Жеке мектепке жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болатындығын айрықша атап айтып, білім сапасын жақсарту міндетін алға қойды. Жоғары деңгейдегі осы мақсатты орындау барысында мемлекеттік тапсырыс бойынша өскелең ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беруге мүдделі жекеменшік мектептер де мол үлес қосуға тиіс.

INTELLECT PRIMARY SCHOOL – елордалық жеке меншік білім беру ұйымы осыдан жеті жыл бұрын қарқынды дамыған қала мектептерінің үш ауысымдағы оқушылар орнының тапшылығын азайту бағытында ашылған ағарту орындарының бірі болатын. Қазіргі директоры – Хуанбай Інжу-Маржан отыз жыл бойы жыл отандық білім саласында қажырлы қызметін абыроймен адал атқарған жергілікті педагогтерге танымал тұлға. Назарбаев мектептерінің бастауыш сыныптарының математика пәні бойынша бағдарлама жасақтаған. Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері.

– Қазіргі таңда мектебімізде жиырма төрт мұғалім қызмет жасайды. Мамандарымыз майталмандар. Себебі олар алғашқы 2009 жылдан бастап он жыл Назарбаев Зияткерлік мектептерінің іргесін қалап, еңбек жасаған ұстаздар еді. Біздің басты миссиямыз: қоғамға бәсекеге қабілетті ұлттық рухтағы тұлға дайындау, оқыту және тәрбиелеу. Ұйымшыл қжымды тәуелсіз еліміздегі білім беру саласының ілгері дамуына тамшыдай болса да үлесін қосып келе жатырған бастауыш мектептің көшбасында, – деді ол бізден әігімесінде.

– Жалпы мектеп жүйесі толық күнге жоспарланған. Негізге пәндер математика, қазақ тілі, ағылшын тілі топқа бөлініп оқытылады. Сыныпта 15-16 шәкірт ғана және олар топқа бөлінгенде 7-8 оқушы қалады. Баянды болашағымыздың берік діңгегі саналатын бүгінгі ұл-қыздарымыздың бойына қазақ халқының құнды қадір қасиеттерін сіңіру басты борышымыз. Бұл бағытта домбыра, тоғызқұмалақ, қазақ  күрес және әдеп сабақтары арқылы білім жүйесін ұлттық ерекшеліктермен байытуға басымдық беріледі. Мектептің алғашқы түлектері Назарбаев зияткерлік мектептеріне және Зерделі математика мектептерінде үздік алғашқы орында білімдерін көрсетуде.

Директордың пайымдауына сүйенсек бастауыш сынып оқушысына арналған тәрбиелік ұстаным: – Біз қандай ұрпақ тәрбиелейміз?, – деген орынды сауалға нақты жауаппен ұштасады. Демек өскелең өрендер: Білімді. Әдепті. Адал. Мейірімді. Еңбекқор. Жауапты, – болуы қажет. Яғни, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ең басты ұсынысы ортаға салуды да ұмытқан жоқ. Хуанбай Інжу-Маржанның айтуынша Intellect Primary School мектебінің тәрбие тұжырымдамасын «Білімді ұрпақ – тәрбиелі тұлға» қағидасына негіздеген дұрыс. Өйткені бала тек білім алып қана қоймай, жақсы адам болып қалыптасуы керек.

– Өмірдегі әсіресе бала тәрбиесіндегі басты құндылық – қателесу! Қателесу – әлсіздік емес, үйренудің бір жолы. Қателесуге болады, бірақ одан сабақ алу керек. Балаға мінсіз болуды емес, жақсы адам болуды үйретейік. Қателік үшін жазалаудан бұрын, оның себебін түсіндірейік. Қателескен балаға кінәлау емес, қолдау қажет. Біз балаларды қателеспеуге емес, қателесуден қорықпауға тәрбиелейміз. Әрбір қателік – тәжірибе, әрбір талпыныс – жетістікке бастар жол, – деді ол салиқалы сөін сабақтап.

– Ұстаздың міндеті – жазалау емес, бағыт беру, қолдау және тұлға қалыптастыру. Және тағы бір жеке пікірім: әрине, мектептің тәрбие мәдениетінде «апай» сөзінің орнына «ұстаз» деп атаған дұрыс әрі көпшілік құптайтын қадам. Біз бала күнімізде ұстаз немесе мұғалім деп атадық және өте үлкен құрметпен қарап, ұстаз келе жатса жол беріп тоқтай қалатын едік. Бұл сөз ұстаз мамандығының мәртебесін, кәсіби құрметті білдіреді. Ұстаз-ол ұлы тұлға. Апай сөзі туыстық атау болып саналатындығына ешкімнің таласы жоқ шығар.

Кейіпкеріміз бастауыш сыныпта кітап оқудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Кітап оқу – баланың болашағына қаланатын ең маңызды іргетастың бірі. Әсіресе бастауыш сынып кезеңінде кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру баланың ойлау қабілетіне, тіл байлығына, білім деңгейіне және тұлғалық дамуына тікелей әсер етеді. Кітап оқудың балаға беретін жеті пайдасы барын санамалап шықты ұлағатты ұстаз. Біріншіден – сөздік қорын байытады. Бала жаңа сөздерді үйреніп, ойын анық әрі сауатты жеткізуге дағдыланады. Екінші – ойлау қабілетін дамытады. Оқығанын түсіну, салыстыру, талдау және қорытынды жасау қабілеті қалыптасады.

Үшінші – қиялын ұштайды. Ертегілер мен әңгімелер баланың шығармашылық қабілетін дамытады. Төртінші – сауатты жазуға үйретеді. Көп оқитын баланың емле сауаттылығы мен сөйлем құрау дағдысы жақсарады. Бесінші – зейінін арттырады. Кітап оқу баланы бір іске шоғырлануға және шыдамдылыққа тәрбиелейді. Алтыншы – адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы мейірімділік, адалдық, достық пен жауапкершілікті түсінеді.

Жетіншісі – оқу үлгерімін жақсартады. Мәтінді түсініп оқитын бала математикадан бастап барлық пәнді жақсы меңгеруге бейім болады. Парасатты педагог ретінде осы орайда «Білімді ел – Образованная страна» республикалық апталық газетінің 2027 жылға арналған бір жылдық жазылымын ерекше сыйлық түрінде рәсімдеу арқылы еліміз бойынша білім саласындағы бірегей басылымның әрбір жаңа санын үзбей оқып, тағылымды тәжірибесін аймақтардағы әріптестерімен бірге бөлісетін жанашыр қолдаушылардың қатарын көбейткені үшін ризашылық лебізімізді білдіретіндігімізді айрықша атап айтқан абзал.

– INTELLECT PRIMARY SCHOOL – республикалық деңгейдегі жеңістерді иеленуде. Біздің мақтанышымыз – биік баспалдақтарды бағындырған білімді ұрпақ, Зияткерлік бәсекенің жоғары белесінде мектебіміздің оқушылары тағы бір мәрте үздік білімдерін дәлелдеп, толымды табыстарға қол жеткізгеніне қуанудамыз. 2–4-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған «Зерделі» республикалық олимпиадасында математика пәні бойынша мектебіміздің дарынды шәкірттері жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі бірінші және екінші орындармен марапатталды.

Озық ойлы озат оқушыларымыз: Данияр Айсұлтан; Ризабек Жәнібек; Абсалимов Жангир; Нұрлан Дастан және Мизамхан Юсуф. Бұл жеңіс – шығармашылығы мен шеберлігін шыңдап жүрген балауса балғындардың жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар ұлағатты ұстаздардың жүйелі білім беруі мен үздіксіз ізденіс және ата-аналар қолдауының нақты нәтижесі. Математика – тек сандар мен есептердің жиынтығы емес. Ол – терең ойлау, логикалық пайымдау, жылдам шешім қабылдау, табандылық пен ізденістердің ұтымды үйлесімі. Осы қасиеттерді бойына сіңірген ұл-қыздардың республикалық деңгейде топ жаруы үргелі ұстаздар ұжымы үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш! Жеке мектепке жүктелген жауапкершілік жүгінің ауыр салмағын сәт сайын сезінетіндердің болмыс бітімі бөлек.

– Біз әр баланың бойындағы қабілетті ашуға, білімге деген қызығушылығын арттыруға және үлкен мақсаттарға ұмтылуына ерекше мән береміз. Себебі бүгінгі білімді, зерек оқушы – егемен елдің ертеңгі зияткерлік әлеуеті! Сөзімнің соңында мектеп директорының оқу ісі орынбасары, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Есимова Сауле Сайлановна мен ұжым жетекшісінің тәрбие бойынша орынбасары музыка пәнінің педагогы Хадыл Гульзат, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зейтинова Аяулым Сериковна және бастауыш сынып мұғалімі, педагог-психолог Курумбекова Айнаш Аманбековна сынды басқа да майталман мамандарға жоғары жетістіктер мен ата-аналарына перзент бақытына ортақтасқан сәулелі сәттер тілеймін, – деді ақжарма әңгімесінің қорытындылады осы жеке білім беру ұйымының директоры Хуанбай Інжу-Маржан.

 Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий