Teaching Conference 2026: оқытудың жаңа тәсілдері және жоғары білім беруді дамыту

2026 жылғы 27–28 қазанда Астанадағы Nazarbayev University-де өткен Teaching Conference 2026 халықаралық конференциясына Қазақстан мен шетелдерден 200-ге жуық қатысушы жиналды. Олар оқыту сапасын арттыру, оқытушылардың кәсіби дамуы және жоғары білім берудің болашағы мәселелерін талқылады. Конференцияны Nazarbayev University-дің Жоғары білім беру мектебі (Graduate School of Education, NUGSE) университеттің басқа мектептерімен, сондай-ақ Ұлыбританияның Advance HE және Quality Assurance Agency for Higher Education (QAA) ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ұлыбритания, АҚШ, Үндістан, Филиппин, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мексика және Түркия университеттерінің оқытушылары мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шараның тақырыбы – The Teaching–Faculty Nexus for Excellence: Partnerships to Enhance Quality in Higher Education («Оқыту сапасы мен академиялық қауымдастықтың өзара байланысы: жоғары білім сапасын арттыру жолындағы серіктестік»).

Қатысушылар оқытушылардың кәсіби құзыреттерін дамыту, академиялық көшбасшылық, инклюзивті бағалау, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану, сондай-ақ білім сапасын қамтамасыз ету және жетілдіру тәсілдерін талқылады.

Конференцияны ашқан Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебінің деканы, академиялық жоспарлау және бюджеттеу жөніндегі вице-провосты, доктор Аида Сагинтаева оқыту сапасы оқытушылардың кәсіби біліктілігіне ғана емес, университеттердің олардың дамуына қаншалықты қолайлы жағдай жасайтынына да байланысты екенін атап өтті.

«Біз оқыту сапасына қатысты мәселе деп қарастыратын көптеген түйткіл, кем дегенде, ішінара университеттердің ішкі құрылымы мен жұмыс жүйесіне байланысты», – деді Аида Сагинтаева.

Оның айтуынша, университеттер оқытушылардан ғылыми зерттеу жүргізуде, сабақ беруде және ғылыми жетекшілік етуде жоғары нәтиже күтеді. Алайда педагогикалық тәжірибесін жетілдіруге әрдайым жеткілікті уақыт пен мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан білім сапасын бағалаумен қатар, оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуына, бірлесіп жұмыс істеуіне және кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуына жағдай жасау маңызды.

Конференция бағдарламасында халықаралық сарапшылардың баяндамаларына да маңызды орын берілді. Advance HE және QAA өкілдері оқытушылардың кәсіби құзыреттерін дамыту, өз тәжірибесіне талдау жасау және білім беру үдерістерін жетілдіру жолдары туралы ой бөлісті.

Advance HE ұйымымен ынтымақтасатын, Oxford Brookes University және De Montfort University-де қызмет ететін профессор Роджер Далримпл (Roger Dalrymple) оқытушылар арасындағы тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.

«Оқытушылар бір-бірінен көп нәрсе үйрене алады. Әсіресе өздерінің оқыту тәжірибесін бірлесіп талқылауға мүмкіндік беретін рефлексия құралдарын пайдаланса, оның пайдасы зор», – деді сарапшы.

Ол кәсіби дамуға көмектесетін құралдардың бірі ретінде Advance HE ұйымының Кәсіби стандарттар шеңберін (Professional Standards Framework, PSF) ұсынды. Бұл шеңбер оқытушыларға өз тәжірибесін саралап, әріптестерімен оқыту тәсілдерін талқылауға мүмкіндік береді.

Конференцияға шақырылған басқа сарапшылар қатарында QAA ұйымының сапаны қамтамасыз ету және жетілдіру жөніндегі атқарушы директоры доктор Роб Страуд (Dr Rob Stroud) пен Advance HE ұйымының халықаралық серіктестік жөніндегі менеджері Дэниел Шерратт (Daniel Sheratte) болды.

Қатысушылар генеративті жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану мәселесіне де ерекше назар аударды. Michigan State University профессоры Даг Хартман (Doug Hartman) жасанды интеллектіні пайдалану студенттердің жеке қажеттіліктерін ескеріп, олардың дербестігін сақтауға және сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал етуі керектігін айтты.

Оның пікірінше, оқытушылар жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, студенттермен оларды тиімді әрі этикалық тұрғыдан дұрыс пайдалану қағидаларын да талқылауы қажет. Сарапшы сондай-ақ асығыс қорытынды жасамай, түрлі тәсілдерді сынап көруге және генеративті жасанды интеллектіні оқу үдерісінде қолданудың шегін саналы түрде айқындауға шақырды.

Конференцияның тағы бір маңызды тақырыбы – білім сапасын жетілдіру болды. Қатысушылар сыртқы бағалау, аккредиттеу және студенттердің кері байланысы білім беру стандарттарына сәйкестікті растаумен ғана шектелмей, оқыту мен білім алуды нақты жақсартуға қалай ықпал ете алатынын талқылады.

Конференция жоғары білім беруді дамытуда халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби диалогтың маңызын көрсетті. Әртүрлі елдердің университеттері мен сарапшылары арасында тәжірибе алмасу ортақ мәселелерді талқылауға, тиімді тәсілдерді зерделеуге және оларды ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.

Teaching Conference 2026 Nazarbayev University-де осындай кәсіби диалог орнатуға арналған жаңа алаңға айналды. Алдағы уақытта конференцияны тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Бұл академиялық қауымдастық өкілдерінің басын қосып, оқыту, оқытушылардың кәсіби дамуы және жоғары білім сапасын арттыру мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий