Павлодарлық педагогтер республикалық кәсіби шеберлік байқауында топ жарды
Жетісу облысында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында «Сервис және қызмет көрсету» саласы бойынша Республикалық кәсіби шеберлік конкурс мәресіне жетті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген білікті мамандар бас қосқан бәсекеде Павлодар облысының намысын қорғаған қос педагог жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, жерлестеріміз байқаудың екі бірдей бағытында озық шеберліктерімен көзге түсті:
— «Шаштараз өнері» құзыреттілігі бойынша 1-орынды «Павлодар қызмет көрсету саласы колледжі» КМҚК оқытушысы Жанар Маратовна Турдубекова иеленді;
— «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша II орынды «Павлодар технологиялық колледжі» ШЖҚ КМК өндірістік оқыту шебері Альвина Равильевна Гарипова жеңіп алды.
Бұл жарқын жетістіктер — павлодарлық педагогтердің тынымсыз еңбегінің, өз кәсібіне деген шексіз адалдығы мен үздіксіз ізденісінің айқын көрінісі. Өңіріміздің кәсіптік білім беру саласының беделін республикалық деңгейде лайықты танытқан әріптестерімізді шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да толағай табыстар мен шығармашылық шабыт тілейміз!

