Алматыда «Қазақстан – Сириус» III Таланттар саммиті қорытындыланды

Алматыда Қазақстан мен Ресейдің оқушыларын, педагогтерін, ғалымдары мен білім беру ұйымдарының өкілдерін біріктірген «Қазақстан – Сириус» III Таланттар саммиті аяқталды.

Іс-шараларға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Талант и успех» білім беру қорының жетекшісі Елена Шмелева, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев, «KAZ Minerals» тобы төрағасының орынбасары Эльдар Мамедов, педагогикалық жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми қоғамдастық пен индустриялық серіктестердің өкілдері қатысты.

«Қазақстан – Сириус» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бастамасымен жүзеге асырылуда. Жоба дарынды балалар мен жастарды қолдауға, сондай-ақ ғылыми-техникалық білім беруді дамытуға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.

«Қазақстан – Сириус» мектебінде математика, физика, химия және биология пәндері бойынша кіріктірілген білім беру бағдарламалары, сондай-ақ жасанды интеллект, ғарыштық технологиялар, инженерия және өмір туралы ғылымдар бағытындағы пәнаралық бағдарламалар қарастырылады. Білім беру бағдарламалары Қазақстанның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес әзірленіп, «Сириустың» озық халықаралық тәжірибелері ескеріледі. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Саммитке жаратылыстану-ғылыми және математикалық бағыттар бойынша дарынды оқушылар мен педагогтер қатысты. Бағдарлама аясында мектеп пен орталық жобасының таныстырылымы, «Сириус» мамандарының дәрістері мен шеберлік сабақтары, «Большие вызовы» байқауы жобаларының көрмесі, сондай-ақ мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды.

Саммит барысында қазақстандық оқушылар тәлімгерлер мен сарапшылардың қолдауымен әзірлеген жасанды интеллект, робототехника, ғарыштық технологиялар және ғылымның басқа да перспективалы бағыттарындағы жобаларын таныстырды.

Дөңгелек үстел барысында Оқу-ағарту министрлігінің, «Сириус» өкілдері, жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғылыми қоғамдастық өкілдері бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, дарынды балаларды қолдау және педагог кадрларды даярлау мәселелерін талқылады. Талқылауға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистранттары да қатысты. Қазіргі уақытта аталған университетте бірлескен бағдарлама бойынша ғылыми-техникалық білім беру саласының 23 болашақ маманы даярланып жатыр.

Саммиттің мәдени бағдарламасы әлемге әйгілі дирижер Юрий Башметтің жетекшілігімен Бүкілресейлік жасөспірімдер симфониялық оркестрінің орындауындағы «Достық музыкасы» классикалық музыка концертімен толықты.

III Таланттар саммиті салтанатты жабылу рәсімімен қорытындыланды. Іс-шара тәжірибе алмасуға, оқушылардың жетістіктерін таныстыруға, сондай-ақ Қазақстандағы ғылыми-техникалық білім беруді дамыту мен дарынды балаларды қолдаудың нақты қадамдарын талқылауға мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий