Жастар және жаңашылдық: болашаққа бағдар

«Ұстаз» Алматы қалалық жергілікті кәсіподағының бастамашылдығымен қазан айының 31-і, яғни өткен аптаның сенбі күні «Жастар және жаңашылдық: болашаққа бағдар» атты қалалық жастар форумы ұйымдастырылды. Бұл бірегей басқосу – жастардың жаңа идеяларын жүзеге асыруға, өз әлеуетін ашуға және болашаққа нық қадам жасауға бағытталған маңызды алаң ретінде ерекшеленді.

Форумға Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Мұқашева Айгүл Мақсатқызы; Салалық кәсіподақтың ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы Иманбаев Ернар Серікқалиұлы; аудандық филиалдардың төрағалары; Алматы қаласының білім беру саласында еңбек етіп жүрген жалынды жастары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, жаңашыл идеяларын қолдау және болашаққа деген сенімін нығайтуды көздегендігімен де ерекше маңызға ие деуге негіз бар. Форумды «Ұстаз» АҚЖКО төрағасы Серікжан Қадралинович Байгуттинов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар Мұқашева Айгүл Мақсатқызы сөз алып, қатысушыларды құттықтады. Бағдарлама аясында жастар бірнеше бағыт бойынша өз білімдері мен қабілеттерін сынап көрді.

«Құқығыңды таны – болашағыңа жол аш!» тақырыбындағы командалық жұмыс барысында құқықтық сауаттылық мәселелері талқыланды. Бұл мәселе бойынша командалық жұмысты «Ұстаз» кәсіподағының заңгерлері М.Турлыбекова мен Л.Көпбаева викторина түрінде өткізді. Ал «Болашақты өзің жаса!» атты жастар баттлында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, белсенділік пен тапқырлық танытты. Командалық жұмысты №107 лицей директорының орынбасары Т.Абантаева ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметтерге сүйенсек, сонымен қатар, «Білім берудегі жасанды интеллект: көмекші ме, әлде қауіп пе?» тақырыбында командалық жұмыс өткізіліп, жасанды интеллектінің білім беру саласындағы мүмкіндіктері мен ықтимал қауіптері қарастырылған. Осы тақырып бойынша сөз кезегін Алматы қаласы бойынша креативті индустриялар қорының өңірлік үйлестірушісі О.Шарипов пен Kaspi Bank-тың әзірлеушісі М.Машрапов алғанын білдік.

Форум соңында жастармен кезекті жүздесудің қорытындысы жасалып, белсенді қатысушылар марапатталды. Одан кейін іс-шара ашық алаңда тимбилдинг форматында жалғасын тапты. Бұл бөлім жастардың бір-бірімен жақынырақ танысуына, командалық рухты қалыптастыруға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий