Атырау университеті халықаралық деңгейде жаңа белесті бағындырды
Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті тарихында алғаш рет әлемдік академиялық қауымдастық мойындаған беделді «QS World University Rankings: Asia 2027» халықаралық рейтингіне еніп, Азияның жетекші жоғары оқу орындары қатарына қосылды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі жариялаған рейтингіне еліміздің елу бір жоғары оқу орны енді.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Азияның жиырма алты елінен 1722 жоғары оқу орны қатысқан рейтингте Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап, университеттер саны бойынша Азияда оныншы орынға тұрақтады. Сондай-ақ Азияның алғашқы үздік жүздігіне қазақстандық үш университет енді. Бұл рейтинг университеттерді көптеген бағыттар бойынша бағалайды.
Соңғы жылдары отандық жоғары білім беру жүйесінде академиялық ұтқырлық, шетелдік оқытушыларды тарту және профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар арақатынасы бойынша да ілгерілеу байқалады. Атап айтқанда, қазақстандық он университет оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы, алтауы шетелге академиялық алмасу бағдарламаларымен шығатын білім алушылар үлесі бойынша үздік жүздікке кірді.
Тағы жеті жоғары оқу орны шетелдік оқытушылар үлесі жөнінен жоғары нәтижеге қол жеткізген. Осындай халықаралық бәсекеде Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті «QS Asia 2027» рейтингіне алғаш рет еніп отыр. Яғни, оқу орны 1001-1100 орындар аралығынан көрінді. Бұл – университеттің ғылыми әлеуетін арттыру, білім беру сапасын жетілдіру және әлемдік академиялық кеңістікке кірігу бағытындағы жұмыстарының жемісті нәтижесі.
Халықаралық рейтингке ену – бір реттік науқанның нәтижесі емес. Оның негізінде ұзақ мерзімді жоспарлау, институционалдық көрсеткіштерді саралау, деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету, ғылыми жарияланымдар мен шетелдік серіктестік туралы мәліметтерді жүйелеу, құрылымдық бөлімшелер арасындағы өзара байланыс сынды маңызды істер жатқаны белгілі. Бұл үдерісте Атырау университетінің стратегиялық даму кеңсесі айрықша жемісті қызмет атқарды. Кеңсенің негізгі міндеті – университеттің даму мақсаттарын нақты нәтижелермен байланыстыру, қызмет тиімділігін бағалау, институционалдық деректерді жинақтау және талдауды үйлестіру.
Сондай-ақ халықаралық рейтингтерге қатысуға қажетті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді іске асырады. Әрине, кеңсе міндеттері тек қажетті құжаттарды әзірлеумен шектелген жоқ. Басты назар университет қызметін шынайы сипаттайтын ақпараттың сапасына, деректердің өзара сәйкестігіне, құрылымдық бөлімшелермен байланысты үйлестіруге және халықаралық бағалау талаптарын оқу орнының даму жоспарларымен ұштастыруға баса назар аударылды.
Жалпы QS рейтингісінің әдіснамасы бойынша академиялық бедел, жұмыс берушілердің бағасы, ғылыми жарияланымдар мен олардың дәйексөздері, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың арақатынасы, ғылыми кадрлардың әлеуеті және халықаралық ынтымақтастық секілді өлшемдер қамтылады. Олардың әрқайсысы нақты ақпаратқа, тұрақты бақылауға және институционалдық жауапкершілікке негізделген жұмысты қажет етеді. Сондықтан рейтингке дайындық кезінде Атырау университетінің стратегиялық даму кеңсесі үйлестіру және талдамалық міндеттерді атқарып, деректердің сенімділігіне басымдық берді.
Себебі университеттің жетістігін дұрыс бағалау үшін әрбір мәліметтің нақтылығы мен көрсеткіштердің шынайылығы маңызды. Әрине, университеттің халықаралық деңгейдегі жетістігі жалғыз кеңсенің жұмысымен шектелмейді. Оның негізінде профессор-оқытушылар құрамының еңбегі, ғылыми зерттеулердің нәтижелері, білім беру бағдарламаларының сапасы, халықаралық ынтымақтастық, әкімшілік құрылымдардың жауапкершілігі және басшылықтың ұстанымы тұр.
Осындай көпқырлы қызметтің нәтижелерін бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін нақты үйлестіру тетіктері қажет. Осы ретте Стратегиялық даму кеңсесі оқу орнының әлеуетін бағалап, оның жетістіктері мен жетілдіруді қажет ететін тұстарын анықтауға атсалысады. Біздің міндетіміз – тек есеп дайындау емес, университеттің бүгінгі ахуалын объективті саралап, даму қарқынын бағалау және алдағы уақытта назар аударуды қажет ететін мәселелерді айқындау.
Әрбір санның артында нақты еңбек, әрбір жетістіктің негізінде жауапты мамандардың жұмысы жатыр. QS рейтингі ұсынған есепке сәйкес, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің жалпы көрсеткіші 18,3 балды құрады. Профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар арақатынасы көрсеткіші бойынша университет 71-орынға жайғасты. Бұл нәтиже білім беру үдерісіндегі кадрлық әлеуеттің маңызын көрсетеді. Сонымен бірге рейтинг қорытындылары ғылыми жарияланымдардың санын ғана емес, олардың халықаралық деңгейде дәйектелуін арттыру, академиялық және жұмыс берушілер арасындағы беделді нығайту, ғылыми байланыстар аясын кеңейту қажеттігін де көрсетіп отыр.
Біз үшін рейтингтің мәні қол жеткізген орынмен ғана өлшенбеуі тиіс. Оның басты артықшылығы – университет қызметін әлемдік өлшемдермен салыстырып, алдағы міндеттерді нақты деректер негізінде белгілеуге мүмкіндік беруі. Мұндай талдау басқарушылық шешімдердің сапасын арттырып, даму жоспарларын тиімді жүзеге асыруға негіз болады. Халықаралық рейтингке алғаш рет ену – жаңа кезеңнің бастауы. Ендігі міндет – университеттің академиялық беделін нығайту, ғылыми жетістіктерінің әлемдік деңгейде танылуын арттыру, шетелдік серіктестік аясын кеңейту және білім беру сапасын одан әрі жетілдіру.
Стратегиялық даму кеңсесі алдағы уақытта да QS және THE халықаралық рейтингтерімен, ұлттық бағалау жүйелерімен, сондай-ақ UI GreenMetric тұрақты даму рейтингімен жұмысты жалғастырады. Негізгі басымдық – қол жеткізілген нәтижелерді саралау, әлсіз тұстарды анықтау және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру. Бұл жетістік Атырау университетінің жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, білім мен ғылым саласындағы әлеуетті одан әрі дамытуға серпін береді деп сенеміз. Біздің түпкілікті мақсатымыз – халықаралық академиялық кеңістікте өзіндік орны бар, сапалы білім мен ғылымды ұштастырған бәсекеге қабілетті университет қалыптастыру.
Салтанат ШАРМҰХАНБЕТ,
PhD, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, Атырау қаласы




