Ақтөбелік педагог республикалық байқауда жүлдегер атанды

Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Әсел Қазкелдинқызы Дүйсенова Асқар Ислямов атындағы «Үздік педагогикалық эссе» төртінші республикалық байқауында жүлделі үшінші орынға ие болды. КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Асқар Ислямовтың есімін ұлықтауға арналған бұл байқау Шығыс Қазақстан облысындағы Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің базасында ұйымдастырылған болатын.

Ізгілікті іс-шараның негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби көзқарасын дамыту, білім беру саласындағы өзекті мәселелерге қатысты авторлық пікірлерін қалыптастыру, озық педагогикалық тәжірибені тарату және ұстаз мәртебесін арттыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, қатысушылардың шығармашылық жұмыстары білім беру саласындағы инновациялар, тәрбиелік және педагогикалық идеялармен байытылған әрі терең мазмұнымен ерекшеленген екен.

Бәсекелестік барысында педагогтер таңдаған мамандықтарының негізіндегі кәсіби жетістіктерін ғана емес, сонымен қатар білім беру саласын дамытуға бағытталған тың ұсыныстарын ортаға салыпты. Осы орайда бұл байқауды педагогтердің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша білімдерін жетілдіру арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу барысында білім беру саласындағы тың идеялар мен озық тәжірибелерді кеңінен насихаттауға үлкен мүмкіндік болғаны даусыз.

Бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Республикалық деңгейдегі кезекті байқаудың ашылу салтанатына Асқар Ислямовтың әулеті мен ағайын-туыс және бауырлары қатысып, шығармашылық сайысқа түсуші үміткерлерге сәттілік тілегенін жергілікті журналистер жарыса жазды. – Мұғалім – мамандық, ал ұстаздық – табиғатынан берілетін дара қасиет. Шәкірттердің бойына қуат, жүрегіне жарық сәуле, өміріне өзек болып, өрге сүйрейтін ұстаздық деген ұлы есімді өмір бойы сақтап келіп, кезінде еңбегін бағалата білген танымал тұлғаның атындағы педагогикалық эссе байқауы – бір кісіні, бір тұлғаны марапаттау емес, ұлағатты ұстаз, педагог деген ұғымды ұлағаттау, – деді ізгі ниетін білдірген олар.

– Ұстаздықты қоғамда әлеуметтік жағынан қолдау, мәртебесін көтеру мақсатында өткізу болса. Ал оған қатысушылардың әр өңірден келген үздік ұстаздардың іс-тәжірибесін болашақ мамандар байыпты бағыт-бағдар, бағдаршам ретінде қабылдайтындығына сенім мол. Бұл байқаудың басты ұстанымы – алты ғасырға жуық ұстаздар династиясының негізін қалаушы Асқар Ислямовтың сара жолын, сонымен қатар ұстаз деген ұлы атты ұлықтау. Сондай-ақ осы әр аймақтан келген жеңімпаздардың арасындағы үздіктерді анықтап, оларды марапаттау. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі», – деп ардақты ақын ағартушымыз Мағжан Жұмабаев айрықша атап айтқандай, мұғалімнің мәртебесін арттыруға бағытталған қадамдардың бірі ретінде бағалана бастағаны бәріміз үшін зор мақтаныш.

Асқар Ислямовтың мұрасы көпті таңғалдырады. Себебі ол кісі үлкен педагогикалық жұмыс жасаған, қазаққа ортақ дүние қалдырған. Біз қазіргі таңда көптеген шетелдік ғалымдарды мысалға келтіреміз: Каменский, Монтессориді бірақ қазақ ұстаздары, қазақтың педагогика ғылымдарына сіңірген ұлағатты ұстаздардың еңбектері аталмай жатады. Сол ұлағатты ұстаздарымыздың бірі – Асқар Ислямов. Осы кемел кейіпкердің мол мұрасын жаңғыртуда, артынан қалған педагогикалық ғылыми дүниелерін жаңғыртуда бұл бірегей байқаудың мәні мен маңызы зор, – деді сөз сөйлеген спикерлер.

Білімді ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздың кәсіби білігі мен азаматтық ұстанымына тікелей байланысты. Осы ретте республикалық байқаулар тек тәжірибе алмасып қана қоймай, білім беру саласындағы жаңа бастамаларды ортаға салуға мүмкіндік берді. Қорытынды кезеңде үздік нәтиже көрсеткен көшбасшы қатысушылар марапатталып, кәсіби шеберлігі мен тың ізденісі бағаланады. Бұл – білім саласындағы озық әдіс амалдарды лайықты түрде жан-жақты дәріптеп, жаңашыл ұстаздардың еңбегіне жол ашатын маңызды бастама.

«Қазақстандық оқу-ағарту,
ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық кәсіподағының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий