Құрылтай депутаттары арнайы заң жобасын әзірледі

Мұғалімдердің әкімшілік жұмысын азайту жолдары «Әділет» партиясы жобалық кеңсесінің Құрылтайдағы Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен бірлескен көшпелі отырысында талқыланды. Кездесу елордадағы NIS мектебінде өтіп, қатысушылар білім беру ісін цифрландыру бағытындағы тәжірибемен танысты. Отырыста жұмыс барысын автоматтандыру, цифрлық платформалардың тиімділігі және озық мектептердің тәжірибесін білім беру саласына енгізу мүмкіндіктері сөз болды.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін партия жанынан адами капиталды дамыту, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе құрылған. Оның жұмысына Құрылтай депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың, сарапшылық және кәсіби қауымдастықтардың өкілдері тартылған.

– Президент мұғалімдердің артық жүктемесін азайтуды тапсырды. Алайда цифрландыру олардың жұмысын үнемі жеңілдете бермейтінін көріп отырмыз. Қағаз жүзіндегі есеп көбіне электронды форматқа көшірілгенімен, мұғалімдердің міндеттері сол күйі қалып отыр. Педагог ең алдымен бала оқытып, тәрбиелеуге көңіл бөлуі керек. Білім беру саласымен қоса нақты шешімдер әзірлеу үшін «Әділет» партиясы депутаттардың, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерінің басын қосатын арнайы жобалық кеңсе құрды. Біздің мақсатымыз – мұғалімдердің жүктемесін шын мәнінде азайтатын ұсыныстарды бірлесіп әзірлеу, – деді Ержан Жылқыбаев.

Ал Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов бір топ депутат мұғалімдердің артық қағазбастылығын азайтуға бағытталған арнайы заң жобасын әзірлегенін айтты. «Заң жобасын Үкіметке жолдамас бұрын озық мектептердің тәжірибесін зерделеуді жөн көрдік. Сондай-ақ мұғалімдердің жүктемесін азайтуға көмектесетін цифрлық шешімдерді анықтағымыз келді. Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер нақты тәжірибеге негізделуі маңызды», – деп атап өтті ол.

NIS басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мектептердегі цифрландыру тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, зияткерлік мектептерде мұғалімдерді аттестаттау үдерісі толық автоматтандырылған. Ал Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Шолпан Каринова ұстаздардың өзара тәжірибе алмасып, бірге жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін цифрлық платформаларға тоқталды. – Цифрлық платформалар мұғалімдердің кәсіби тұрғыда бір-бірімен байланыс орнатуына тиімді құрал бола алады. Бір пәннен сабақ беретін ұстаздар бірлесіп сабақ жоспарлап, өткізуге, нәтижелерді талдауға және оқыту әдістемелерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Бұл педагогтердің кәсіби дамуына және білім сапасының артуына ықпал етеді, – деді Шолпан Каринова.

Отырыста цифрландыру мәселелерімен қатар «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да талқыланды. Атап айтқанда, оқушылардың бойына ұлттық және адамгершілік құндылықтарды сіңіру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, буллингтің алдын алу, психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ата-аналармен байланысты нығайту мәселелері қаралды. Сонымен бірге балаларды волонтерлік жобаларға тарту және тәрбие жұмысының нәтижесін нақты көрсеткіштер арқылы бағалау жайы сөз болды.

Көшпелі отырыста айтылған ұсыныстар мен мектептердің тәжірибесі заң жобасын жетілдіру кезінде ескерілмек. Құжатты Үкіметке жолдағанға дейінгі жұмыс Құрылтайда жалғасады. Ал қосымша ұйымдастырушылық шешімдерді қажет ететін мәселелер партияның жобалық кеңсесінде қаралады.

 

Зұлхарнай Сатжан

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий