Мемлекеттік деңгейде инклюзивті білім беруге айрықша назар аударылады
– Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде, – деген болатын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ биылғы қазан айының 28-і күні барша отандастарымызға арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбындағы кезекті Жолдауында. Биылғы наурыздың он бесінде республикалық референдумның нәтижесінде жалпы халықтың даусымен қабылданып, шілде айының бірі күні заңды күшіне енген Қазақстан Республикасы Конституциясының ҚР Президенті аталатын үшінші бөлімнің 46-бабында: «Қазақстан Республикасының Президенті: – Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды», – деп жазылған.
Алматы облысы білім басқармасының баспасөз қызметі жариялаған мәлімет бойынша Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын халыққа түсіндіру бойынша республикалық үгіт-насихат тобының мүшелерінің Қонаев қаласындағы жергілікті білім саласы қызметкерлерімен кездесуін ашу барысында жергілікті салалық құрылымның басшысы Қайрат Жұманов кезекті мәрте білім беру сапасын арттыруға, мектеп инфрақұрылымын дамытуға, инклюзивті білім беруді жетілдіруге және педагогтердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылғанын атап айтты. Сонымен қатар мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, қағазбастылықтан арылту, ұстаздардың абырой-беделін қорғау және білім беру жүйесіне заманауи технологияларды енгізу бойынша нақты міндеттер белгіленіп отырғанын жеткізгені белгілі болды.
ҚР Құрылтайының бірінші шақырылым депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Жылқыбаева Президент Жолдауындағы негізгі бағыттардың бірі санатында білім саласының алдында тұрған маңызды мәселелерге екпін түсірді. – Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында ұстаз мәртебесін көтеру мәселесіне айырықша тоқталды. Бұл – тұтас қоғам алдындағы міндет. Ал екінші мәселе – ұстаздар жүктемесін азайту. Бүгінде білім беру саласындағы цифрлық платформалардың көбеюі жүктемені арттырып жіберді. Сондықтан кей мәселелерді қайта зерделеу қажет. Бүгінде ерекше балаларға білім беруді тек мектепке міндеттеп қойдық. Бұл дұрыс емес. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау мекемелері де қолұшын беруі қажет. Сондай-ақ мұғалімдердің жеке деректеріне де баса назар аударуымыз керек, – деді ол.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, танымал журналист, Қазақстан Журналистер академиясының академигі Нұртөре Жүсіптің айтуынша, Мемлекет басшысы қашанда білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Әрине, қазіргі кезде білім беруде цифрлық технология мен жасанды интеллектіге сұраныс жоғары. Бірақ бұл үрдістің кемшіліктері болуы мүмкін. Өйткені қазіргі жас ұрпақ жасанды интеллектіге тым иек артып кетсе сыни ойлау мен дербес шешім қабылдаудан қалуы мүмкін. Сондықтан ұстаздар арманына адал, елге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеуі керек. Президент бұған дейінгі Жолдауларында да ұрпақ тәрбиесі ел болашағы үшін маңызды екенін сан мәрте айтқан болатын. Өйткені адам капиталынан асқан байлық жоқ.
ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың сөзіне сүйенсек, Президент Жолдауында ел экономикасына серпін беретін, қаржы нарығын реттейтін бастамаларға, сонымен қоса инвестиция тартуды үйлестіру мәселесіне баса назар аударылғаны анық. «Халықтық құрылыс» бастамасында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға көңіл бөлініп, осы бағытта жаңа мектептер мен балабақшалар салынатынына, бұл өз кезегінде үшауысымды мектептер санын азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік беретініне тоқталды. Кездесуде ұстаздар қауымы үгіт-насихат тобының мүшелеріне инклюзивті білім, мектептерді күрделі жөндеуге қатысты сұрақтар қойып, ашық пікір алмасты.
Елімізде инклюзивті білім беруге арналған жиырма жаңа мектеп ашылмақ. Ол орталықтарда балалар білім алып қана қоймай денсаулығын жақсартып, қоғамға бейімделу кезеңінен өтеді. Әр білім ошағында аз дегенде мың оқушы оқиды. Жоба Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асатын болады. Ресми деректерді санамаласақ, бүгінгі таңда еліміз бойынша арнайы оқу-сауықтыруға мұқтаж 237 мыңнан астам бала бар екен. Оның тоқсан пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық курстардан өтіп жүр.
Шығыс Қазақстандық сарапшы мамандардың айтуынша, соңғы жылдары инклюзивті білім беруді қажет ететін балалардың саны едәуір артқан. Өскемендік Насима Усманова ұлының ерекше екенін балабақшаға барған кезде бірақ білген. Содан бері үздіксіз оңалту шараларына қатысады. – Баламның денсаулығындағы ауытқуларды байқағаннан кейін біз арнайы осы мектепке баланы бердік. Көп болмаса да жетістіктер жетіп жатыр. Жазуды үйренді, есепті жақсы шығарады. Бұл да менің балам үшін үлкен жетістік. Баланың әр қадамына қуанып отырамыз, – деді ол жергілікті журналистермен жүздесуінде.
Дегенмен бұл саланың біліктілері тапшы. Тек шығыстағы арнайы білім беру мекемелерінде сексенге жуық кәсіби маман жетіспейді. Әсіресе дефектолог мамандарына сұраныс жоғары. Кадр мәселесін шешу үшін республика бойынша инклюзивті білім беру саласына мамандар даярлауға жыл сайын сегіз жүз грант бөлінетін көрінеді. – Соңғы уақытта инклюзивті қолдау кабинетіне келетін балалардың саны жыл сайын артып келе жатыр. 2019 жылы он оқушы болса, қазір қырық төртті құрап отыр. Яғни, бұл балалармен жұмыс істеу барысында әртүрлі жағдайлар кезігеді, – дейді арнайы педагог Жансая Манарбекова.
– Бірақ соның бәріне мойымай, жыл сайын екі баладан нормативті балалар қатарына ауыстырып жатырмыз. Қазір елімізде ерекше балаларға арналған бес жүз қырық арнайы ұйым бар. Оның ішінде бір жүз арнайы мектеп пен 49 балабақшаға қоса бір жүз жиырма алты психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес және 220 түзету кабинеті жұмыс істейді. Рас, инклюзивті білім берудің сапасын арттыру арнайы мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан биыл аймақтағы бес жүз педагогтің біліктілігін арттыру жоспарланған.
ШҚО білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың сөзіне сүйенсек, республикалық деңгейде инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған 2026-2030 жылдарды қамтитын ведомствоаралық кешенді жоспар бар. Осы ресми құжатта балалардың жеке білім алу қажеттіліктерін ерте анықтау, арнайы көмектің қолжетімділігін арттыру және кедергісіз білім беру ортасын қалыптастыру көзделген. Өңір бойынша үш жүз жиырма орындық ерекше балаларға арналған балабақша салу сынды басқа да жүйелі жұмыстарды атқаруға қажетті қаржы көлемі нақтыланғанын білдік.
Себебі осы облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13 мың 200 бала есепте тұр, ал білім беру ұйымдарына жетпіс жеті арнайы педагог қажет. Еліміздің барлық аумақтарындағы балалардың сапалы білім алуына және қажетті кешенді қолдауға қолжетімділігін кеңейту үшін жиырма өңірде оңалту және сауықтыру кабинеттері бар жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп-кешен салу қажеттілігі мақұлданған екен. Және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашу нормативін қайта қарау талабы тұр. Өйткені бұл бағытта бір консультация елу мың балаға есептелген. Бұл көрсеткішті 40 мың балаға дейін төмендету ұсынылуда.
Жаңаша өзгерістер енгізілсе, аймақтардағы консультациялар желісін кеңейтіп, балалар мен ата-аналар үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігі баршамызға белгілі. Павлодар облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10 мың 334 бала тіркелген. Екі мың төрт жүз сексен үші мектепке дейінгі ұйымдарда болса, арнайы және жалпы білім беру мектептерінде – 5770 оқушы, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде екі жүз жиырма студент білім алуда екен. Бұл балалардың 89,8 пайызы, яғни тоғыз мың екі жүз сексен алтысы оқумен қамтылғанымен, білім алу мүмкіндігінен тыс қалған 1048 ұл мын қыз барын білдік.
– Осы орайда бұл жеткіншектердің барлығы бірдей білім алудан негізсіз шеттетілген деп қарастыруға болмайтынын айта кеткен жөн. Себебі, олардың 424-і денсаулық жағдайына байланысты медициналық көрсетілімдер бойынша білім беру процесіне қатыса алмайды. Сондай-ақ үш жасқа толмаған 624 бала мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында кезекте тұр. Аймақтағы үш жүз елу алты жалпы білім беретін мектептің 341-інде немесе 95,5 пайызында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға барлық жағдай жасалған. Мектепке дейінгі ұйымдарда бұл көрсеткіш 95,6 пайызды, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 96,5 пайызды құрайды, – деп хабарлайды облыстық білім беру басқармасындағы балалардың құқығын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетова.
– Сонымен қатар инклюзивті білім беруге дайындық тек пандус пен арнайы санитариялық тораптардың болуымен шектелмейді. Ол ғимараттардың кедергісіз қолжетімділігін, арнайы оқу құралдарын, бейімделген білім беру ортасы мен тиісті мамандардың қолдауын қамтиды. Осы бағытта ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін арнайы ұйымдар желісі жұмыс істейді. Оның құрамында жеті арнайы мектеп пен мектеп-интернат пен он арнайы балабақшаға қоса төрт психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және 13 түзету кабинеті бар. Бұдан бөлек аутизмі бар балаларды қолдау орталығы қызмет көрсетеді.
Жібек Оразбайқызының мәлімдеуі бойынша, аймақтағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету және мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру жұмыстары жалғасуда. Жалпы, соңғы жылдары арнайы мектептер мен мектеп-интернаттардың материалдық-техникалық базасы 181,6 миллион теңгеге жаңартылған екен. Бұл облыста инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту ісі бірнеше бағыт бойынша қолға алынуда. Ең алдымен түзету көмегінің қолжетімділігін арттыруға мән беріледі. Нәтижесінде отыз екі инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істеп, 1026 балаға көмек көрсетуде. Сонымен қатар психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде жеті жүз жиырма екі бала қамтылған.
Биылғы жыл соңына дейін тағы 4 кабинет ашу жоспарда бар. Сондай-ақ биыл жыл соңына дейін Екібастұз қаласында жобалық қуаты бір жүз қырық орындық арнайы балабақша елдің игілігі үшін пайдалануға берілетін болады. «Дара» қорымен бірлесіп «Ерте қолдау» жобасы да іске асуда. Облыстың психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде үш ерте қолдау қызметі ашылған (Екібастұз қаласы, Павлодар ауданы, Железин ауданы). Павлодар қаласындағы №26 жалпы орта білім беретін мектеп базасында ресурстық орталық жүйелі жұмысын жүргізуде. Басты қызметі инклюзивті білім беру тәжірибесін жетілдіруге және педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.
Өкінішке қарай шалғайдағы он шақты мектепте ерекше балалардың ғимаратқа қол жеткізуіне қатысты мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Бұл мектептердің ғимараттары ескі үлгіде салынғандықтан, олардың кіреберіс бөліктерінің сәулеттік-жоспарлау ерекшеліктеріне байланысты қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бойынша белгілі бір шектеулер бар. Соған байланысты білім беру ұйымдарында кедергісіз орта қалыптастыру, ғимараттардың қолжетімділігін арттыру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына тең жағдай жасау мәселелері біртіндеп қарастырылуда.
Сондай-ақ соңғы бес жылда өңірдегі оқушы орындарының тапшылығы, апатты және тозығы жеткен мектептердің орнына жаңа нысандар салу мақсатында 5028 орынға арналған он төрт ағарту ошағы бой көтерген. Бұл білім беру ұйымдарында ерекше балалардың оқуына барлық жағдай жасалыпты. Рас, жергілікті мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарында 29 арнайы педагог жетіспейді (11 логопед, 18 дефектолог). «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жас мамандарды тарту, бағдарлама шеңберінде үй мәселесі мен көтерме жәрдемақы ұсыну сияқты қолдаулар көрсетілуде.
Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі базасында педагог-ассистент және логопед маманын даярлау топтары ашылып, облыстық білім беру басқармасы мен Ә.Марғұлан атындағы университет арасында арнайы педагогтерді даярлау және өңірдің білікті кадрларға деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы меморандумға қол қойылған. «Логопедия» және «Дефектология» бағыттары бойынша білім алатын студенттерді даярлауға, сондай-ақ, оқуын аяқтағаннан кейін олардың облыс мектептерінде еңбек етуіне жағдай жасау көзделуде.
Инклюзивті білім беру тек ғимарат пен маман мәселесі емес, сонымен қатар, балалардың мектепте өзін қауіпсіз сезінуі екені сөзсіз. Бұл бағытта барлық білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі (ППҚҚ) жұмыс жасайды. Бейіндік ведомство назарына жергілікті білім беру басқармасы тарапынан еліміздің барлық жоғары оқу орындарында «Олигофренопедагогика» бағыты бойынша мамандар даярлауды ұйымдастыру туралы ұсыныс хат жолданғанын айрықша атап айтқанымыз абзал. Бұл бастама арнайы педагогтерді даярлау жүйесін жетілдіруге және өңірлердегі білікті мамандар тапшылығын біртіндеп шешуге мүмкіндік беретіндігімен құнды.
– Ақтөбе қаласындағы №1 орта мектепте ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуына, дамуына және әлеуметтенуіне арналған заманауи қолдау кабинеті ашылды. Жаңа кеңістік ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына, қабілетін шыңдауына, жан-жақты дамуына және қоғамға бейімделуіне қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Әлеуметтік маңызы зор жоба «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылды, – деп хабарлайды осы аймақтағы салалық құрылымның баспасөз қызметі.
Басқосуға жиналғандардың назарына кабинет мүмкіндіктері таныстырылып, жеке және топтық сабақтарға арналған жағдайлар көрсетілді. Саланың кәсіби мамандары балалармен жұмыс барысында қолданатын заманауи әдістемелер туралы ақпарат берді. Жаңа инклюзияны қолдау кабинеті – балаларға кешенді көмек көрсетуге бағытталған арнайы жабдықталған (логопед, дефектолог және психолог мамандары қызмет көрсетеді). Сонымен қатар жеке және топтық сабақтарға, тынығуға арналған аймақтар, қыш бұйымдарын жасау шеберханасы мен емдік дене шынықтыруға арналған жеке кабинет бар.
Басты ерекшелігі – заманауи интерактивті құрал-жабдықтармен жабдықталуы. Әрі ұл-қыздардың тыныс алу және артикуляциялық жаттығулар жасауына, сөйлеу дағдыларын жетілдіруіне, дыбыстарды дұрыс айтуына көмектесетін «ақылды айна» ерекше назар аудартады. Білікті мамандармен өткізілетін сабақтар баланың өз бетінше әрекет етуіне, күнделікті тұрмыстық дағдыларды меңгеруіне және өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетін дамытуға бағытталған практикалық жаттығулармен толықтырылған.
Сондай-ақ балаларды еңбекке баулып, алғашқы тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға да басымдық берілген. Алдағы уақытта олар өз қолдарымен көкөніс дақылдары мен аскөк, ақжелкен және өзге де көк шөп түрлерін өсіріп, өнімдерін сатуға мүмкіндік алады. Ал дене шынықтыру сабақтарына арналған арнайы бөлме әр баланың жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, жаттығулар жасауға жайлы жағдай қарастырылған. Жаңа кабинеттің басты артықшылықтарының бірі – балалардың қажетті мамандар көмегін өздері оқитын мектептің үйреншікті ортасында алу мүмкіндігі.
Енді оларға арнайы қызмет алу үшін бірнеше мекемені аралап жүрудің қажеті жоқ. Барлық қажетті қолдау бір кеңістікте көрсетіледі. Балалармен жұмыс істейтін мамандар арнайы даярлықтан өткен. Сонымен қатар олардың кәсіби біліктілігін одан әрі арттырып, білім мен тәжірибесін жетілдіру жұмыстары да жалғасын табады. Қуатты қазақстандық компания үшін өңірдің дамуына үлес қосу – оның әлеуметтік әл-ауқатына жауапкершілікпен қараудың бір көрінісі.
Инклюзивті білім беру саласының сарапшысы, Астана қаласындағы №97 мектептің директоры әрі еліміздегі инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерін құру бастамасын жүзеге асырушылардың бірі Сәуле Теменова бұл қажетті кеңістіктердің қолжетімді білім беру ортасын қалыптастырудағы маңызы зор екеніне тоқталды. Сәуле Ермұханқызының айтуынша, арнайы жабдықталған кабинеттер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мектеп өміріне бейімделуіне және өз мүмкіндіктерін дамытуына үлкен септігін тигізеді.
– Мектеп табалдырығын аттаған әрбір бала білім алып, таным көкжиегін кеңейтуге және жан-жақты дамуға тиіс. Бұл – оның болашақта қоғамға бейімделуіне, өз орнын табуына және қатарластарымен тең дәрежеде әлеуетін жүзеге асыруына негіз болатын маңызды қадам. Сондықтан мектептерімізде инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері ашылып жатыр. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалардың алғашқы әрі ең маңызды көмекшілеріне айналған логопед, дефектолог, психолог, эрготерапевт сияқты мамандар жұмыс істейді. Олардың кәсіби қолдауы балалардың кездескен қиындықтарын еңсеруіне, қажетті дағдыларды меңгеруіне, өзіне деген сенімін арттырып, жетістіктерге жетуіне көмектеседі, – деді ол сөйлеген сөзінде.
Жаңа кабинеттің ашылуы ата-аналар үшін де ерекше маңызға ие. Өйткені бұл – балаларына кәсіби көмек алуға жасалған қосымша мүмкіндік қана емес, олардың жан-жақты дамып, қажетті дағдыларды меңгеріп, мектеп өміріне белсенді араласуына жағдай жасалғанының айқын көрінісі. Ең бастысы, ата-аналар балаларының өздерін мектеп ұжымының толыққанды мүшесі ретінде сезініп, қатарластарымен бірге білім алып, дамуына сенімді бола алады.
– Бізге, яғни ата-аналар үшін бұл – зор қуаныш әрі үлкен қолдау. Біз әрдайым балаларымыздың болашағына алаңдаймыз және олардың да өзге балалармен тең дәрежеде мүмкіндікке ие болғанын қалаймыз. Баланың дамып, жаңа нәрселерді үйреніп, өзіне деген сенімінің арта түскенін көргенде, осындай көмектің қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Балаларымызға осындай жағдай жасап, олардың қабілетіне сенім білдіріп, алға ұмтылуына қолдау көрсетіп жүрген барша жанға алғысымыз шексіз. Бұл – біз үшін баға жетпес құндылық, – деді ізгі лебізін жеткізген ата-аналар.
Жергілікті кәсіпкерлер білім беру саласын дамытуға, отбасыларды қолдауға және өңір тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға әрдайым дайын. Өйткені бизнестің жауапкершілігі тек өндірістік көрсеткіштермен шектелмейді, қоғамның дамуына қосқан нақты үлесімен де өлшенеді. Биыл облыс бойынша инклюзияны қолдау бағытында он кабинет жұмысын бастаған екен. Ақтөбе қаласындағы №1 және №8 орта мектептер жанынан ашылған екі кабинет қара алтын өндіретін іргелі ұжымның демеушілік қаражаты есебінен жабдықталып, пайдалануға берілгенін білдік.
Қаржылық қордың қолдауымен республиканың әр аймағында қырық алты инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, осы орталықтарда үш мыңға жуық оқушы қажетті көмек пен арнайы қолдау алып келеді. Ақтөбе қаласында биылғы қыркүйек айының бірінен бастап осындай кабинеттердің қызметімен шамамен 600 бала қамтылған. Демек бұл отандық өндіріс орындарының өңірге қосып отырған үлесі тек сұраныстағы өнім түрлерін ұсынудағы жылдағы жетістіктермен шектелмейтінін, сонымен қатар адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған нақты істерден де көрінетінін дәлелдейтін нақты айғақ.

– Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, өз қабілетін дамытуына мүмкіндік жасау – инклюзивті білім берудің басты мақсаты. Бұл бағыттағы қарқынды қызметті ілгері жетілдіру үшін балаларға қажетті көмекті уақытында көрсетіп, мамандардың қолдауын қолжетімді ету қажет. Менің пайымдауымша, инклюзивті білім беру тек баланы оқытуға мүмкіндік берумен шектелмеуі керек. Оның әлеуетін ашуға, өзіне деген сенімін нығайтуға және қоғамға бейімделуіне де қолдау көрсетудің мәні мен маңызы зор. Осы ауқымды саланың жергілікті өңірдегі кәсіби маманы ретінде бұл жұмыстың маңызын күнделікті тәжірибемнен жақсы білемін, – дейді Ақтөбе облысына қарасты Мәртөк аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің логопеді Перизат Жайлыбаева.
– Әр баланың даму қарқыны мен сөйлеу қабілеті сан алуан. Сондықтан баланың ерекшеліктерін ерте анықтап, жеке қажеттілігіне сай түзету жұмысын уақытында бастаған жөн. Жүйелі логопедиялық көмек баланың сөйлеу тілін дамытуға, ойын еркін жеткізуіне, өзгелермен қарым-қатынас орнатуына және оқу үдерісіне белсенді қатысуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, арнайы педагогтер мен логопедтер тапшылығын азайту, ерте диагностикалау жұмыстарын жетілдіру, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерін кеңейту және түзету кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету басты шарт.
Сала маманының сөзіне сүйенсек, сапалы көмек көрсету үшін білікті маманмен қатар қажетті жағдай да болуы керек. Баланың қажеттілігін дер кезінде анықтап, оған тиісті қолдау көрсету оның әрі қарайғы дамуына оң ықпал етеді. Сонымен бірге ата-аналар мен мамандардың бірлесе жұмыс істеуі де ерекше мәнге ие. Баланың дамуындағы ерекшеліктерді уақытында байқап, оны қолдаудың ортақ жолдарын қарастыру қажет. Отбасы мен мамандар арасындағы тұрақты байланыс баланың сөйлеу, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына көмектеседі.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауда және бір мәрте айқындалған мақсат-міндеттер нақты нәтижелерге ұласып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыратындығына сенім мол. Мен үшін ең маңыздысы – әр баланың қажетті көмекті уақытында алып, қабілетін дамытуға бағытталған мемлекеттің көмегін тиімді пайдалануы. Инклюзивті білім беруді жетілдіру арқылы балаларға ғана емес, олардың отбасыларына да қолдау көрсетеміз. Әр баланың мүмкіндігін ескеріп, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау – баршамызға ортақ жауапкершілік, – деді ол аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған пайымды пікірінің қорытындысында.
Нұрлан МЕРАЛЫ


