Қарағандылық мұғалімдер республикалық спартакиадада күміс тұғырдан көрінді
Алматы қаласында өткен VI Республикалық Қазақстан мұғалімдер спартакиадасында Қарағанды облысының намысын қорғап, асық ату шеберлері жүлделі екінші орынды иеленіп, өңір мерейін үстем етті. Үстіміздегі жылдың қазанның 25-і мен қарашаның 1-і аралығында Алматы шаһарында педагогтер арасындағы ең ауқымды спорттық дода VI Республикалық Қазақстан мұғалімдер спартакиадасы жалауын желбіретті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1300-ден астам ұстаз қатысқан бұл бәсекеде спорттың 7 түрінен жеңімпаздар анықталды. Осынау дүбірлі жарыста Қарағанды облысының құрамасы ежелгі ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз – «Асық ату» спортынан бақ сынап, жоғары дайындық пен нағыз кәсібиліктің үлгісін көрсетті. Қарағанды облысы намысын қорғаған саңлақтардың қатарында «Қарағанды облысы білім басқармасының Шет ауданы білім бөлімінің «Жарық тірек мектебі (РО)» КММ дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, педагог-модераторлар Ахметов Айбек Мейрамбекұлы мен Қобдабай Аблай, сондай-ақ Балқаш қаласы Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназияның ән-күй пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы – Абельдинов Таңат Сагатович болды. Ұстаздарымыз командалық сайыста бірлігі жарасқан ұйымшылдық танытты.
«Асық ату» додасына еліміздің 17 облысынан жиналған 17 кіл мықты команда қатысып, олар жеребе бойынша 4 топқа бөлінді. Жарыстың алғашқы күнінен-ақ ойындар өте тартысты әрі тартымды өтті. Шиеленісті бәсекеде топтық кезеңнен ең жоғары ұпай жинаған Жамбыл және Қарағанды облыстарының құрамалары суырылып алға шықты. Плей-офф кезеңі де біздің спортшылар үшін үлкен сын болды. Ширек финалда (¼) қарағандылық ұстаздар Түркістан облысының командасын 2:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
Ал жартылай финалда 1:2 кілем үстінде еліміздің ең мықты асықшылары жиналған Алматы облысының құрамасымен кездесіп, ерекше тактика мен дәлдіктің арқасында 2:1 есебімен жеңіс тұғырынан көрінді. Финалдық белдесуде бағы мен бабы қатар шапқан, асығы алшысынан түскен Алматы облысының құрамасымен бас жүлдеге таласып, тартысты ойын нәтижесінде Қарағанды облысы құрамасы жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады.
Қорытындысында жалпы есеппен Алматы облысы бірінші орынды, Қарағанды облысы ІІ орынды, ал Алматы қаласының құрамасы ІІІ орынды иеленді. Осындай биік белесті бағындыруда ұстаздардың артында үлкен қолдау мен қажырлы еңбек тұрғаны анық. Жеңімпаз команда өз кезегінде бапкерлік міндетті жоғары деңгейде атқарған бас жаттықтырушы – Шет ауданы білім бөлімінің әдіскері, Асық ату спортынан ұлттық дәрежедегі төреші Акижанов Еркебулан Какенұлына шексіз алғыстарын білдіреді.
Сонымен қатар жарыс барысында үнемі қасынан табылып, рухани демеу болған БҚББАҒПО «Сарыарқа дарыны» басшысының орынбасары Какетаев Асхат Каржауұлына және материалдық әрі моральдық қолдау көрсеткен Шет ауданы кәсіподақ комитетінің төрағасы Тойғанбеков Саят мырзаға команда атынан ерекше ризашылық білдіріледі. Ұлттық спорттың туын жықпай, өңір абыройын республика деңгейінде асқақтатқан ұстаздарымыздың жеңісі құтты болсын! Шәкірт тәрбиелеу мен спорттағы белестеріңіз шыңдала берсін, асықтарыңыз алшысынан түссін, құрметті ұстаздар!
Қарағанды облысындағы білім саласындағы кәсіподағының баспасөз қызметі

