Ғылым мен жоғары білім саласын дамытудың негізгі жетістіктері мен басым бағыттары таныстырылды
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен «Ғылым және жоғары білім саласының негізгі бағыттары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Брифинг барысында ведомство басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды. Атап айтқанда, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, студенттерді әлеуметтік қолдау, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту, жасанды интеллект технологияларын енгізу, ғылыми әлеуетті нығайту және ғылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға ерекше назар аударылды.
Министрдің айтуынша, елімізде жоғары білімнің қолжетімділігін кеңейту және азаматтардың білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылданып келеді. Соңғы жеті жылда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 655,7 мың мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Сонымен қатар 240 мыңнан астам білім беру жинақтау салымы ашылды. Оның ішінде «Келешек» бағдарламасы аясындағы 120 686 салымның жалпы сомасы 49,8 млрд теңгені құрайды.
Студенттерді әлеуметтік қолдау және білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылған. 2020 жылмен салыстырғанда студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты. 2018-2025 жылдар аралығында елімізде жалпы сыйымдылығы 72 125 орын болатын 281 жатақхана салынып, қайта жаңартылды. Нәтижесінде жатақхана орындарының тапшылығы 16 есеге жуық, яғни 82,5 мыңнан 5 176 орынға дейін қысқарды. Қазіргі уақытта Алматы қаласын қоспағанда барлық өңірде студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы жойылды.
Осы орайда Саясат Нұрбек жоғары білімнің қолжетімділігі студенттердің әлеуметтік жағдайымен және сапалы білім алуына жасалған мүмкіндіктермен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру және студенттерге қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Біздің міндетіміз – жастардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, олардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта мемлекеттік гранттар саны ұлғайтылып, шәкіртақы мөлшері арттырылды, жатақхана тапшылығын кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді министр.
Қазақстанның өңірлік білім беру хабы ретіндегі әлеуетін нығайту мақсатында халықаралық академиялық ынтымақтастық кеңейтіледі. Бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының 33 филиалы ашылған. АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея және басқа да мемлекеттердің жетекші университеттерімен бірлескен жобалар жүзеге асырылады. Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны 41 мыңға жуықтады. Ал шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында 12 мың студент білім алады. Сонымен қатар Cardiff University, Coventry University және МИФИ үшін жеке кампустар салынып, шетелде отандық университеттердің бес филиалы ашылды.
Қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингтердегі позициялары да нығайып келеді. QS World University Rankings 2026 рейтингіне еліміздің 18 жоғары оқу орны енді. Times Higher Education World University Rankings 2027 рейтингінде Nazarbayev University алғаш рет әлемнің үздік 400 университетінің қатарына енді. Жалпы аталған рейтингте Қазақстанның 10 жоғары оқу орны ұсынылған.
Жоғары білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкес кадрлар даярлау. Осы мақсатта 73 мың кәсіпорын арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде экономикаға 400 мыңнан астам маман қажет екені анықталды. «Мамандығым – Болашағым» жобасы аясында барлық 20 өңірде кадрларға қажеттіліктің өңірлік карталары әзірленді. Сондай-ақ 10 жоғары оқу орнында индустриялық PhD даярлаудың пилоттық бағдарламасы іске асырылып, 312 докторант білім алады.
Министр жоғары білім беру жүйесін жаңғыртудағы негізгі басымдықтардың бірі жасанды интеллект технологияларын енгізу екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта 31 университетте осы бағыт бойынша 44 білім беру бағдарламасы іске асырылады. AI-Sana бағдарламасы аясында 706 мың студент оқытылып, жоғары оқу орындары 515 жасанды интеллект жобасын әзірледі. Сонымен қатар Qazaq AI Research University ашылып, Coursera, Huawei ICT Academy және ChatGPT Edu жобалары жүзеге асырылады», – деді Саясат Нұрбек.
Баспасөз конференциясының екінші бөлігінде министр ғылым саласындағы реформалар мен қаржыландырудың жаңа тетіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, Ұлттық ғылым академиясына Президент жанындағы ерекше мәртебе беріліп, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң қабылданып, ғылыми қызметті басқару, зерттеушілерді қолдау және ғылыми нәтижелерді экономикаға енгізу тетіктері жетілдірілді. Сонымен қатар «Қазақстан ғылымы» бірыңғай цифрлық ақпараттық жүйесі қалыптастырылып, оны мемлекеттік сервистермен интеграциялау жұмыстары басталды.
Ғылымды қаржыландыру көлемі соңғы жылдары айтарлықтай артты. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар 2019 жылғы 82,3 млрд теңгеден 2025 жылы 261,5 млрд теңгеге дейін өсіп, 3,2 есеге ұлғайды. Ал гранттық қаржыландыру аясындағы ғылыми жобалардың саны 1 325-тен 3 135-ке жетті.
Ғылыми кадрларды қолдау бағытында да жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің кәсіби мәртебесі заңнамалық деңгейде бекітіліп, еңбекақысы мен ғылыми атақтары үшін төленетін үстемеақылар ұлғайтылды. 2019-2025 жылдары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын зерттеушілер саны 28 374-ке дейін, ал жас ғалымдар саны 9 704-тен 14 323 адамға дейін өсті.
Жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылуда. Бұған дейін 812 жас ғалымға пәтер кілті табысталды. Сонымен қатар тұрғын үйді кредиттеу бағдарламасы бойынша 2025 жылы 270 пәтер бөлінсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 807 пәтерге жетті.
Бұдан бөлек, елімізде ғылыми-технологиялық әлеуетті дамыту мақсатында ғылыми қалашықтарын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2035 жылға дейін Алматы, Курчатов және Астана қалаларында үш ғылым қалашығын құру жоспарланған. Олар ғылыми ұйымдар, университеттер мен жоғары технологиялық кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және жаңа технологиялық жобаларды іске асыруға бағытталмақ.
Брифинг қорытындысында министр ғылым және жоғары білім саласында жүзеге асырылып жатқан шаралар адами капиталды дамытуға, білікті мамандар даярлауға, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға және еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.





