Екібастұздық жас домбырашы мен қобызшы халықаралық байқауда жүлдегер атанды
Астана қаласындағы ҚазҰӨУ орталығында «Астана – Мерей» XXII халықаралық орындаушылар байқауы өтті.
Байқауға Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыка мектебінің тәрбиеленушілері қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
«Қылқобыз» номинациясы бойынша 40-қа жуық орындаушының арасынан 6–9 жас аралығындағы кіші топта өнер көрсеткен Орынбаев Асхат Мадиярұлы II орынға ие болды. Жетекшісі – Нартбаева Гүлшат Дюсенғалиқызы.
Ал «Домбыра» номинациясында 54 орындаушының арасынан 10–12 жас аралығындағы орта топта өнер көрсеткен Муритов Санжар Асхатұлы III орынға лайық деп танылды. Жетекшісі – Татымбек Рустам Татымбекұлы.
Бұл жетістіктер – жас өнерпаздардың тынымсыз ізденісі мен еңбегінің, ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен табанды жұмысының нәтижесі.
Жас өнерпаздарымызды және олардың жетекшілерін жарқын жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да өнер жолында биік белестерді бағындырып, толағай табыстарға жете берулеріне тілектеспіз!

