Қыздар университетінде «Кітап оқитын ұлт» бастамасы жалғасын тапты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 16 мамырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Аталған құжатта кітап оқу мәдениетін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Бұл ретте болашақ ұстаздардың кітапқа қызығушылығын арттырудың маңызы ерекше.
Осы бағытта Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Физика, математика және цифрлық технологиялар факультетінің «Парасат галактикасы: білім мен ғылым жұлдыздары» апталығы аясында Математика кафедрасы «Кітап оқитын ұлт: бір кітап – бір ой – бір пікір» әдеби-танымдық кездесуін ұйымдастырды. Бастаманың мақсаты – студенттердің кітап оқу мәдениетін, сыни ойлау қабілетін және пікір алмасу дағдыларын дамыту.
Кездесуге Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы арқау болды.
Соғыс жылдарындағы адам тағдырын суреттейтін туындыда әйелдің қайсарлығы, ананың мейірімі мен адамгершілік құндылықтар терең көрініс тапқан. Шығарма көтерген мәселелер бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Әдеби кездесудің ерекшелігі – студенттердің шығарманы оқумен шектелмей, оны жан-жақты талдауы. Қатысушылар ой-толғау жасап, мазмұндық сұрақтарға жауап берді, жекелеген көріністерді талдап, кейіпкерлердің өмірлік таңдауына өзіндік бағасын берді. Мұндай формат жастардың өз ойын жүйелі жеткізуіне, пікірін дәлелдеуіне және өзгенің көзқарасын құрметтеуіне мүмкіндік берді.
Бастаманың айрықша тұсы – романды талқылаған жастардың болашақ математика мұғалімдері болуы. Математика жүйелі ойлауға және дәлдікке үйретсе, әдебиет адамның ішкі әлемін түсінуге, өмір құбылыстарын адамгершілік тұрғысынан бағалауға баулиды. Бүгінгі мектепке осы қасиеттерді бойына сіңірген ұстаз қажет.
Сексен жылдан астам тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті кәсіби білім мен ұлттық құндылықтарды сабақтастыра отырып, болашақ педагогтердің зияткерлік және рухани әлеуетін дамытуға мән беріп келеді. Осындай бастамалар – оқу орнының зерделі ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі.
Оқитын ұлт ұстаздың жеке өнегесінен басталады. Өйткені бүгін болашақ ұстаздың қолында ашылған кітап – ертең шәкіртінің санасында жанатын шырақ.
Бақытжамал ЛАХАНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Математика кафедрасының оқытушысы


