350 жас домбырашы Ертіс өңірін күйге бөледі
20 қараша күні М.М. Катаев атындағы Облыстық Оқушылар сарайының сахнасы қазақтың қара домбырасының қоңыр үніне толды. Мұнда «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында дәстүрлі «Күй шебері – 2026» облыстық домбыра ансамбльдері байқауы өтті.
Павлодар облысының білім басқармасы мен Оқушылар сарайы ұйымдастырған ауқымды өнер додасына өңірдің түкпір-түкпіріндегі білім беру ұйымдарынан 40 ансамбль, 350 жас домбырашы қатысты.
— Байқауға 40 ансамбль, 350 жас домбырашының қатысып, өз өнерін ортаға салуы бізді ерекше қуантады. Бұл – біздің ұлттық өнеріміздің өміршеңдігі, ұрпағымыздың өсіп-өніп келе жатқанының белгісі. Қазақтың үні үзілмесін, домбыраның қоңыр үні әр шаңырақта шырқала берсін! Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» – деді шараны ұйымдастырушылар.
Сахна төрінде жас күйшілер қазақтың халық композиторларының жауһар туындылары мен ұлттық рухты көтеретін күйлерді нақышына келтіре орындады. Байқауға Баянауыл ауданынан келген Ш. Айманов атындағы мектептің 8 «А» сынып оқушысы Ботагөз Рамазанова өз әсерімен бөлісті:
-Байқауға ансамбль құрамында 9 адам болып келдік. Сахнада халық күйі «Тепенкөкті» орындадық. Бұл шығарма аңыздағы көк атқа, оның шабысына арналған. Конкурсқа екі ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Өзім 10-нан астам күй орындай білемін, оның ішінде «Қосалқа», «Тепенкөк», «Ерке сылқым», «Қосбасар», «Секіртпе», «Балбырауын» сынды туындылар бар.
Өнер додасының қорытындысы бойынша Ертіс ауданындағы Ертіс балалар өнер мектебінің «NOVA» ансамблі (жетекшісі – Фаиз Назмитдинов) үздік деп танылып, Бас жүлдені жеңіп алды. Құрамында 20 — ға жуық жас домбырашысы бар ұжым «Amanat» күйін асқан шеберлікпен орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Айта кетейік, 2014 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан «Күй шебері» байқауы бүгінде балалар шығармашылық ұжымдары тәжірибе алмасатын, мәдени байланысты нығайтып, Павлодар өңірінің жас таланттарын үлкен сахнаға шығаратын маңызды шығармашылық алаңға айналды.

