TOU-ДА ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КӨШБАСШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Торайғыров университетінде Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай жасанды интеллект жобаларының көрмесі, «Digital Qazaqstan: цифрлық трансформациядан технологиялық көшбасшылыққа дейін» тақырыбында панельдік сессия және салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Панельдік сессия барысында қатысушылар Қазақстанның цифрлық дамуының негізгі бағыттарын, заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін, сондай-ақ технологиялық көшбасшылыққа жету мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу цифрлық шешімдердің экономика, білім беру және басқа да салаларды дамытудағы рөлі туралы пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Көрмеде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған жобалар таныстырылды. Қатысушылар өз әзірлемелерін әлеуетті серіктестер мен кәсіби қауымдастық өкілдеріне ұсынып, олардың тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін көрсетті.
Іс-шараның салтанатты бөлімінде түрлі байқаулардың, зияткерлік квиздердің және хакатонның қорытындысы шығарылды. Байқау бағдарламасына Halyk Bank, Freedom Bank және «Белый Ветер.KZ» компаниялары серіктес әрі демеуші ретінде қолдау көрсетті.
Сонымен қатар цифрлық бағытты дамытуға қосқан үлесі, белсенді қатысқаны және университет бастамаларын қолдағаны үшін Торайғыров университетінің оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетовтың атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шаралар оқытушыларды, студенттерді және IT саласының өкілдерін бір алаңға жинап, білім беру, ғылым және кәсіби ортадағы цифрландыру мен жасанды интеллектінің маңызын айқындады. Сондай-ақ Торайғыров университетінің цифрлық құзыреттерді дамытуға және инновациялық бастамаларды қолдауға қосып келе жатқан үлесін көрсетті.

