Құбылмалы әлемдегі баланың психологиялық саулығы: Астанада халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Астана қаласында 20 қарашада «Жаһандық өзгерістер жағдайында мектепке дейінгі жастағы балалардың психологиялық саулығы (Well-being) және бейімделу әлеуеті: тәуекел факторлары мен қолдау ресурстары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.  

Шараның ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» ШЖҚ РМК. Іс-шараның әлеуметтік серіктестері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Астана халықаралық университеті болды.

Кәсіби диалогқа офлайн және онлайн форматта ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Балаларды ерте дамыту институтының өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, балалар психологиясы саласының сарапшылары, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен тәжірибелі мамандар (Қазақстан, Ресей, Финляндия, Эстония, Испания, Түркия және Қырғызстан елдерінен) қосылды.

Конференцияны ашқан «Қарлығаш» балабақшасының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлшат Онланбекқызы бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім беру саласы қарқынды цифрландырудан бастап балалардың эмоционалды және когнитивтік қажеттіліктерінің өзгеруіне дейінгі күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті.

«Мұндай конференцияларды өткізу іргелі ғылыми зерттеулерді күнделікті педагогикалық тәжірибемен біріктіріп, әр баланың өзін қорғалғанын сезінуіне және әлеуетін толық ашуына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.

Ғылым мен тәжірибені біріктірудің маңыздылығын Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманова да қолдады.

«Жаһандану мен цифрландыру жағдайында балалардың психологиялық саулығы үшін тікелей өзімен қарым-қатынас жасау, ересектердің эмоционалды қолдауы және әрбір бала өзін қабылданғанын сезінетін қауіпсіз, мейірімді орта шешуші рөл атқарады», – деді ол.

Іс-шараның Дүниежүзілік балалар күнімен тұспа-тұс келуі символикалық мәнге ие. Балалардың құқықтарын қорғау, сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және инклюзивті ортаны дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып қала береді. Осы бағыттағы тәжірибелік тетіктер, атап айтқанда Ozim Platform қорының негізін қалаушы, инклюзивті білім беру сарапшысы Әсем Тажиева ұсынған мектепке дейінгі ұйымдарда transition model (бейімделу моделін) қолдану тәжірибесі талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі болды.

Конференцияның пленарлық бөлімінде психологиялық саулықты талқылау оны тек эмоционалды жайлылық ретінде түсіну емес екенін көрсетті. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Білім беру жоғары мектебінің директоры Нуриля Касымбекова оны адам әлеуетін дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде ұсынды. Мектепке дейінгі жастағы балалардың заманауи шынайы өмірге бейімделуі туралы айта келе, Пермь мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық университетінің доценті, психология ғылымдарының кандидаты Лада Вяткина:

«Қарқынды әлеуметтік өзгерістер кезеңінде балалардың табыстылығына ғана емес, сонымен бірге олардың психологиялық саулығын сақтауға ерекше көңіл бөлу қажет: ересектерге жаңа тәсілдерді меңгеру, мысалы, қуанышты баланың психологиялық саулығының негізгі ресурсы ретінде пайдалану маңызды», – деп атап өтті.

Тәрбиеленушілердің психологиялық жайлылығы мен тәрбие ортасының тепе-теңдігіне қатысты тың көзқарасты Қазақстан балабақшаларындағы ер педагогтердің рөлі туралы пікірталас толықтырды. Қатысушылар ерте жаста ер адамның үлгі болуы баланың үйлесімді әлеуметтенуіне ықпал ететінін, алайда сала әлі де гендерлік теңгерімсіздікке тап болып отырғанын атап өтті.

«Мектепке дейінгі жастағы білім берудегі ер адамдардың рөлін талқылау бүгінгі таңда өте өзекті: ер тәрбиешілерге қатысты гендерлік таптаурындарды жою және осы салаға белсенді түрде тартылуы үшін жағдай жасау қажет», – деп баса айтты Назарбаев Университеті Білім беру жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Дуйшон Шаматов.  

Жеке бір блок цифрландырудың балалық шаққа әсеріне арналды. Абай атындағы ҚазҰПУ мектепке дейінгі тәрбие және оқыту кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Жанна Асанханова мектепке дейінгі жастағы балалардың желіде қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыруға бағытталған «Кибербалапан» білім беру стартабын әзірлеу тәжірибесін таныстырды.

«Балаларды заманауи технологиялардан толығымен шектеудің қажеті жоқ, педагогтер мен ата-аналардың қатысуымен оларды цифрлық құрылғыларды сауатты әрі қауіпсіз пайдалануға үйреткен маңызды», – деп атап өтті.

Цифрлық қатерлер тақырыбын жалғастыра отырып, Мадрид дербес университетінің шақырылған профессоры (Испания) Мануэль Мартинез Санчес баланың экрандық абстиненциясы және оның цифрлық қарым-қатынасында ересек адамның болмауы мәселесін көтерді, сондай-ақ технологиялар жиі қарым-қатынас пен өз бетінше ойнау үдерісін ығыстырмауы тиіс екеніне баса назар аударды. Сонымен қатар, қатысушылар Финляндия мен Эстонияның балабақшаларындағы психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесін, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен мектепке дейінгі ұйымдардың серіктестік үлгілерін зерделеді.

Практикалық жұмыс төрт тақырыптық секция аймағында жалғасты: «Балалық шақ психоэкологиясы», «Инклюзивті мектепке дейінгі білім беру», «Цифрлық балалық шақ» жағдайындағы балалардың когнитивтік дамуы» және «ХХІ ғасырдағы балалар ойынының трансформациясы». Сондай-ақ қатысушылар үшін «Қарлығаш» балабақшасы бойынша экскурсия ұйымдастырылып, дамытушы ортаның ұйымдастырылуы мен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу әдістемелері көрсетілді. Конференция қорытындысы бойынша ғылым мен тәжірибенің әрі қарай өзара іс-қимыл бағдарларын айқындайтын қарар қабылданды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий