткізді.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий