TOU-ДА УНИВЕРСИТЕТ ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН НЕГІЗГІ ЖЕТІСТІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Торайғыров университетінде Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетовтің қоғамдастық алдындағы есептік кездесуі өтті. Кездесу барысында университет қызметінің нәтижелері таныстырылып, оқу орнының қоғаммен ашық диалог орнатуға және сындарлы пікір алмасуға дайын екені көрсетілді.
Іс-шараға университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы мен мүшелері, жұмыс берушілер, қоғам өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ студенттер қатысты.
Биыл есептік кездесу екі бөлімнен тұратын жаңартылған форматта ұйымдастырылды.
Кездесудің алғашқы бөлімінде жаңартылған нысандардың ашылуы мен таныстырылымы өтті. Қатысушыларға университеттің білім беру инфрақұрылымын дамыту аясында жаңғыртылған және жаңадан ашылған оқу аудиториялары мен арнайы алаңдар таныстырылды. Экскурсия барысында қонақтар студенттердің білім алуына, тәжірибелік даярлығына және кәсіби дағдыларын дамытуына жасалған жағдайлармен танысты.
Екінші бөлімде университеттің ғылыми әлеуетіне арналған көрме ұйымдастырылды. Онда TOU ғалымдары мен оқытушыларының ғылыми әзірлемелері, зерттеу жобалары және инновациялық шешімдері ұсынылды. Көрмеден кейін Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетов есептік баяндама жасап, университеттің негізгі бағыттар бойынша атқарған жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелерін таныстырды. Атап айтқанда, академиялық қызмет пен білім беру сапасы, ғылым мен инновация, халықаралық ынтымақтастық, цифрландыру және жасанды интеллект, инфрақұрылымды дамыту, студенттік өмір мен жастар саясаты бағыттарына тоқталды.
Есептік кездесу университет жұмысының қорытындысын шығарумен қатар, TOU-да жүзеге асырылып жатқан өзгерістерді қоғам өкілдеріне таныстыруға мүмкіндік берді.

