ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ КІТАПТЫҢ РӨЛІ
Кітап оқитын ұлт – ойлайтын ұлт атты танымдық-рухани кездесу мен пікірталас әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасының электрондық залында химия және химиялық технология факультеті жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының оқытушылары Р.Г. Рыскалиева, Б.Д. Балғышева., Л.К. Бейсембаева., Н.С. Далабаева және кітапхананың деректер әкімшісі Абдулла Нұрхан Мадиярұлы, есептеу орталығының қызметкері Орынбаева Айжан Сансызбайқызының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, цифрлық заманда дәстүрлі және электронды кітаптың маңызын түсіндіру, сондай-ақ жастардың сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту.
Жиынды кіріспе сөзбен ашқан химия және химиялық технология факультетінің оқытушысы Р.Г. Рыскалиева кітаптың адамзат тарихындағы орнына тоқталып, оның адамды дұрыс шешім қабылдауға үйрететін рухани қайнар көз екенін атап өтті. Ал оқытушы Н.С. Далабаева бүгінгі ақпарат ағыны мен жасанды интеллект заманында экраннан оқу мен кітапты терең оқудың айырмашылығына назар аударып, студенттерге ойландырарлық сұрақтар қойды.
Кітапхана қызметкерлері Абдулла Нұрхан Мадиярұлы мен Орынбаева Айжан Сансызбайқызы электрондық кітапхана мүмкіндіктерін таныстырып, жастармен «Кітап – рухани қазына» атты ашық пікір алмасу ұйымдастырды. Студенттер соңғы оқыған кітаптары туралы айтып, әлеуметтік желідегі қысқа ақпарат пен кітап оқудың ерекшеліктерін қызу талқылады.
Шараның ең тартысты бөлігінде Б.Д.Балғышева мен Л.К.Бейсембаева «Дәстүрлі кітап па, әлде электронды кітап па?» атты пікірталасты жалғастырды. Қатысушы студенттер қағаз кітаптың айырмашылығы мен электронды кітаптың ыңғайлылығын салыстырып, өз көзқарастарын дәлелдеді. Тартысты талқылау барысында екі құралдың да бір-бірін жоққа шығармайтыны, керісінше білім алудың тиімді тәсілдері екендігі туралы ортақ тұжырым жасалды.
Сонымен қатар, «Бір кітап – бір ой» шығармашылық тапсырмасы барысында студенттер өздеріне ерекше әсер қалдырған әдеби туындыларды таныстырды. Рефлексиялық бөлімде жастар өздерінің алдағы уақыттағы оқу мақсаттарын айтып, қорытынды сөз сөйлеген Б.Д. Балғышева ізденімпаз ұлттың болашағы әрқашан жарқын болатынын жеткізді. Шара соңында ұйымдастырушылар мен белсенді студенттер рухани кештің маңыздылығын атап өтіп, бір-біріне алғыс білдірді.
х.ғ.к., доцент Р.Г. Рыскалиева
х.ғ.д., проф.мінд.атқарушы Б.Д. Балғышева
х.ғ.к., доцент Л.К. Бейсембаева
х.ғ.к. аға оқытушы Н.С. Далабаева

