Нормативтік оқу жүктемесі аптасына 16 сағат, ал бастауыш сынып мұғалімінің оқу жүктемесі 15 сағатты құрайды. Егер оны нормативке дейін басқа педагогикалық жұмыспен толықтырса, жалақы толық көлемде төленеді ма?
Иә, заңнамада көзделген шарттар сақталған жағдайда төленеді.
ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 8-бабы 3-тармағына сәйкес мемлекеттік орта білім беру ұйымдары педагогтарының айлық жалақысын есептеу үшін нормативтік оқу жүктемесі аптасына – 16 сағатты құрайды.
Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтарының жалақысын есептеу тәртібі ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрығымен айқындалады (әрі қарай – Қағидалар).
Қағидалардың 17-тармағана сәйкес нормативтік оқу жүктемесі қамтамасыз етілмеген педагогтарға айлық лауазымдық жалақысы басқа қосымша педагогикалық жұмыспен 16 сағатқа дейін толықтырылған шартпен толық көлемде келесі жағдайларда есептеледі:
1) педагог-мамандарға көркем еңбек, музыка және дене шынықтыру сабақтарын беру үшін жағдай жасалған жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып мұғалімдеріне;
2) денсаулық жағдайы және басқа да себептер бойынша дене тәрбиесі және музыка сабақтарын жүргізе алмайтын жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып мұғалімдеріне;
3) өздерінің даярлығы салдарынан шет/қазақ/ орыс тілі сабақтарын жүргізе алмайтын шет тілін тереңдетіп оқытатын мектептердің бастауыш сынып мұғалімдеріне;
Қосымша педагогикалық жұмысқа:
– денсаулық жағдайы бойынша мектепке барудан босатылған оқушылармен үйде сабақ өткізу;
– уақытша болмаған педагогтарды ауыстыру;
– ұзартылған күн тобындағы тәрбие жұмысы;
– оқу-тәрбие жұмысын жүргізу жатады.
Сонымен, жұмыс беруші тарапынан бастауыш сынып мұғалімінің оқу жүктемесін нормативтік жүктемеге дейін толықтыратын жағдайда, берілген қосымша педагогикалық жұмыс еңбек шартына қосымша келісім жасасу негізінде жүктемені өзгерту туралы бұйрық шығару арқылы тарифтеу тізіміне өзгерістер енгізу жүргізілуі тиіс.