Мектеп оқушыларын жан-жақты дамытудағы тәлім-тәрбиенің ықпалы

Қазіргі мектептегі оқу-тәрбие жүйесінің құрамды бөлігі-сыныптан тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары. Тәрбие жұмысында жеке тұлғаны қалыптастыру, оқушыны жан-жақты дамыту негізгі орын алады. Оқушыны дамытуға оқыту, білім беру, тәрбиелеу үрдістері өзара бірлікте жүргізілгенде ғана  қол  жеткізуге болады.

Даму дегеніміз ең алдымен, адам ағзасындағы  физиологиялық және психологиялық сапалық өзгерістер. Бұл өзгерістер белгілі бір әлеуметтік орта жағдайында өтеді. Әлеуметтік көзқарас  тұрғысынан қарағанда  тәрбие  қоғам  бақылайтын және  түзету  енгізетін,  жастарды  мемлекеттік  және қоғамдық құрылымдар арқылы  басқарып, бағыттайтын үрдіс. Қоғамның  жаһанданған қазіргі  және  болашық өміріне  қатысуға  мақсаттылықпен даярлау ісі тәрбие арқылы жүзеге асырылады.

Тәрбие үрдісі  жалпы  адамзаттық мәдениеттің  бір бөлігі  болғандықтан, мәдениеттану  тұрғыдан оқып  үйренуге  тура  келеді. Олай  болса,  бұл үрдіс  балаға ғасырлар бойы  қалыптасқан мәдени мұраны  меңгертіп, сол арқылы осы  заманғы  мәдениетке  енуіне  мүмкіндік береді.Тәрбие бір ұрпақтың озық тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс, осы арқылы адамның дамуына басшылық жасалады. Нәтижелі жүйелі тәрбие жеке тұлғаны дамытады, адамның қоғамдағы орнын анықтайды. Баланың  оны  игеруі барынша  қысқа  мерзімде  атқарылуы  тиіс,  сондықтан тәрбие  ісі  жалпы  адамзаттық гуманистік  бағытта  жүргізіліп, жеке бастық рухани дамуына бағытталу керек. 

Мектеп оқушыларының жеке тұлға ретінде дамуына халықтық педагогаканың мұралары, ұлттық тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үрдісінде халық педагогикасының тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей алатын азамат дайындауға жол ашылады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үрдісіне халықтық педагогиканың тәлімдерін және әлемдік мәдениет құндылықтарын енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады. Осы құндылықтар жаһандану жағдайында мәдени қарым-қатынас және ұлттық тәлім-тәрбие құралы болмақ.

Ж.Наурызбаев “Ұлттық мектептің ұлы мұраты” атты еңбегінде жас ұрпақ тәрбиесіне ұлттық мәдени құндылықтарды пайдалану мәселелерін жан-жақты қарастыра отырып, шынайы мәдени-этникалық мұраны жандандырумен болашаққа аманаттау, ұлттық тектестікті сақтау міндеті ең алдымен мектеппен байланысты”-дей келе ұлттық сана-сезімді қалыптастырудың, мәдениеттік мүдделердің құралы болып табылатын білім беру ісі алдына басты-басты үш міндетті береді: табыстаушылық (ұлттық мәдениетті өркендету, сақтау және дамыту); даралаушылық (адамның, этникалық топтың немесе этностың ұлттық-мәдени қажеттіліктерін, жеке тұлғаның ерекшеліктерін айқындау); ынтымақтастырушылық (мәдениеттердің өзара бірлігін,  кірігуін, байытуын,    жеке  тұлғаның  әлемдік  және  ұлттық  мәдениет  жүйесіне ұмтылысын   қамтамасыз ету);

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақтың Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының этнопедагогика және тәрбие зертханасының даярлаған “Мектептегі тәрбие жұмысынын теориясы мен әдістемесі” атты еңбекте  жеке тұлғаның дамуының ерекшелігіне байланысты, тұлғаның өздігінен дамуының мәні ретінде ең алдымен адамның шығармашылық мүміндігін табумен, содан соң оқушының өзіне деген сенімін бекітумен, өзін-өзі құрметтей білуін арттырумен және “мен” деген идеалымен жақын болумен тиянақталады. Осы заманғы тұлғаның маңызды белгілерінің негізі оның даралығы, ақылдығы, жауапкершілігі, еріктілігі, жеке басының қасиеті болып табылады-деп атап көрсетеді. [1,72 бет]

Ал И.П.Подласый “Педагогика” атты еңбегінде “Ұжым және жеке тұлға” атты бөлімінде оқушы мен ұжым арасында қарым-қатынасқа тоқтала отырып, жеке тұлғаның дамуына тәрбиенің ұжымдық ықпалының зор екенін көрсетеді. Яғни,   оқушылардың  жеке тұлға ретінде  қалыптасуына орта мен ұжымның игі ықпалы бар екені көп жылғы іс-тәжірибеден көрініп отыр. Әсіресе, тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында анкеталық сұрақтар мен тестік жұмыстар бойынша оқушылардың берген жауаптарынан айқын аңғарылады. Оқушылардың жауаптарының көбінде оларға ең күшті және белсенді түрде ықпал ететін “орта және ұжым” деген жауаптар берілген. Оқушының жеке тұлға ретінде дамуына ықпал ететін негізгі күш-орта. Жеке тұлғаның қалыптасуына сыртқы жағдайлар: табиғаттың ықпалы, әлеуметтік орта, мектеп және жанұя үлкен ықпал етеді. [2,150 бет]

Жеке тұлғаны дамытуда әлеуметтендіру мәселесіне аса назар аударуымыз керек. «Әлеуметтендіру дегеніміз-дейді О. Нұсқабаев-жеке тұлғаны жан-жақты қалыптастыру, жеткіншек жас ұрпаққа оқыту мен тәрбиелеу үрдісін белгілі бір тәртіпке келтіріп, жинақталған қажетті ғылыми-білімдерді, дағды-іскерліктерді және біліктілікті, рухани байлықтарды, мүдделер мен құндылықтарды, дүниетанымдық тағылымдар мен салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғыларды, адамгершілік пен мінез-құлық нормаларын белсенді түрде меңгерту арқылы оларды біртіндеп өздері өмір сүріп отырған қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрлысына сәйкес әлеуметтік рольдер жүйесіне қосу».

Жеке тұлғаның дамуы оның әрекетінен  және басқа адамдармен ой алмасу, соңдай-ақ сана-сезімінің пісіп жетілу үрдістерінде өтеді.  Жеке тұлғаны әлеуметтендіру мектепте    атқаратын  іс-шараларда негізгі орын алады. Яғни, оқушының өмірге деген көзқарасын, адамзат мәдениетін меңгерту, қоғамдағы орнын еркін табуы, ұлтаралық мәдени қатынастарды меңгерту мектептің оқу-тәрбие жұмысынын негізі болып табылады. Сондықтан біздің алдымыздағы негізгі міндет-білімді, тәрбиелі мәдениетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Жаһандану жағдайында мәдени этникалық білім мен тәрбие берудің негізгі міндеттері ретінде мыналарды ұсынады және үнемі басшылыққа алынады: жан-жақты мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу. Тұлғаның өзінің төл мәдениеттен сусындауы және  өзге мәдениеттерді ұғынуы үшін жағдай жасау.  Мәдениеттер алмастығына, бірін-бірі байытуына бағдар ұстау. көп тілді тұлғаны қалыптастыру.  Өзінің ана тілінде және мемлекеттік тілінде еркін ұғынысуға қабілетті азаматтарды даярлау. Сол арқылы өзінің этникалық тобына қатысты “бірдей адалдык,” үлгісін көрсету. Өмірде үш, төрт, одан да көп тілдерді шебер меңгертуге  мүмкіндік бар екеніне көз жеткізу.

Жеке оқушының мәдениеттілігінің қандай дәрежеде дамып, қалыптасуын зерделеу барысында Ж.Наурызбаев, Ж.Алтаев, Т.Ғабитов, А.Сейдімбек т.б. ғалымдардың «мәдениетті тұлғаға» берген анықтамалары негізге алынады. Мәдениетті тұлғалық сипатты қарастырғанда-дейді Т. Ғабитов-маңызды ұғымға тоқтала кету қажет, олардың ішіндегі бірден көзге түсетіндері: мәдени әрекет, мәдени орта, мәдени игіліктер мен қажеттіліктер және мәдени ұғымдар, ұжымдар. Бұлардың арасында ең маңыздысы-мәдени әрекет. Әрекеттену жалпы адам мен қоғамның өмір сүру тәсілі, тіршіліктің тірегі. Мәдени әрекет деп, әдетте мәдениет игіліктерін өндіруге, таратуға, тұтынуға бағытталған мақсатқа сәйкес әлеуметтік іс-қимылдарын атайды. Мәдени игіліктерді толассыз жасау нәтижесінде адам өзінің де мәдени деңгейін көрсетеді. Бұл маңызды үрдіс мектеп қабырғасында, тәлім-тәрбиелік іс-шаралар негізінде қалану шарт екеніне тоқталады. [3, 68 бет]

Бүгінгі мектеп қабырғасында отырған жас буынды ұлттық менталитет дәстүрлерге негіздей отырып тәрбиелеу қажеттілігі, осыған дейінгі өмір тәжірибелерімізден айқын аңғарылады. Жалпы адам бойындағы мәдениеттілік адам мен адамның, қоғам мен адамның, адамның іс-әрекеттері негізінде көрініс табады. Адамның мәдениеттілігін айқындайтын негізгі күш-орта. Осы тұжырымдардың қай-қайсысы да мәдениеттің ұлттық формада өмір сүретінін аңғартады. Сондықтан да, мәдениет арқылы этностық, тарихи,  мемлекеттік, экономикалық, әлеуметік, этнографиялық болмыс бейнесі көрініс табады деуге әбден болады. Көптеген авторлар жеке адамның дамып қалыптасуына әсер ететін факторлар тұқым қуалаушылық, әлеуметтік орта т.б. дей келе, тәлім-тәрбие жұмыстарына жан-жақты тоқталады.

Олай болса, мектеп баланың қарқындап даму кезеңі болып саналады. “Даму”-дегеніміз-әр уақытта бірыңғай тұтас үрдіс. Оның кейбір ерекшеліктерін атап көрсетуге болады. Ағзаның дамуы ең алдымен мүшелерінің өсіп-жетілуіне байланысты. Ал, әр түрлі мүшелер бір қалыпты өсіп жетілмейді, өйткені, ағзаның өсу қарқыны тұрақты емес. Сондықтан өсудің тездеу кезеңдері баяулау кезеңдерінен кейін немесе керісінше байқалып отырады. Мысалы, жыныс мүшесінің жетілу кезеңінде өсу күшейеді, соңынан баяулай бастайды. Жеке адамның психикалық дамуы-бұл оның іс-әрекеті мен мінез-құлқындағы саналылығының өсіп жетілуі. Сананың дамуы мен адамның қоршаған дүниені жете түсінуін, яғни, әлеуметтік ортаға көзқарасымен қатынасын айтады. Ал, сана дегеніміз-обьективтік шындықтың бейнелеуінің жоғары формасы. Бұл  әрекет оқу-тәрбие үрдісімен тікелей байланыста жүзеге асырылады.

Жеке адамның дамуы дегеніміз-оның нерв жүйесіңдегі функционалдық мүмкіншіліктерінің, психикалық процестерінің адамгершілік қасиеттерінің, білімінің, көзқарастарының оқу қабілетінің адам баласы жасаған материалдық және рухани байлықты игерудің және сол байлықты келешекте жасаудың даму тарихы болып табылады. Баланың дамуында іс-әрекеттің рөлі өте зор. Ол дамудын негізі. Оқушы іс-әрекеті арқылы танымын жетілдіріп, адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге жол ашылады. Мектеп оқушыларының мынандай бағыттағы іс-әрекеттерін ұйымдастыруға және рухани-адамгершілік ұстанымдарға бағыттауға болады: өмірлік бағытты көздей білу;тадамдық қадір-қасиетін сақтау; қоғамдағы өз орнын таба білу; ой-сезімін дамыту,өз іс-әрекетіне талдау жасау; өзін-өзі еңбекке, дербестікке бейімдеу,т.б.

Балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты іс-әрекеттерінің салаларының мазмұны, ұйымдастыру әдістері мен тәсілдері және мотивтері де өзгеріп отырады. Мұны әртүрлі іс-әрекеттерінің түрлерінен байқауға болады. Мектепте іс-әрекеттердің бірнеше түрі бар. Олар: оқу еңбегі, баланың өзіне-өзі қызмет етуі, қоғамдық пайдалы еңбек, өнімді еңбекке баулу. Еңбек тәрбиесі барысында оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі іс-әрекеттері іске асырылады. Еңбек тәрбиесінде оқушылардың өзіне-өзі қызмет етуінің маңызы зор. Оқушының еңбек ету іс-әрекеті оның жас ерекшеліктерімен тығыз байланыста өтеді. Бастауыш сыныптардағы іс-әрекеттер  көбіне ойын түрінде, үлкендердің еңбек әрекеттерін қайталау үлгісінде дамиды. Осы кезеңдегі берілетін тәлім-тәрбие түрлерінің сапалы болуы өте маңызды.

Белгілі педагог А.С.Макаренко баланың мінез-құлқы мен тәрбиелік бағытының бес жасқа дейін қалыптасатынын айтса, ал американ психологы Блюм 7-8 жасқа дейін баланың жеке қасиеттерінің 70% қалыптасады дейді. [4,104 бет] Осы пікір қазақ педагогы М. Жұмабаевтың еңбегінде негізгі орын алады. “Педагогака” атты еңбегінде “тәрбиенің қолданатын жолыұлт тәрбиесі”, дей келе негізгі тәрбие бесіктен басталуы керектігін жан-жақты талдайды, нақтылайды. Оқушыны дамытуда-білім мен тәрбие беру, өзін-өзі тәрбиелеу негізгі орын алады. Білім ала отырып оқушының ғылыми-танымдық және бүгінгі экономикалық, нарықтық қатынастарға байланысты мағлұматтары молаяды. Бұл жерде оқушының жеке тұлға ретінде дамуына тәрбие үрдісі қандай ықпал етеді деген сауал туындайды. [5, 57 бет]

Тәрбие қоғамдық өмір талаптарына сай өзгеріп, жетіліп отыратыны белгілі жағдай. Мәселен, ұзақ мерзімді іске асырылатын және күн сұрасына қарай жедел шешімін күтетін мақсаттар болады. Тәрбие мақсаты әрдайым қоғамдағы мәдениет пен өркениеттің айнасы тәрізді (Мәселен, руханилық, адамгершілік, бостандық т.б.). Біздің қоғамыздағы жедел шешуді қажет ететін тәрбие мақсатына: өзіндік ой-әрекетін дамыту (инициатива), қоғамдағы жетістіктерге ілесу, нарықтық-экономикалық қатынастарды түсіну т.б. Тәрбие теориясында қамтылған мәселе адамды тұлға ретінде қалыптастырып, дамыту. Психология тұлғаның мінез-құлқын, түрткілерін, тұлғаның сипаты мен іс-әрекеттерінің негізін анықтайды. Жалпы адамзаттық адамгершілік құндылықтар тәрбие мақсатының өзегі. Олар-руханилық, бостандық жауапкершілік, ізгілік т.б. адамның өмір сүру мәнділігін айқындайтын мақсаттар мен мүдделер жиынтығы.

Жоғарғы ізгілік мұраттарының ең біріншісі-руханилық. Өзін-өзі жетілдіретін тұлға үнемі адамгершілігін дамытуға ұмтылады. Бостандық адамның ішкі және сыртқы еріктілігі, басқаның құқын сыйлау, әлеуметтік жағдайына, ұлтына, сеніміне, саясатына қарамастан еркін қарым-қатынаста болу. Бостандық бар жерде жауапкершілік басым. Расында, бала табиғат заңдылықтары арқылы жетісіп,оның бойындағы мүмкіншіліктер мен қасиеттер біртіндеп дамып отырады. Жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін жаңа сатыға көтеретін орта мектеп және ондағы тәлім-тәрбиелік іс-шаралар. Мектеп оқушыларының ең керемет ерекшелігі-оның еліктеу, қызығу, қайталау, өзгеге ұқсау, бейімділік т.б. қасиеттері. Міне,осы кезеңдегі тәрбие негізі гуманистік таза адамгершілік бағытта берілуі шарт. Осы орайда оқушының даму негіздері етіп мына бағытты ұстануға болады: жеке адамды дамытуға байланысты қажетті  жағдайларды жасау, іс-әрекеттік ортаны құра білу (мәдени әрекет, мәдени орта, мәдени игіліктер, мәдени қажеттіліктер, мәдени ұғымдар); қоғам дамуымен  жас ұрпақ тәрбиесі арасындағы сабақтастықты сақтап, мектептегі тәрбиені мәдени құндылықтар негізінде құру, оқушы өмірінің мәнін ашатындай сипатын анықтау; оқушының ішкі мүмкіншілігіне байланысты сыртқы әсердің біртұтастығын сақтау, жас және дара ерекшеліктеріне байланысты саралап оқыту мен тәрбиелеу жолдарын іздестіру; оқушының анатомиялық, физиологиялық, психикалық, рухани және қоғамдық дамуына қосымша жағдайлар мен іс-шаралар жасақтап, жүйелі жұмыстар жүргізіп отыру.

Мектеп оқушыларының адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі, оның өзін-өзі танып, өз айналасындағылармен, қоғамдық ортамен, отбасы мүшелерімен дұрыс қарым-қатынасқа түсуі-әлеуметтік және рухани дамуының алғы шарттары болып есептеледі. Сондықтан балаға жастайынан өзінің төл мәдениетімен қатар басқа да әлемдік мәдениетті меңгертуге жағдай жасау қажет. Дүнетанымдық көзқарасын қалыптастыруда  этно-мәдени білім негіздерін меңгертудің маңызы ерекше. Кез-келген халықтың өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы тарихи дамудың заңды құбылысы. Сондықтан жас ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіру-тәрбиенің өзекті мәселелерінің бірі.

Жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруде, білім негіздерін меңгерту арқылы оның тәндік, жандық, рухани, қоғамдық, әлеуметтік үйлесімділігі сақталады. Өмір сүру құндылықтары мен мәнін түсініп, табиғатпен сабақтаса отырып, адамдық игі қасиеттер негізінде дамуға мүмкіндіктер алады. Адам өзін-өзі рухани дамыту үшін үнемі тәрбиелеп, өздігінен білім алып, өз бетінше оқып үйренуге ұмтылуы шарт. Осы қасиеттер оқушы бойынан көрініс табу үшін, жас ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың  рухани байлығы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық сана, дін және рухани құндылықтарды жоғалтпай пайдаланып отыру өз нәтижесін береді. Сондықтан мектепте ұйымдастырылатын тәлім-тәрбиелік іс-шаралар мен тәрбиелік жұмыстар, оқушыларды жан-жақты дамытып, үнемі жетілдіріп отыратын бағытта болу керек.

 Ағуза РАМАЗАНОВА, «Өрлеу» БАҰО АҚ Маңғыстау облыстық филиалының жаратылыстану – ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқытудағы инновациялық технологиялар мен әдістер кафедрасының аға оқытушысы, Ақтау қаласы.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий