Жұбанов университеті: Бүгіні мен ертеңі

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті қазіргі кезде заман талабына сай бәсекеге қабілетті мықты мамандар дайындау барысында отандық білім мен ғылым саласына сүбелі үлес қосып жүрген танымал жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарында. Осы орайда университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембековпен арнайы әңгімелесіп, беделді жоғары оқу орнының бүгіні мен ертеңі жайын сұрап білгенбіз.

Бауыржан Аманкелдіұлы, отандық университеттер әлемдік өзгерістерге бейімделіп, шет елдегі серіктестерімен көп қырлы қарым-қатынастарын күшейтуде. Бұл тұрғыда Жұбанов университетінің бағдары қандай? Бір ауыз сөзбен айтсаңыз.

– Ең алдымен жоғары оқу орындары дербестікке көшуде. Әр ЖОО-ның өз білім траекториялары болады, жеке өзінің дипломын бере бастайды. Бәсекеге қабілетті болсаң заманның даму ырғағына ілесесің, болмаса көштен қалу қаупің бар. Қ.Жұбановтың атын иеленіп отырған біздің қара шаңырақтың 85 жылдық тарихы бар. Іргетасы сонау 1935 жылы қаланған. Бірақ, негізгі көрсеткіш ол емес. Бүгінде жиырма, отыз жыл бұрын құрылған жас университеттер өзіндік білім платформаларын жасақтап, алға ұмтылуда. Сол себепті де, «біздің тарихымыз бай, мамандығымыздың саны көп, студенттердің саны он бес мыңға жетті» деген көрсеткіштер келешектің кепілі бола алмайды. Саннан сапаға көшетін кез жетті, тіпті өтіп кетті десе де болады. Әрине, университет үздіксіз ізденудің арқасында біршама жетістіктерге жетті. АРТА (Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі) рейтингісінде осы оқу жылында Қазақстанның ең үздік 20 ЖОО арасында 4-ші орында тұрмыз, бірақ бәсекелестік өсіп келеді.

Кеше ғана Х жазғы Универсиаданың қорытындысы бойынша университетіміз командалық есепте ІІ орын иеленіп, республиканың үздік университеттерінің үштігіне енді. Жұбановта спорт қаншалықты дамыған дегенге айтар дәлел – осы. Бірақ, осымен тоқтап қалуға болмайды.

Бірнеше бағытты қатар алып келе жатқан алып кемелер қайраңға тұрып қалып, кішкентай желкенді қайықтардың желдей есетін заманы келгенін ұмытпауымыз керек.

– Бауыржан Аманкелдіұлы, ағымдағы жылы Жұбанов университетіне 5000-нан астам талапкер оқуға қабылданды. Университет осындай көрсеткіштерге қалай қол жеткізді?

Бұл арада бағыт-бағдар беру, яғни, профориентациялық жұмысты атына сай дұрыс жолға қою керек болды. Біз көбіне профориентацияны жалаң үгіттеумен (агитациямен) шатастырып аламыз. Ауыл-елді аралап, мектепке барып «біздің университетке келіңдер»,- деп бір жапырақ жарнама қағазды таратудың күні келмеске кету керек. Немесе теледидар мен баспасөзге жарнама беріп қарап жатуға болмайды. Мектеппен жан-жақты жүйелі байланыс, сондай-ақ он бір бітіретін түлекпен ғана емес, мамандық таңдауға сегізінші, тоғызыншы сыныптан бастап тарту керек. Бұл жерде мамандық таңдайтын жас өспіріммен ғана емес, ата-ана, мектептегі пән мұғалімдері, класс жетекшісі т.б. адамдармен кешенді жұмыс жүргізу қажет. Және сол жұмысты біздің университет жасап та жатыр. Қабылдау комиссиясының алдына келіп тұрып, құжат тапсырарда мамандық таңдауға қиналып тұратын түлектің келбеті, біле-білсеңіз бүкіл мемлекеттің болашақ бейнесінен хабар беретін қорқынышты дүние. Сондықтан да, мамандық таңдауға, оны жас түлекке таңдатуға бей-жай қарамауымыз керек. Адам баласы жар таңдауда, ұстаз таңдауда және мамандық таңдауда қателеспеуі керек деп ойлаймын…

Осындай мәселелерге кешенді түрде келген университеттің аяқ алысы жаман емес. Жыл сайын білім алушылар саны артып келеді. Мысалы, 2017 жылы ЖОО-да он мыңнан астам студент білім алса, бүгінде он үш мыңнан асады. 2018 жылы студенттер қатары 5 318 студентпен толықты.

Менің ойымша, университеттің тартымдылығының негізі ретінде қос дипломды және дуалды білім беру мүмкіндіктерін, аралас және жаңа білім беру бағдарламаларының пайда болуын, түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуын атауға болады. Универсиантардың 50%-ы тегін білім алады. Олардың ішінде ҚР БҒМ білім грантының, университеттің атаулы гранттарының, облыс әкімі грантының және әртүрлі өндірістік кәсіпорындар гранттарының иегерлері бар. «Серпін» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы қалаларынан келген студенттер оқиды. Студенттер қатарын алыс және жақын шетелдерден (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия) келген 1000 студент толықтыра түсті. Айта кету керек, 2018 жылы университетте «Ата Қоныс – Ақтөбе» жобасы басталып, жоба аясында алыс және жақын шетелден келген ұлты қазақ студенттерге арнайы жеңілдіктер жасалды.

Біздің университет Ұлттық бірыңғай тестілеуге, мемлекеттік білім гранты конкурсына құжат қабылдайтын өңірдегі базалық жоғары оқу орны. Ағымдағы оқу жылында университет базасында Жоғары колледж ашылды, онда 400-ге жуық студент оқиды, биыл олардың саны мыңға жетеді деген үміттеміз. Студенттер саны жаңа, бүгінгі қоғамға қажетті мамандықтарды ашу есебінен де көбеюде. Осы арада айта кетуіміз керек ЖОО-ның рейтингі «Атамекен» Ұлттық палатасының жүргізген сараптамалары арқылы бағаланады. Осы бағалауда соңғы орындарда көрінген мамандықтар бәсекеге қабілетсіз болса, оларды жабу керек. Бұл тұрғыда университет саннан сапаға қағидасын мықтап ұстануда. Мәселен, келесі оқу жылында білім алушылар (бакалавриат, магистрант, докторант) саны он алты мыңнан асады деген жоспарымыз бар. Санның көбеюіне байланысты сапаны да күшейтеміз. Үлгерімі төмен және Жұбанов университетінің студенті деген атқа сай емес тәрбиесі толыспаған кез-келген жас оқудан шығарылады. Солай болып та жатыр.

– Сонда, сіз тәрбие мәселесін басты орынға қойып отырсыз ғой?

Иә. «Тәрбиесіз берілген білім, ол – адамзаттың қас жауы»,- деген ойшыл Әл-Фарабидың сөзін бас ғимаратттың маңдайшасына тегіннен-тегін жазып қоймасақ керек. Осыған орай университеттің миссиясы да былайша айқындалуы керек деп ойлаймын: Жұбанов университеті тек маман дайындаумен шектелмеуі керек, ол – Абай айтқан толық адам қалыптастырып шығаруы қажет.

Тәрбие бар жерде өтірік, өсек, басбұзар өктемдік, дарақылық пен өркөкіректік жербауырлап қалады. Тіпті қазір қоғамда өршіп тұрған парақорлық та тәрбие мен тәртіптің жанында тұншығып қалады.

– Тәртіп туралы айтып қалдыңыз. Өзіңізден, өзгеден тәртіпті қалай талап етесіз?

Өзімнің тәртібім туралы бағаны өзгелер бере жатар. Әдебиетші болғаннан кейін кемшілікті сүйектен өткізіп айтатын әдетім бар. Темірдей тәртіптің болғанын қалаймын. Темірдей дегенді қасаң түсінбеу керек. Мысалы, кешіккенге жаным қас. Өз басым еш жерге кешікпеймін. Кешігу – өзгенің уақытын ұрлау. Үш сағат кешігіп басталатын тойлардан кейін тойға көп бармауға тырысам. Біздегі жиналыс болсын, мерекелік іс-шара болсын бір минут кешіктірілмей уақытында басталады. Кешігіп келіп, «қазақпыз ғой» дегендерге айтарым, чукча халқына ұқсап, сайқымазақ әңгіменің кейіпкерлеріне айналмайын десеңіздер, жаман нәрсенің бәрін қазаққа жапсыра бергенді қою керек.

Екінші бір дүние, әріптестер арасындағы алауыздық, ұжымда тіл табыса алмау мәселесіне төзбеймін. Қанша жерден өз ісінің профиссионал маманы болғанмен, маңындағылармен тіл табыса алмаса, ұжымнан жеке басын жоғары қойса, онда жұмыс жүрмейді. Ондай мінезі келіспеген адамдар қай деңгейдегі басшылыққа да жарамсыз.

Өзім ашықпын, ашықтықты жақсы көрем. Адамдарды тек жұмыс істей алатын, істеуге ұмтылатын немесе жұмыс істей алмайтын, құлықсыз деп қана бөлу керек. Сондай-ақ, біреуді сыртынан жамандайтын адамдармен жұмыс істемеуге тырысамын.

– Батыс Қазақстанның агломерациясы болып табылатын Ақтөбе қаласында Жұбанов университеті аймақтық ғылымды дамытудың негізгі орталықтарының бірі болып табылады.

– Иә, расында да солай! Ақтөбе облысы ғалымдарының басым бөлігі, жоғары оқу орындарында, соның ішінде Жұбанов университетінде шоғырланған және дәстүрлі түрде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулермен айналысады. ЖОО-ның 85 жылдық тарихында физика, математика, филология, тарих, педагогика және т.б. ғылымдар саласында ғылыми бағыттар мен мектептер қалыптасты.

Жұбанов университетінің көптеген профессорларының ғылыми ізденістері айтарлықтай жемісті тәжірибесі бар, олардың нәтижелері отандық және шетелдік ғылыми ортада лайықты бағаланған. Мысалы, профессор Қ.Ш.Шүңкеевтің радиациялық физика мектебі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Эстония, Белоруссия, Польша секілді т.б. шет елдерде әйгілі. Бұл зертхананың жабдықталуы әлемдік стандарттардан кем түспейді, зертханада Назарбаев университетінің, Тарту мемлекеттік университетінің жас ғалымдары және т.б. өз зерттеулерін жүргізеді. Профессор Ж.А.Сартабановтың дифференциалды теңдеулерді шешудегі математиктер мектебі ерекше ықыласқа ие, белгілі қоғам қайраткері, ғалым А.Айталының әлеуметтану, дінтану, саясаттану бағытындағы ғылыми еңбектері өз өзектілігімен құнды. Сондай-ақ, этнолингвистика және топонимика, әдеби өлкетану бағыты, А.А.Калюжный негізін қалаған педагогика мен психология мектебі, «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламалары аясында жаңа серпін алған тарихшылар мен археологиялық ізденістердің ғұмыры баянды.

Университет іргелі ғылыми зерттеулермен қатар, аймақтың қолданбалы міндеттерін шешуге де назар аударады. Ол үшін жаңадан құрылған «Инновациялық технологиялар паркі» зертханаларын қосымша жабдықтау жүріп жатыр, үнемі жаңа жабдықтар сатып алынуда. Қазіргі уақытта, техникалық факультетте металлургия кафедрасының ғалымдары «Қазхром» ТҰК» АҚ-мен университет сатып алған тікелей токты доғалы пешінде хром кенінің шаңын кәдеге жарату бойынша бірлескен жоба әзірлеуде. Кенді сынақтық балқыту осы жобаның тиімділігін көрсетті. Қазіргі таңда кафедра мен зауыт ғалымдары қосымша жабдықты баптап, облыс аумағын феррошаңнан кешенді тазарту сынды жобаларды қолға алуда.

Аймақтың экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі өзекті міндетті диатомит минералының көмегімен жүзеге асырумен физиктер, химиктер және экологтар құрылған бірлескен команда айналысып жатыр. Аталған материал белгілі бір жағдайларда ТКШ-ның кәріздік қалдықтарын кәдеге жаратуға, яғни Ақтөбе қаласындағы жағымсыз иіспен күресуге байланысты мәселені шешуге көмектесе алады. Зертханалық сынақтар аяқталды, енді далалық зерттеулер мен коммерцияландыру деңгейіне көшу қажет.

Қолданбалы міндеттерді гуманитарлық сала ғалымдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шешуде, атап айтқанда қазақтардың діни-мемориалдық қолөнер ескерткіштері, табиғат, мәдениет ескерткіштері зерттеліп, перспективалы туристік бағыттарға енгізілуде. Өңірде ішкі және халықаралық туризмді дамыту бойынша кешенді міндеттер шешілуде. Десек те, бәрі керемет деуге болмайды.

– Неге, ғылымның дамуына көңіліңіз толмай ма?

Иә, ауруын жасырған ажалынан бұрын өледі,- дейді. Республикалық деңгейде қаржыландырылатын жобалардың аздығын айтпай кетуге болмайды. Жасыратын не бар, қазір елімізде ғылым тұралап тұр. Университетте таза ғылыммен айналысатын мамандар азайып барады. Кезінде ғылыми орталықтарды басқарған ғалымдардың дені зейнет жасында. Бар үмітті жастарға арту керек. Маманды сырттан шақырғанмен, оның тұрақтап қалуы екіталай. Докторантураға басқа қалаға барып оқуға да көп жастардың семьялық жағдайы көтере бермейді. Сол себепті, екі жыл бойы он бес мамандық бойынша магистратура, бес мамандық бойынша докторантура жаңадан аштық. Біздің ғылыми қоғамдастықтың соңғы жетістіктерінің бірі ретінде университет жанынан 6D060100-Математика, 6D060400-Физика мамандықтары бойынша екі диссертациялық кеңестің ашылуын айтуға болады, олардың құрамында университеттің 10 ғалымы бар. Осылайша жас ғалымдарымызды өзіміз дайындап жатырмыз.

– Кәсіпкерлікті дамыту мәселесі елімізде өте қарқынды қолға алынып жатыр. Сіздің жоғары оқу орны кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін шешуде де тыс қалып отырмаған шығар?

– Осы жерде бір мәселеге назар аударғым келеді. Біз ғылым мен кәсіпкерлікті шатастырмауымыз керек. Қазір осыны бір дүние деп қарап жүргендер бар. Әрине, кәсіпкерлікті дамыту, «Start-up» жобалардың ғылыммен байланысы бар, бірақ екеуі екі бөлек нәрсе.

Ал енді, кәсіпкерлікке баулу деген бар да, онымен түбегейлі айналысу деген бар. Университет өндіріс орны емес, бірақ сол бастау көздерін үйрететін, баулитын орта. Жұбанов университетінде барлық дайындық бағыттары үшін «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізілді. Осы жылы университет базасында «Start-up академиясы» ашылды, оның басты мақсаты – студенттер мен оқытушыларды кәсіпкерлік дағдыларға оқыту болып табылады. Мұнда бизнес-жобалар мен жас кәсіпкерлердің идеялары дамуда. ЖОО ұраны – «Start-up» жобалары жастар арасында кәсіпкерлікті дамытудың негізі болуы тиіс. Жұбанов университетінде алғашқы стартап-байқау 2017 жылдың желтоқсанында өтті. Ең қызықты «Start-up» -жобалардың бірі «Ақылды балабақша» жобасы болды (жетекшісі – п.ғ.д., профессор Туребаева Клара Жаманбайқызы), ол қазір 100-ден астам бала қатысатын дербес «Зерек» балалар дамыту орталығына айналды. Қазір бірнеше жұмыс орны бар орталық «Жазғы лагер» жобасын сәтті іске асырып жатыр.

Өткен жылы Ақтөбе облысы деңгейінде жастарды әлеуметтік-маңызды жұмыстарға тартуға бағытталған «Zhas project» байқауы өткізілді. Біздің университетімізден 11 өтініш келіп түсті, оның 6-уы жалпы сомасы 7 млн. теңгеге грант ұтып алды. Келешекте «Start-up» академиясы Ақтөбе облысының «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, Жұбанов университетінде ғана емес, Ақтөбе облысында да кәсіпкерлік дағдыларды дамытатын бизнес-жобаларды талқылау және іске асыру алаңына айналады деп үміттенеміз.

– Өңірлік ЖОО облыс жұртшылығының рухани даму орталығы болып табылады. Осы бағытта қандай қадамдар жасайсыз?

– Бұл ретте біздің университет базасында құрылған Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» аймақтық кеңсесі үлкен әдістемелік көмек көрсетуде. ЖОО дамуының стратегиялық жоспарында біз аймақтың тарихи тұлғаларының ұмыт қалған есімдерін қайта жаңғырту мақсатында, біз алғаш рет жоғары оқу орнының оқу ғимараттарына көрнекті тарихи тұлғалардың есімін беру мәселесін көтердік. Мысалы, университет Ғылыми Кеңесінің шешімімен бас оқу ғимаратына профессор Мұхтар Арынның, тарих факультетінің ғимаратына тарихшы, профессор Бекежан Сүлейменовтің, филология факультетінің ғимаратына халық ақыны Нұрпейіс Байғанин есімдері берілді.

Осы жылы іске асырылған жобаның бірі – жаңғыртылған Жастар сарайы, мұнда фортепиано, хор өнері, хореография залы, баян және домбыра кластары, кинозал, «Атриум» көрме залы және «Мәңгілік ел» конференц-залы бар. Эндаумент қорының (меценаттардың демеушілік көмегі) арқасында жалпы сомасы 25 млн. теңгеден астам қаржыға Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Алмас Алмат, Досжан қазірет, Бекежан Сүлейменов, Рабиға Сыздықова сынды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атына дәрісханалар жабдықталды. Бұл арада ата-бабаларымыздың есімін елге насихаттап жүрген жаны жомарт меценат азаматтарға университет ұжымының, студенттерінің алғысы шексіз. Тарихи тұлға туралы құнды деректер беретін дәрісханалар жай ғана жасақталып қойған жоқ, сол жаны жомарт жандармен байланысты күшейтетін орталыққа да айналып отыр.

«Жұбановтану», «Абайтану және ұлттық руханият» және т.б. ғылыми орталықтар мен зертханаларда ғылыми зерттеу жұмыстарымен қатар БАҚ, әлеуметтік желілер, тарихи ғылыми басылымдар арқылы үлкен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылдан бастап мұндай материалдар «Жұбанов кітапханасы» сериясымен жариялана бастады, қазіргі таңда 20-дан астам монография жарық көрді. Осы жылы біз Абайдың 175 жылдығы, Құдайберген Жұбановтың 120 жылдығы және университеттің 85 жылдығы аясында Ақтөбеден Шығыс Қазақстанға дейін «Жұбановтан – Абайға» экспедициясын ұйымдастырдық. Кезінде осы оқу орнының басшысы Мұхтар Арын бастап кеткен игілікті іс жалғасын тауып Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Баянауыл, Семей, Жидебай, Қарағанды, Қарқаралы бағыты бойынша жасалған ғылыми-интелектуалдық экспедиция кеше ғана жақсы рухани олжамен оралды. Оның нәтижесін баяндауды келер күндердің еншісіне қалдырайық.

– Ағымдағы жыл университетте Сапа жылы деп жарияланды. Білім беру қызметінің сапасын арттыру мақсатында университетте қандай шаралар жүзеге асырылуда?

– Сапа жылы деп екпін беруіміздің өзі – уақыт талабы. Жоғарыда да айттық, сапасыз кадр ешкімге керегі жоқ. Бұл өзі бір-бірімен байланысты дүние. Өз мамандығын дұрыс таңдамаған түлек ол – әлсіз студент, ал әлсіз студент – сапасыз маман. Ол, біріншіден, жұмысқа тұра алмайды. Жұмысқа тұрған күннің өзінде жұмыс берушінің көңілінен шықпайды. Бұл көрсеткіштер, яғни, жұмысқа тұру, жұмыс берушінің пікірі – бүгінде университеттің рейтингін анықтайтын негізгі параметрлер. Демек, біз екі мәселеге басты наза аударуымыз керек. Сапалы профессорлық-оқытушылар және сапалы студент.

2017-18 оқу жылы материалдық базаны нығайту жылы ретінде өтті, ал осы жылы сапа мәселесін алға қойдық.

Профессорлық-оқытушылық құрамның қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесі туралы ереже қабылданды. Қосымша төлемақы осы рейтингке байланысты болады. Профессордың бәрі бірдей немесе доценттің бәрі бірдей, біркелкі қосымша төлемақы алатын бұрынғы жүйе келмеске кету керек. Жақсы, нәтижелі жұмыс істейтін жас магистр жылына бірде бір мақала жазбайтын, оқу құралын шығармайтын, кураторлық жұмысқа жегілмейтін профессор не доценттен көп қосымша төлемақы алуы мүмкін.

Осылайша рейтингі төмен оқытушылар ысырылып, жаңа мамандар жұмысқа қабылдануда.

Студенттердің сапасын жақсарту жолында, жаңа нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес ЖОО-ның Академиялық саясаты жаңартылды, сапа кепілдігінің саясаты анықталды және жарияланды, оқу жылына арналған сапа мониторингінің кешенді жоспары жасалды, курстан курсқа көшірудің GPA өтпелі балл көрсеткіші жоғарылатылды. Сонымен қатар студенттер арасында жауапкершілік деңгейін арттыру үшін оқыту және қорытынды бақылау процестері бөлінді. Жалпы білім беру пәндері бойынша аралық аттестаттау және Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша мемлекеттік емтихан енді компьютерлік тестілеу түрінде өткізіледі, ал базалық және бейінді пәндер циклдерінің емтихандары жазбаша түрде қабылданады.

Тағы бір назар аударатын мәселе – өндіріспен байланыс. 2019-2023 жылдарға арналған модульдік білім беру бағдарламалары мен 2-4 курстардың модульдік оқу жоспарлары Ақтөбе өңірінің кәсіпорындары мен ұйымдарының 138 өкілдерінің қатысуымен әзірленген және олардың ұсыныстары бойынша 400-ге жуық пән енгізілген.

Университетте 30 мамандықтың білім беру бағдарламаларына 57 траектория енгізілген. Бұл дегеніміз, бір диплом алу аясында біз «жан-жақты» маманды даярлаймыз. Сондай-ақ, қазіргі уақытта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қажетті «полиглот» мамандар туралы айта аламыз. «Білім беру» бағытындағы 7 мамандық студенттері көптілді білім беру жүйесі бойынша білім алуда. 9 білім бағдарламасы бойынша университетішілік қос дипломды білім беру бағдарламалары әзірленіп, бұл бойынша 20 студент білім алуда.

Биылғы жылы бізде «Кәсіби даму және мансап орталығы» жұмысын бастады. Мұндай орталықтар еліміздің бес университетінде құрылды. Бүгінгі таңда университет 230 өндірістік объектілермен, әртүрлі меншік нысанындағы мекемелермен және оқу орындарымен келісімшарттар жасасты. Білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар базасында кафедралардың 82 филиалы құрылды. 35 мамандықтың 114 пәні бойынша дуалды оқыту элементтері енгізілген. Практикаға бағытталған оқыту мақсатында дуалды оқыту элементтері бар пәндер бойынша тәжірибелік және зертханалық сабақтар кафедра филиалдары мен практика базаларында өткізіледі.

Университет екінші жылы вендорларды (WorldSkills) тарта отырып, жұмысшы мамандықтары бойынша біліктілік беру арқылы студенттерді кәсіптік сертификаттауды жүзеге асырады. 2 жыл ішінде жүзден астам студент 9 жұмысшы мамандығы бойынша сертификат алды.

2019-20 оқу жылының 1-2 курстарында педагогикалық практиканы оқу процесінен тыс өткізу жоспарланып отыр. Өндірістік тәжірибеден өту үшін 8 мамандық студенттеріне ірі компаниялар есебінен жалақы төленеді. Сондай-ақ, бұл кәсіпорындар алдағы уақытта осы мамандарды жұмысқа орналастыруға дайын.

– Ел үкіметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жемқорлық құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған тиімді шараларды қолға алып отыр. Университетте осы бағытта қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

– Жоғарыда да айттық, жемқорлықпен жаппай күреспесе, тамыр жайып кеткен бұл індетті жою қиынға соғады. Сананы тәрбиелемей, салдармен күресу – бос әурешілік. Әсіресе, әке-шешесінің қасынан енді ғана жырақтаған жастарға жемқорлықтың індетін жұқтырмауымыз керек. «Жұбанов университетінің оқытушылары пара алады екен» деп әлеуметтік желіде айтылып жатса, маған да, менің әріптестеріме де, студенттерімізге де оңай дейсіз бе? Мешкей деген жақсы ат емес. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Студентпен де, оқытушылармен де жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғыда бізбен бірге қоян-қолтық жұмыс жасап жатқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне ерекше алғыс айтуымыз керек. Кеше ғана екі мекеменің арасында «Ақтөбе облысы жоғары оқу орындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясына» қол қойылып, түсіндіру жұмысынан бастап анкеталық сұрақтар, түрлі іс-шаралар ұдайы өткізіліп келеді.

Жұбанов университетінде республикалық «Саналы ұрпақ» жобасын жүзеге асырылуда. Университетте Тәртіптік-сыбайлас жемқорлыққа қарсы қимылдар кеңесі жұмыс жасайды. Әр оқу жылының академиялық кезеңдерінде сапа мониторингі бөлімі тарапынан студенттер арасында жемқорлық фактілерінің орын алмауын қадағалау мақсатында «Оқытушы студент көзімен», «Білім беру сапасы», «Таза сессия» жасырын сауалнамалары жүргізіледі. Жемқорлыққа байланысты есімдері бірнеше рет қайталанатын оқытушылардың мәселесі кеңесте қаралып жатыр.

Емтихан кезінде «Біз таза сессияны қолдаймыз» акциясы аясында call-center жұмыс жасайды, мұнда сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалар қабылданады.

Университет толықтай бейнебақылаумен жабдықталған, оның көмегімен пәндерді оқыту сапасы мен емтихан тапсыру бақыланады. Бүгінгі таңда университетіміз Академиялық адалдық Лигасына кіруге дайын.

Тағы да, қайталап айтамын, егер үлкенге де, кішіге де сана бермесе, бұл жұмыстардың бәрі тек қатаң жазаға алып келеді. Жемқорлық сабағын оқи алмайтын студентке көп қатысты. Алты ай сабағына бармай емтихан кезінде оқытушыға сыйлық ала жүгіретін студент те қатаң жазалануы керек.

– Шетелдік жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық бүгінгі таңда үздіксіз білім беру жүйесіндегі маңызды компонент болып табылады. Осы бағытта сіздің университетте қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Университетте ішкі академиялық ұтқырлықпен қатар халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламалары қарқынды дамып келеді. Әлемнің 24 еліндегі 127 жетекші университетпен тығыз байланыс орнатылды. Жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларын салыстыру негізінде академиялық ұтқырлық Қытай, Ресей, Польша, Түркия, Латвия және Қырғызстанның жетекші университеттерімен жүзеге асырылады. Мысалы, 2016-17 оқу жылында академиялық ұтқырлық бойынша шетелдік ЖОО-ларда 42 студент білім алса, ал 2017-18 жылы – 133 студент, биыл тағы 109 студент білім алды. 2018 жылы Польшадағы Быдгощ университетінде, 2019 жылы Түркияның Кастамону университетінде қазақ тілі мен мәдениетінің «Qazaq eli» орталықтары ашылды. Польшадан келген әріптестермен байланысты одан әрі нығайту мақсатында біз осы оқу жылында университет жанынан поляк тілі мен мәдениеті орталығын аштық.

– Қазіргі ЖОО-да әлеуметтік қолдау мен көмек көрсетудің түрлі формалары мен тәжірибесі көрініс беруде. Сіздің ЖОО-да осы салада қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Биыл Жастар жылында университетте жастарды әлеуметтік қорғау мақсатында біраз жобалар іске асырылуда. Университетте оқу ақысына жеңілдіктер беру ережесі бекітілген. Мысалы, жетім балалардың оқу ақысына 100%, көп балалы отбасынан шыққан үздік студенттерге 50% жеңілдік беріледі. Сонымен қатар оқуда, спортта немесе шығармашылықта жетістіктері бар талапкерлер мен білім алушылар Қ.Жұбанов атындағы білім грантына немесе стипендияға үміткер бола алады. 200-ге жуық студенттерімізге өңір демеушілері мен кәсіпорындары қаржылай қолдау көрсетуде.

Бүгінгі таңда ЖОО-да «Жұбанов жылуы» және «Үмітің үзілмесін», «INVO» International Voolunteer Organization сынды еріктілер топтары жұмыс істейді. Бұл тек қаржылық қолдау ғана емес. Осындай жобалар арқылы біз студенттер мен педагогтарға моральдық қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ, биыл 450 студент құрылыс жасақтарының құрамына енді. Жыл сайын студенттеріміз «Жасыл ел» көгалдандыру отрядтарының жұмысына қатысады, ал биыл «Жасыл желекті Жұбанов» жаңа жобасына да белсене ат салысты.

Біздің университетімізде «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясын өткізу дәстүрге айналды, оның мақсаты – мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттау. Аталмыш акция аясында университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері мұражай қорын әр түрлі тарихи жәдігерлермен толықтырады.

– Екі жыл бойы сіз Жұбанов университетін басқарып келесіз. Сіздің басшылығыңызбен бірінші жыл Жаңғыру жылы болып жарияланды. Ағымдағы жыл Сапа жылы болып табылады. Университеттің алдағы жоспарларын білгіміз келеді?

– Біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтамаймыз: келесі жыл университетте Ғылым мен инновация жылы ретінде жоспарланған. Ол үшін профессорлық-оқытушылық құрамның талапқа сай біліктілігін көтеру және жас ғалымдарды университетке тартуды мақсат етіп отырмыз. Инновациялық технологиялар паркін лабораториялармен жабдықтауды жалғастыру, университеттегі ғылыми мектептердің жұмысын түрлі өндіріс орындарымен байланыстыру, ғылыми жобаларға университетішілік гранттар тағайындау (әр бағыт бойынша бір немесе екі жоба), шетелдік жоғары оқу орындарымен біріккен жобаларға қатысу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдеби өлкетану, тархи өлкетану бағыттарын жалғастыру. (Мыс: «Ақтөбе ақтанкерлері» жинағы, Археологиялық лаборатория, Орынбор мұрағат қорымен ынтымақтастық жасау. Біздің ғалымдарымыз жұмысты бастап та кетті, жоба аясында жинақталған құжаттар мен мәліметтер Ақтөбе облысының тарихы бойынша цифрлы деректер базасын құру кезінде ескерілетін болады. Сонымен қатар, университетте «Bastau.kz» студенттік медиаорталық ашу жоспарлануда т.б.)

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Smart-университет құру идеясын жүзеге асыруға мүмкіндігі бар жоғары оқу орындары барынша бәсекеге қабілетті болады. Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ классикалық университет моделінен Smart-университет моделіне көшуді жүзеге асыруда. Бүгінде «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы, «Ситуациялық орталық», «ИРБИС» электронды кітапханасы, science.arsu.kz мәліметтер базасы және виртуалды мұражай университеттің smart-ортасын құрайды.

-Шешімін таппай тұрған қандай мәлелерге назар аударуыңыз керек деп ойлайсыз?

Барлығы сапалы кадрға байланысты. Сол себепті де, бар кадрлардың білімін жетілдіру керек. Жоғарыда айтқандай, жас ғалымдарды және өндірістен, мектептен тәжірибелі практиктерді қосымша жұмысқа тартамыз. Жақсы маман мен саналы студент – бұл университтетің қос қанаты. Қанаты қарымдылар ғана алысқа самғайды.

Сұхбатты жүргізген – 
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Жұбанов университеті: Бүгіні мен ертеңі

  1. Ректорымыз Бауыржан Амангелдіұлының екі жыл ішінде осынша еңбекті атқарып шығып, университетті төртінші орынға бір көтергені мені қатты таң қалдырады. “Жастар жанашыры” деген атақты бекер берген жоқ, рас, белсенді студенттермен кездесулер жасағанда үнемі ақылын айтып отырады. Барлық студенттің өзі айтқан “сапалы” маман боп шығуы үшін бірнеше форумдар мен конференцияларды ұйымдастырды. Алғысым шексіз! Жұбановта әлі талай жыл еңбек етсін деп тілеймін?

Добавить комментарий