Алматыда мұғалімдердің VI республикалық спартакиадасы қорытындыланды
Алматы қаласында қазан айының 25-31 күндері аралығында ұйымдастырылған Қазақстан мұғалімдерінің VI республикалық спартакиадасында еліміздің он жеті облысы мен үш қаласынан келген 1300-ге жуық педагог спорттың түрлі бағыттары бойынша бақ сынасып, өздерінің шымырлығын, төзімділігін, интеллектуалдық әлеуетін, командалық рухын және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Спартакиаданы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК, «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ және Алматы қаласы Білім басқармасының «Қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығы» бірлесіп ұйымдастырған болатын.
Жарыс алдындағы дайындық жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп, мандаттық комиссияның отырысы өтті. Қатысушы командалардың құжаттары қабылданып, мұқият тексерілді. Жауапты мамандар мен ұйымдастырушы тараптар алдағы жарыстардың өту тәртібі мен ұйымдастырушылық мәселелерін бірлесе талқылады.
Салтанатты ашылу рәсімі ұстаздар қауымының басын қосып, мерекелік атмосферада өтті. Рәсімде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК өкілі Нұрсұлтан Бекмұрат, «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ өкілі Ернар Иманбаев, Алматы қалалық «Ұстаз» кәсіподағының төрағасы Серікжан Байгуттинов және Алматы қаласы Білім басқармасының «Қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығы» өкілі Бахтияр Елемесов сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.
Спорттың бірлік пен ынтымақты нығайтудағы маңызы ерекше атап айтылды. Спартакиада барысында мұғалімдер тоғызқұмалақ, бесасық, асық ату, баскетбол 3х3 (ерлер және әйелдер), үстел теннисі, футбол және волейбол (ерлер және әйелдер) түрлерінен бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындардар: тоғызқұмалақтар бірінші орын – Қызылорда облысы; екінші орын – Астана қаласы; үшінші орын – Қостанай облысы. Бес асық бойынша бірінші орын – Қызылорда облысы; екінші орын – Алматы облысы; үшінші орын – Астана қаласы.
Асық атудан бірінші орын – Алматы қаласы; екінші орын – Қарағанды облысы; үшінші орын – Алматы облысы. Баскетбол 3х3 (ерлер): бірінші орын – Алматы қаласы; екінші орын – Қызылорда облысы; үшінші орын – Астана қаласы. Баскетбол 3х3 (әйелдер): бірінші орын – Алматы қаласы; екінші орын – Қостанай облысы; үшінші орын – Түркістан облысы. Үстел теннисі: бірінші орын – Алматы қаласы; екінші орын – Шымкент қаласы; үшінші орын – Қызылорда облысы. Футбол бойынша бірінші орын – Алматы облысы; екінші орын – Жамбыл облысы; үшінші орын – Ақтөбе облысы.
Волейбол (әйелдер) ойыны бойынша бірінші орын – Шымкент қаласы; екінші орын – Алматы қаласы; үшінші орын – Шығыс Қазақстан облысы. Волейбол (ерлер) бойынша бірінші орын – Қызылорда облысы; екінші орын – Алматы қаласы; үшінші орын – Ақтөбе облысы. Мұғалімдер спартакиадасы – ұстаздар қауымының спортқа деген қызығушылығын арттырып, саламатты өмір салтын насихаттауға, әріптестік байланысты нығайтуға және өңірлер арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған маңызды спорттық іс-шара болып саналады.
Әр команданың жетістігінің артында тыңғылықты дайындық, табандылық пен өзара қолдау тұр. Спартакиада өңірлерден келген әріптестердің жақынырақ танысуына, кәсіби байланыстарын нығайтуына жаңа серпін бергені даусыз. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте жүлделі орындарды иеленген: бірінші орын – Алматы қаласының құрама командасы; екінші орын – Қызылорда облысының құрама командасы; үшінші орын – Ақтөбе облысының құрама командалары марапатталып, сертификаттар мен дипломдарға ие болды.
Спартакиаданың салтанатты жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК бас директорының м.а. Н.Дрейт және «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Айгүл Мұқашева қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Айгүл Мақсатқызы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтап, барлық қатысушыларға белсенділік танытып, жарысқа жоғары деңгейде атсалысқандары үшін алғысын білдірді. Ұстаз мәртебесінің асқақтауы мен абыройының арта беруі жолында Салалық кәсіподақ өз үлесін қосары сөзсіз.
Ернар ИМАНБАЕВ,
Салалық кәсіподақтың Орталық комитет Аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы


