Ел ертеңі – жас мамандар

Бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіби білікті, білімді маман, болашақ отбасының тірегі, еліміздің байлығы, болашағы. Жас мамандар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан, бүгінгі күні оларға үлкен үміт артылып отыр.

Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «2019 жыл –  Жастар жылы» деп жариялауында  үлкен жауапкершілікті көздейтін мақсат пен міндеттер көзделді.

Қазақстан қоғамында қазіргі кезде бұрынғы ұрпақтардан өзгеше, зияткерлі, жаңа бағдар ұстанған, құндылық ұстанымдары экономикалық  іс-қимылдар арқылы табысқа жетуге бағытталған жастар қалыптасып келеді.

Елімізде кадрларды даярлаудың қабырғалы жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл қоғам алдында тұрған ірі мәселе қазақстандық компаниялардың білікті кадрларды қажет етуінде, ал жоғары оқу орындарының жұмыс орындарына деген қажеттілігіне жауап береді. Аталған жүйе жастарға кәсіби біліктіліктерін арттыруға және оларды жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Міне, осы ерекшеліктерді ескеру барысында «Жастар жылы мақсатының маңыздылығы неде? Жастардың бүгінгі бетпе-бет келіп отырған мәселесі қандай?» деген сауалдарды саралап, нақты жұмыстар жүргізу талап етіліп отыр.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының филиалы Қостанай облысы бойынша педагог қызметкерлердің институтында да жас мамандарды қолдау, бағыттау мақсатында көп жұмыстар жүргізілуде.

«Шәкіртке ұстаз болу-ірілік» жас педагогтер фестивалі жалпы білім беретін ұйымдар педагогтерінің кәсіби дамуын қолдауға бағытталған, педагогтердің шығармашылық әлеуетін ашып көрсету, кәсіптік белсенділік пен азаматтық бастаманы дамыту, жас педагогтердің кәсіптік және әлеуметтік бейімделу үрдісін жеделдетуге ықпал жасау мақсатында өткізілді. Бұл басқосу педагогтің өзін-өзі танытуға, жеке идеяларын жүзеге асыруға, таланттарын көрсетуге мүмкіндік ұсыну арқылы ерекше қарым-қатынас жасау, шығармашылықтар мен жаңа табыстар әлемі бола алды.

Ұйымдастырылатын шараларға үнемі қатысып жүрген белсенді жас маман Әулиекөл ауданының Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің мұғалімі Нұрымжан Милақатовтың пікірінше: «Еліміздің, туған жеріміздің жас маманы ретінде білім беру саласында еңбек етіп жүрмін. Қазіргі таңда әлемнің көптеген дамыған елдерінде экономикалық дағдарыс өрістеп, миллиондаған жастар өмірден өз орнын таппай, жұмыссыз қалуда. Қазақстан көшбасшысының бастамасымен жалпы ұлттық: «Ауыл жастары», «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі» және «Жасыл ел» сынды жастардың жобалары жұмыс жасауда. Жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерді бітірген мыңдаған жас мамандар сенімді жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп отыр. Осы қолдаулардың өзі жастардың сенімділігін арттырады. Өз басым, осындай іс-шараларға қатысып, еңбегімнің бағаланып жүргенін мақтанышпен айтар едім…»

Қорыта келе, жастардың тән және жан саулығы – елдің стратегиялық қоры және оның қазіргі дамуының шешуші факторы. Жасөспірімдер мен жастардың бойында ізгілікті, рухани құндылықтарды қалыптастыру әлемдік, ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттау білім беру мекемелерінің маңызды міндеттері болады. Жастардың эстетикалық, ізгілікті талғамының қалыптасуына бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, электронды ақпарат құралдарының айтарлықтай ықпал ететінін ескеру қажет. Зорлық-зомбылықты, қатігездікті уағыздау жастардың мінез-құлқына жан-жақты қысым көрсетіп, жаман қасиеттергі бой алдыру арқылы теріс әдет-дағдыларды қалыптастырады. Осы мәселелердің шешу жолдарын қарастыру маңызды жұмыс бағыттарының бір бөлігі болып саналады.

Ақпаратты, ақылды технология заманында ақыл да, креативті идеялар да жастардан шығады. Демек, патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды. Әрбір жас маман қоғамда өз орынын табуы үшін қолдау көрсетуіміз қажет.

Ғалия ЖҮСІПОВА,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы
бойынша ПҚ БАИ кафедра меңгерушісі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий