Бәрі – сен үшін, жас ұрпақ!

Астана қаласы әкімдігі Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында балаларға арналған ««Бәрі-сен үшін, жас ұрпақ!» әндер жинағының тұсау кесер рәсімі өтті.

Жинаққа Отан, туған жер, отбасы, достық, табиғат, балалық шақ және ұлттық құндылықтар тақырыптарын қамтитын әндер енгізілген. Басылым балалардың рухани дүниесін байытуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және ұлттық музыкаға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Тұсаукесерге композиторлар, музыка пәнінің педагогтері, өнер қайраткерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері мен өнер жанашырлары қатысты.

Ән – адам жанының айнасы, ал балаларға арналған әндер – сәбидің дүниетанымын қалыптастыратын алғашқы рухани баспалдақ. Сәби дүниеге келген сәттен бастап анасының әлдиін естіп, әуен арқылы әлемді тани бастайды. Бесік жыры – баланың жүрегіне мейірім мен махаббат ұялататын ең алғашқы тәрбие құралы екенін ескерсек, музыканың адам өміріндегі орны айқындала түседі.

Бала өсе келе, оның жас ерекшелігіне сай келетін көңілді әрі мағыналы әндерді тыңдауы аса маңызды. Балалар әндері бүлдіршіндердің тілін дамытып, сөздік қорын байытуға зор үлес қосады. Әуезді ырғақ пен қарапайым ұйқастар баланың есте сақтау қабілетін жылдам жетілдіреді. Сонымен қатар, музыка баланың есту қабілетін дамытып, шығармашылық қиялын ұштайды. Жақсы ән баланы Отанды сүюге, ата-ананы құрметтеуге және достыққа адал болуға баулиды.

 «Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар…», – деп Абай атамыз жырлағандай, әнге деген талғамды ерте жастан қалыптастыру педагогиканың басты талаптарының бірі.

Шуақты шарада кіріспе сөз сөйлеген Астана қаласы әкімдігі Әдістемелік орталығының басшысы Дауешова Сындар Мұратқызы: «Балаларға арналған әндер – музыкалық мәдениеттің маңызды бөлігі. Ән арқылы жас ұрпақтың дүниетанымы кеңейіп, эстетикалық талғамы қалыптасады. Әуен мен сөздің үйлесімі арқылы бала өмірді таниды, жақсылыққа ұмтылады. Ұсынылып отырған жинақтың басты мақсаты – Астана қаласында еңбек етіп жүрген композиторлардың балаларға арналған шығармаларын бір арнаға тоғыстыру, педагогтер мен музыка мамандарына сапалы репертуар ұсыну, авторлық әндерді кеңінен насихаттау. Бұл жинақтың әрбір әні – өзіндік мазмұны, көркемдік ерекшелігі мен тәрбиелік мәні бар шығармашылық туынды. Ол жас орындаушылар мен музыка пәні педагогтеріне, балалар шығармашылығы ұйымдарына арналған құнды әдістемелік әрі музыкалық құрал болмақ», –дей келе аталған жинаққа шығармалары енгізілген композитордың көбі педагогтер екеніне баса назар аударып, дидактикалық жинақтың мәні мен маңызына кеңінен тоқталып, шығармашылық табыс тіледі.

Аталған жиында пікір білдірген белгілі компазиторлар Әкім Ысқақ, Кентау Назарбек балаларға арналған ән жинағын шығарған Әдістемелік орталықтың жұмысына ризашылықтарын білдіріп, кітаптың мектеп оқушыларының жас ерекшелігіне лайықталып, құндылықтарды ескере отырып, жинақталғанына назар аударды.

Шараның мазмұнды бөлімдерінің бірі – «16 есім, 16 шығармашылық әлем» атты композиторлар шеруі болды. Көпшілік назарына жинақ авторларының өмірі мен шығармашылық жолы таныстырылып, олардың балалар ән өнеріне қосқан үлесі дәріптелді. Жинаққа елордада еңбек етіп жүрген 16 композитордың шығармалары енгізілді. Салтанатты рәсім барысында композиторларға шығармашылық еңбектері үшін алғыс білдіріліп, жинақ даналары мен Әдістемелік орталық басшысы атынан арнайы сертификаттар табысталды.

Астана қаласының білім беру ұйымдарында еңбек етіп, шығармашылықтарын ұштап жүрген бір топ ұстаз-композиторлардың әндерін топтастырған жинақ – музыка қоржынына қосылған елеулі үлестердің бірі болмақ.

Шара соңы жинаққа әндері енгізілген, сазгерлердің шығармашылық концертіне ұласты.

Ерғазы Манапұлы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий