Жүрек жылуы мен жүйелі қолдау
«Мектепке жол» акциясы аясында көрсетілген қамқорық – бұл тек материалдық көмек емес, ең алдымен балалардың жүрегіне жылу ұялатып, олардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтатын игі іс.
Халқымыздың «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген дана сөзі осы бастаманың мәнін дәл жеткізеді: балаға жасалған бір қадам – оның өміріндегі үлкен өзгеріске айналады. Себебі әр бала – ұлттың ертеңі, қоғамның тірегі. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 10 мың 970 оқушыға материалдық көмек көрсетілді. Барлығы бір жүз елу сегіз миллион үш жүз мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бөлінген қаражат балаларға ең қажетті заттарды сатып алуға жұмсалды.
Сондықтан Салалық кәсіподақ пен мүшелік ұйымдардың бұл бастаманы жүйелі түрде жалғастырып, жыл сайын мыңдаған оқушының мектепке жолын ашып, қуанышын бөлісуі – нағыз адамгершілік пен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісі. 2009 жылы басталған бұл республикалық акцияның негізгі мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған болатын.
Еліміздегі әрбір жүрегі кең, мейірімді азаматтың қолдауы – балалардың сапалы білім алуына қосылған маңызды үлес. Қайырымдылық қолдау жасап, көмек көрсеткен жанашыр жандардың қосқан әрбір үлесі көптеген оқушы мен ата-аналарына қоса жақындарының қуанышқа бөленуіне мол мүмкіндік сыйлайтындығы айдан анық. Негізгі ұстаным – әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан ұл-қыздарға атаулы көмек көрсету және әрбір балаға қамқорлық жасап, мемлекттік құрылымдар мен қоғамдық ұйым және мүмкіндігі бар жекелеген тұлғалар, орта және шағын бизнес өкілдері мен әлеуетті кәсіпорындар тарапынан жеткілікті назар аударылуы болатын.
Баршамызға ортақ міндет – барлық баланың жайлы әрі табысты білім алуы үшін тең жағдай қалыптастыру! Жақсылық жасау – үлкен жүректен. Осындай қайырымды шаралардың нақты нәтижесінде отандастарымыздың берекелі бірлікке бағытталған ізгі ниеті айқын көрінетіні хақ. «Мектепке жол» акциясы – ынтымақтастық пен өзара көмектің балалардың өмірін жақсы жаққа өзгерте алатынын дәлелдейтін бағалы бастама.
«Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әр түрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым», – деп, осы қайырымдылық шарасын ұтымды үйлестіруге қол ұшын созғандарға ризашылығымыз шексіз. Және балаларға қуаныш сыйлап, өскелең ұрпақтың келешегіне мол сенім ұялатқан барша әріптестерімізге алғыс білдіреміз.
«Қазақстандық оқу-ағарту,
ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі
