АНА ӨНЕГЕСІ, ҚЫЗ ӨНЕРІ, ҰЛТ ДӘСТҮРІ
Бесік жыры, ана қолынан үйренген қолөнер, жасанды интеллект жасаған ұлттық дәстүрлер туралы бейнехикаялар… Қазақы тәрбиенің тамыры мен заманауи шығармашылық бір сахнада тоғысты.
24 қараша күні М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Аққу» облыстық жобасы аясында «Қыз еркем – қылығымен көркем» байқауы өтті. Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан келген 13 команда қыз тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды шығармашылық тұрғыда таныстырды.
Байқау үш кезеңнен тұрды.
Бірінші кезең – «Адал азамат – отбасынан басталады». Қатысушылар ата-аналарымен бірге бесікке салу, қонақ күту секілді қазақ халқының салт-дәстүрлерін сахналық көріністер арқылы жаңғыртты. Әр қойылымнан отбасылық тәрбие мен ұлттық өнегенің ізі байқалды.
Екінші кезең – «Анамның өнегесі – менің өнерім». Бұл кезеңде аналар қыздарымен бірге ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасап, олардың жасалу жолы мен тәрбиелік мәнін таныстырды. Анадан қызға берілген шеберлік пен өнердің ұрпақ жалғастығындағы орны көрінді.
Үшінші кезең – «Дәстүр – ұрпақтан ұрпаққа». Қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, қазақтың салт-дәстүрлері мен отбасылық құндылықтары туралы бейнероликтер ұсынды. Осылайша, ұлттық мұра заманауи технология тілімен сөйлеп, тың форматта көрерменге жол тартты.
Байқаудың Бас жүлдесі Май ауданы, Е. Мұқашев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің командасына табысталды.
Бұл байқау – қыз баланың бойындағы әдеп пен өнерді ғана емес, ана мен қыз арасындағы рухани байланысты, отбасындағы тәрбиенің құндылығын дәріптеген тағылымды кездесу болды. Өйткені ұлттық дәстүрді сақтау – өткенді еске алу ғана емес, оны келер ұрпақтың санасына сіңіріп, болашаққа жеткізу.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Қыз өссе – елдің көркі, тәрбиелі ұрпақ – ұлттың көркі!

