Дәстүр мен жаңғыру сабақтастығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңіндегі мақсат-мұраттарды айқындаған маңызды стратегиялық құжат болды. Жаһандық геосаяси ахуал күрделеніп, әлемдік даму үдерістері түбегейлі өзгеріп жатқан тұста еліміздің егемендігін нығайту, ішкі тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті сақтау – мемлекет алдындағы ең басты міндет.

Жолдаудың негізгі өзегі де осы мұраттармен сабақтасып, Қазақстанды қуатты, жоғары технологиялы, білім мен ғылымға сүйенген озық мемлекетке айналдыру идеясын арқау етті. Президент жасанды интеллект дәуірінде жаңа технологияларды терең меңгерудің айрықша маңызын атап өтіп: «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда», – деді. Бұл сөздер ел болашағының білімді ұрпаққа, ізденімпаз ғалымдарға, кәсіби инженерлерге, ұлағатты ұстаздар мен білікті мамандарға байланысты екенін айқын аңғартады. Өйткені мемлекеттің шынайы қуаты жеме-жемге келгенде адами капиталдың сапасымен, ғылымның әлеуетімен және жаңашыл ойдың қарымымен өлшенетіні белгілі.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің стратегиялық даму бағыты Жолдауда қойылған міндеттермен толық үндеседі. Білім беру бағдарламаларын цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект талаптарына сай жаңарту, қолданбалы ғылымды дамыту, инженерлік кадрлар даярлау, өндіріс пен зерттеуді ықпалдастыру, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстар – Президент айқындаған басымдықтарды өңірлік деңгейде жүзеге асырудың нақты көрінісі. Тоқсаныншы оқу жылына қадам басқан университет алдағы кезеңде де білім мен ғылымды өңір дамуының басты қозғаушы күшіне айналдыруға ұмтылады.

Басты мақсат – технологиялық өзгерістерге бейімделе алатын мамандар даярлау ғана емес, жаңа идея ұсынып, оны нақты өндіріске енгізетін, елдің болашағы үшін жауапкершілік арқалайтын жасампаз тұлғалар қалыптастыру. Білім ордасының тарихы 1937 жылдың күзінде Қиыр Шығыстан Қызылордаға қоныс аударған Корей педагогикалық институтынан бастау алады. Ал 1976 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалы ашылып, өңірде инженерлік кадрлар даярлаудың берік негізі қаланды. Бүгінде ұстаздық ұлағат пен инженерлік ізденістен бастау алған осы қос арна білім, ғылым және инновация тоғысқан заманауи университеттің тұтас даму жолына ұласты.

Жаңа оқу жылында университеттегі білім алушылар саны 11,5 мыңнан асты. Олардың бес мың үш жүз елу бесі мемлекеттік білім гранты бойынша оқиды. Университет 147 білім беру бағдарламасы арқылы еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлап келеді. Бүгінде университет үшін білім сапасын арттыру, академиялық мүмкіндіктерді кеңейту және түлектердің жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету айрықша маңызға ие. Осы мақсатта беделді шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен сегіз білім беру және алты қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылуда.

Өзбекстандағы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты – Ұлттық зерттеу университетімен «Кадастр», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», «Электр энергетикасы» бағыттары бойынша кадрлар даярланады. Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлескен «Биология» магистратурасы да табысты жүзеге асырылып келеді. Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен орнатылған әріптестік аясында информатика, ақпараттық жүйелер, компьютерлік бағдарламалау және киберқауіпсіздік салалары бойынша бірлескен бағдарламалар жүргізілуде.

Сонымен қатар «Data Management» және «AI Architect» бағыттары бойынша қос дипломды мамандар даярланады. Жасанды интеллект пен деректерді басқаруға басымдық берілген бұл бағдарламалар цифрлық дәуір талаптарына бейімделген жаңа буын мамандарын қалыптастыруды көздейді. Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетімен «Педагогика және психология», Мәскеу авиациялық институтымен «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», Ресей халықтар достығы университетімен «Цифрлық білім беру ортасындағы орыс тілі мен әдебиеті» бағдарламалары бойынша қос дипломды білім беру қолға алынған.

Мұндай ықпалдастық студенттерге қазақстандық және шетелдік білім беру жүйелерінің озық тәжірибесін қатар меңгеруге, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға, тілдік әрі кәсіби құзыреттерін дамытуға кең мүмкіндік береді. Университетте білім мазмұнын жаңарту заман талабына сай жүйелі жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұсынымдары, еңбек нарығының сұранысы, елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары мен цифрлық трансформация үдерістері ескеріліп, білім беру бағдарламалары кешенді түрде қайта қаралды.

Бағдарламалардың мақсаттары мен оқыту нәтижелері жаңартылып, пәндер мазмұнына цифрлық технологиялар, жасанды интеллект құралдары және деректерді талдау әдістері енгізілді. Дәстүрлі мамандықтарды жаңа технологиялармен сабақтастыруға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, «Музыкалық білім» бағдарламасының орнына болашақ мұғалімдердің кәсіби даярлығын цифрлық құралдармен ұштастыратын «Цифрлық музыкалық білім» бағдарламасы әзірленді. «Мемлекеттік жергілікті басқару» бағыты «Мемлекеттік сектордағы цифрлық менеджмент», «Экономика» бағдарламасы «Цифрлық экономика және бизнес-аналитика», ал «Қаржы» бағдарламасы «Қаржылық қызметтер және қаржылық аналитика» болып жаңартылды.

Аграрлық бағытта «Цифрлық агроөндіріс және аэроагрономия», «Smart-агротехнологиялық сервис және автономды жүйелер» бағдарламалары іске қосылды. Су тапшылығының өзекті мәселеге айналуына байланысты «Су ресурстарын басқару және цифрлық ирригациялық технологиялар» бағдарламасы әзірленді. Магистратура деңгейінде «Киберқауіпсіздік» бағдарламасы ашылып, ғылыми-педагогикалық және бейіндік бағыттағы «Құқықтану» бойынша ашу жұмыстары жүргізілуде. Жаңарту барысында кәсіптік стандарттар, жұмыс берушілердің ұсыныстары мен өндірістің нақты қажеттіліктері басшылыққа алынды.

Білім мен өндіріс байланысын нығайту үшін отыз төрт білім беру бағдарламасына дуальды оқыту элементтері енгізіліп, оқу үдерісіне 64 өндіріс маманы тартылды. Кәсіптік практика мен жұмыспен қамту бағытында бір жүз екі меморандум және 4866 келісімшарт жасалды. Кәсіпорындар базасында 98 білім беру бағдарламасының филиалы жұмыс істейді. Бүгінгі әлемдегі технологиялық өзгерістер университеттерге де жаңа міндеттер жүктейді. Жасанды интеллект ғылым мен өндірістің, білім мен экономиканың даму бағытын түбегейлі өзгертуде.

Ендеше, жоғары оқу орындары уақыт көшіне ілесіп қана қоймай, жаңа үдерістердің алдыңғы шебінде болуы керек. Университетті цифрландыру бағытында жаңа деректерді өңдеу орталығы салынып, оқу үдерісіне 415 моноблок енгізілді. Fortinet кластері құрылып, ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың заманауи жүйелері іске қосылды. AI-SANA бағдарламасы аясында он бір мың бес жүз он алты білім алушы «Жасанды интеллект негіздері» курсынан өтті. Бағдарламаның екінші кезеңіне 720 студент қатысты. OpenAI компаниясы ұсынған бес жүз жетпіс үш лицензия негізінде оқытушылар мен ғалымдар ChatGPT Edu мүмкіндіктерін білім беру және ғылыми қызметте қолдануда.

Coursera платформасында бір мың үш студент 2398 курсты меңгерсе, профессор-оқытушылар құрамының бір жүз елу алты өкілі 1261 біліктілікті арттыру курсынан өтті. Университетте «Жасанды интеллект және деректерді талдау орталығы» құрылды. Алдағы міндет – цифрлық экожүйенің технологиялық негізін күшейтіп, жасанды интеллектіні оқыту мен басқаруға кеңінен енгізу. Университетті деректерге негізделген басқару моделіне көшіру, киберқауіпсіздікті жетілдіру және түлектердің білім туралы құжаттарын толық цифрландырып, eGov Mobile жүйесімен ықпалдастыру жұмыстары жүруде.

Мұның бәрі сапалы білімге, ашық басқаруға және заманауи технологияларға негізделген толыққанды «ақылды кампус» қалыптастыруға мүмкіндік береді. Университеттің білім беру, ғылыми және тәрбие жұмыстарын бес жүз жиырма жеті оқытушы-профессор жүзеге асырады. Олардың қатарында 17 ғылым докторы мен жетпіс төрт PhD докторы, 184 ғылым кандидаты және екі жүз отыз бір магистр бар. Ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар құрамының үлесі 53 пайызды құрайды. Әрбір жетістіктің артында ұстаздардың кәсібилігі, ізденісі және білім алушыға деген жауапкершілігі тұр.

Биылғы жылы ғылым саласына 400,7 миллион теңгеден астам қаржы тартылды. Жас зерттеушілерді қолдауға арналған ректор грантына қызығушылық та артып келеді. Университетте бизнес және басқару, сәулет және құрылыс, су ресурстары және суды пайдалану бағыттары бойынша үш диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы, филология, педагогика және психология, химия, биология, техника және технология, математика, экономика салаларын қамтитын сегіз ғылыми журнал жарық көреді.

Erasmus+ және басқа халықаралық бағдарламалар шеңберінде екі білім беру және төрт ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Португалияның Нова Лиссабон университетімен HORIZON-MSCA бағдарламасы, SeoulTech-пен бірлескен жоба, Болат Өтемұратов қорының қолдауындағы бастама және Жапонияның Мэйдзи университетімен жүргізіліп жатқан зерттеу бар. Өңір өндірісінің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми жұмыстарды дамыту мақсатында облыс әкімдігімен бірлескен жобалар қолға алынды. Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жанынан Өңірлік ғылыми-техникалық кеңес құрылып, ғылым нәтижелерін нақты өндіріске енгізуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Университеттің халықаралық ынтымақтастығы Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Түркия, Орталық Азия, Әзербайжан, Ресей және Еуропа елдерінің жоғары оқу орындарын, ғылыми орталықтарын, дипломатиялық өкілдіктері мен ірі компанияларын қамтиды. SeoulTech, Кеймён университеті және басқа серіктестермен бірлескен бағдарламалар аясында қызметкерлер шетелде тағылымдамадан өтіп, шетелдік профессорлар білім беру мен ғылыми жұмыстарға тартылды. Студенттер Қырғызстан, Түркия, Оңтүстік Корея және өзге елдердегі академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысты.

Профессор-оқытушылар Өзбекстан, Қытай, Португалия және басқа мемлекеттерде дәріс оқып, халықаралық семинарлар мен тағылымдамалардан өтті. Магистранттар мен докторанттар шетелдік ғылыми орталықтарда тәжірибе жинақтады. Университет студенті А.Лаубаева Қытайда магистратурада білім алуға толық грант иеленсе, оқытушылар М.Ашимова мен Л.Қайыңбаева «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та тағылымдамадан өтуде. Erasmus+ бағдарламасының Cyber4CA және MECAS жобалары арқылы киберқауіпсіздік пен экоинформатика бағыттарындағы магистрлік бағдарламалар дамытылуда.

«Арал геопаркін» ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне енгізу мәселесі халықаралық сарапшылармен бірге талқыланды. Университет делегациясы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясындағы Ғылым саммитіне қатысып, ғылыми дипломатия және жаһандық ынтымақтастық мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Қазақстан мен Әзербайжан жоғары оқу орындары ректорларының екінші форумында университеттің ғылыми-білім беру әлеуеті халықаралық қауымдастыққа таныстырылды. Қытайдың Фудань университетінің Ұлттық ғылым және технологиялар паркімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Нейроғылым, жасанды интеллект, ми-компьютер интерфейстері және биомедициналық деректерді талдау бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Гонконг білім беру университетімен және бірқатар халықаралық технологиялық компаниялармен де келіссөздер жүргізілді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру мен жаңа технологияларды игеруге бағытталған «Техно хаб» ашылуда. Білім сапасы мен ғылыми ізденістің нәтижелілігі заманауи инфрақұрылыммен тікелей байланысты.

Осыған орай оқу ғимараттарын жөндеу, аумақтарды абаттандыру және жаңа нысандар салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Университет үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – Инжинирингтік парк. Ғылым мен өндірістің ықпалдастығын күшейтіп, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және жастардың инженерлік бастамаларын қолдауға арналған нысанға 1,86 миллиард теңге бөлініп, желтоқсан айының басында ашылуы жоспарлануда. Студенттердің тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында №3 және №4 жатақханалардың қасбеттері сырланып, шатырлары жөнделді.

Барлық жатақхана мен спорт нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Университеттің жүйелі дамуы халықаралық және ұлттық рейтингтерден көрініс тапты. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі ұсынған Қазақстанның ең сұранысқа ие ЖОО-ларының Ұлттық рейтингінде Қорқыт Ата университеті жетінші орында тұр. Халықаралық QS Stars бағалау жүйесінде төрт жұлдыз иеленіп, QS Asia University Rankings рейтингінде бес жүз жетпіс сегізінші орынға, UI GreenMetric рейтингінде 1243-орынға көтерілді.

QS Sustainability 1501+ және Times Higher Education Impact рейтингтерінде 1001-1500 санатына енді. Терең тарих пен жаңа технология тоғысқан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің бүгінгі бағыты айқын. Ол – тарихи дәстүрді сақтай отырып, білім мен ғылымды заманауи технологиялармен ұштастыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, өндіріс пен зерттеуді ықпалдастыру және ел дамуына қызмет ететін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!

Добавить комментарий