TOU-ДА RAILWAYS SYSTEMS KZ КОМПАНИЯСЫМЕН БІРЛЕСКЕН АРНАЙЫ ОҚУ АУДИТОРИЯСЫ АШЫЛДЫ
Торайғыров университетінде индустриялық серіктес – «Railways Systems KZ» ЖШС-нің қолдауымен жабдықталған арнайы оқу аудиториясының салтанатты ашылуы өтті.
Жаңа аудитория бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушыларының тәжірибелік және зерттеу дағдыларын дамытуға арналған. Мұнда машина жасау технологиясы, реверс-инжиниринг, станоктарды жобалау, металл кесетін құралдар және өнім сапасын бақылау бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі.
Заманауи жабдықтар студенттерге сызбалармен және цифрлық модельдермен жұмыс істеуді, технологиялық үдерістерді зерделеуді, сондай-ақ инженер мамандығына қажетті кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Аудитория, сонымен қатар, «CNC станоктарының операторы» микробіліктілігі бойынша мамандар даярлау барысында да пайдаланылатын болады.
«Railways Systems Holding» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Роман Павлингер өз сөзінде білім беру бастамаларын қолдаудың және білікті инженер кадрларын даярлаудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай жобалар өндіріс саласының кадрлық әлеуетін дамытуға үлес қосып, болашақ мамандардың заманауи технологиялармен танысып, оқу барысында тәжірибе жинақтауына жол ашады.
Өз кезегінде ToU ректоры Нұрлан Медетов «Railways Systems Holding» ЖШС-не қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Ол жаңа аудиторияның ашылуы университет пен өндіріс орындары арасындағы байланысты нығайтып, инженерлік білім берудің тәжірибеге бағытталған бағытын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.


