Ұстаз. Ғалым. Азамат.

Адам өмірінде әке-шешеден кейінгі орыны бөлек жандар – ұстаздар мен тәлімгерлер. Жылдар өткен сайын олардың бейнелері тұлғаланып,  сағынышпен ойға оралатынына бұл күнде көзіміз әбден жетіп жүр. Қазіргі есейген шағымыздың өзінде алғашқы ұстаздан бастап, одан әрі өмір баспалдағынан жетелеп өткізген сол бір абзал жандар есіңе түскенде жүрегің елжіреп, жаның жадырап шыға келеді.  

Өзімізге сондай қадірі өткен ұстаздарымыздың бірі әрі бірегейі техника ғылымдарының докторы, профессор Алпамыс Оразауханұлы Айтқұлов дер едік. Өткен жылдар ішінде ағайдың тәрбиесін көріп, дәрісін тыңдап, тәлімін алған  шәкірттерінің бәрі, ішінде біз де бармыз, ол кісіні үлкен құрмет тұтып, шын ниетімізбен Ұстаз- Ғалым- Азамат деп дәріптейміз. Бүгін ұлағатты ұстазымыз туралы ойымызды  өзіміз білетің деректер арқылы ортаға салғалы отырмыз.

 Талабы таудай балаң жігіт Алпамыс 1964 жылы орта мектепті ойдағыдай   тәмәмдап, сол жылы Қазақ политехникалық институтына түсті. Оны 1969 жылы «Мұнай кенорындарын игеру және кешенді механикаландыру мамандығы» бойынша бітіріп шықты.

Қиялы ұшқыр, ойы орамды, болашағына сенімді алғыр жас институттағы оқудың алғашқы жылынан ғылымға ден қоя бастады. Бірінші курстан-ақ көптеген студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты. Нәтижесінде  1967 жылы институттың 30 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Ұңғылардың өнімділік қабілеттілігін арттыру» тақырыбына баяндама жасап, төрешілер алқасының шешімімен үшінші орынды иеленеді.

Мақсатты ісінің алғашқы нәтижесі ой өрісінің көкжиегін кеңейтіп, ол ғылымға қарай бірыңғай бет бұрды. Ғылыми ізденісін институттан кейін де жалғастырды, сол арқылы өзі көз жеткізген практикалық және теориялық нәтижелеріне сүйеніп, диссертация жазуды қолға алды және оны 1985 жылы Мәскеудің  ВНИИнефть институтында  «Ілеспе судың көлемін азайту арқылы көпқабатты кенорындарды игеруді реттеудің тиімділігін арттыру» тақырыбы бойынша ойдағыдай қорғап, техника ғылымдары кандидаттарының сапына қосылды. Үмітін үкілеген жас ғалым мұнымен шектеліп қалмай, ұстаздық қызметін ғылыми жұмыспен одан әрі ұштастырды. Ғылыми тұжырымы салмақты көптеген сараптама мақалалар,  монография, оқулық жазып, ғылыми ортаға танылды.

Ұзақ жылғы ғылыми ізденісін 2002 жылы «Өндірістік эксперименттер арқылы мұнай кенорындарын игеру процестерін геотехнология және геомеханика әдістерімен жетілдіру» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғаумен қорытындылады. Сөйтіп, әріптестері арасында Маңғыстаулық алғашқы ғылым докторының бірі атанды. Кейін де ғылыми ізденістерін жалғастырды, ғылымға икемді жастарға тәлімгерлік жасап, талаптарын ұштады. Доктор Айтқұловтың жетекшілігімен бірнеше дарынды жас кандидаттық диссертация қорғады.

Ал, шәкірттері үшін ғалым Алпамыс  Айтқұлов, ең алдымен,  ақылшы аға, парасатты азамат,  ұлағатты ұстаз. Олар оны өздеріне өнеге тұтып, қадірлейді. Ұстаздарының тек өзіне тән әдіспен оқыған дәрістерін зейін қойып тыңдайды, тыңдаған сайын тың ой түйіп, білімін жетілдіре түседі.

Біз де кезінде Алпамыс Оразауханұлының алдына мектептен кейін өрімдей жас болып келіп дәріс алдық. Ол кісінің сабағында екі сағат бойы тапжылмай отыратынбыз, ал ағай болса қолынан боры түспей аудиторияның ішін аралап жүріп дәріс оқитын. Дәрісіне бізді де тартып, әрқайсымызды мұнайгаз өндіру басқармасының бөлімдеріне бір бірден  басшы етіп тағайындап, бөлімнің құрылымын, басшы ретінде бізге жүктелетін міндеттерімізді жіліктеп түсіндіреді. Сабақ одан әрі сұрақ-жауап болып жалғасып, біз өзімізді кәдімгі өндіріс басындағы мамандай  сезініп, қиялымызбен мұнай алаңдарын, ондағы ұңғыларды аралап кететінбіз. Кейін диплом алып, жұмысқа келгенде бәрі де тұп тура Алпамыс ағайдың айтқанындай болып шықты. Жұмыс барысында ағайдың лекциясын жазған дәптерімізді талай рет қайта-қайта парақтаған кезіміз де болды. Күрделі жағдайға тап болғанда абыржымай, сабыр сақтап, тығырықтан шығудың жолдарын  іздеуде әлі де  сол кісінің ақылын серік етіп жүреміз.

Алпамыс ағайдың туған жерге, оның тарихына дегенде пейілі ерекше. Дәрісінің арасында Маңғыстаудың тарихы, халқының салт-дәстүрі, түбектің батырлары, билері, ақын-жыраулары туралы әкесі, есімі өлкеге белгілі журналист, Оразаухан Ізбасаровтан естігендерін және өзі білетін деректерді құлағымызға құйып отыратын. Ұлтжанды ұстазымыздың сол бір тартымды әңгімелері, үзік сырлары күні бүгінге дейін жадымызда жаттаулы жатыр.

Институтты бітіруімізге  арналған жиында ағайымыздың бізге ақ жол тілей отырып:  «Естеріңізде жүрсін, бүгініміз – кешегі күннің ертеңі» дегені бар. Түсінген кісіге ұстазымыздың сөздерінде үлкен мағына жатыр. Ойлап қарасақ, мұнысы өзін кешегіге балап, бүгіні- бізге, ертеңі- бізден кейінгі ұрпаққа сенім артқаны екен.

Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жарияланған биылғы жастар жылы ағайымыздың осы айтқанын аға буын өкілдің тәлімі ретінде бүгінімізді ертеңге жеткізетін бізден кейінгі өскелең жастардың назарына ұсынып отырмыз. Мақсатымыз- ұлағатты ұстазымыздың және оның замандастарының үлгі- өнегесін жас ұрпаққа дәріптеу, ой салу. Жастарымыз айтқанымызға ден қойып жатса ниетіміз орындалды деп білеміз. 

Әлия ТОҒАШЕВА,
Рыскүл БАЯМИРОВА,
Ш.Есенов атындағы КМТИУ доценттері,
Ақтау қаласы.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий