Салаутты жастар – салауатты қоғам
Елдің ертеңін ойлау қажет. ХХІ ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты сауатты да, салауатты өмірге бағыттауымыз керек. Н.Ә.Назарбаев.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру – денсаулық кепілі. Қазіргі кезеңде үнемі алда тұрған өзекті мәселенің бірі – адам тәрбиесі, яғни жас ұрпақ тәрбиесі. «Не ексең соны орасың», – деген халық мақалы соның айғағы. Ұрпағыңды қалай тәрбиелесең отбасы да, мемлекеттің де болашағы, оның беріктігі осыған байланысты. Адамның басты байлығы – денсаулық. Денсаулық – адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса қайта орнына қиындықпен келетін, орны толмас асыл қазынасы. Денсаулығымыз жақсы болу үшін салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор. Тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болар жас ұрпақтың дені сау болса ғана биік шыңдарға қолы жетері, халқына қызмет етері даусыз. Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал біздің болашақтағы бағытымыз – салауатты өмір салты.
Салауатты өмір салты дегеніміз-денсаулықтың үйлесімді дамып, сақталуы мен нығайтуын қамтамасыз ету мақсатында аурудың алдын алу шараларының негізі. Салауатты өмір сүру әлеуметтік маңызы бар мәселе. Қазіргі кезде білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттерінің бірі – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, оларды денсаулығын сақтауға, айналадағы ортаны таза ұстауға және жоғары, сапалы білім алып, сол білімді келешектегі өмірінде пайдалана білуге тәрбиелеу.
Ал қазіргі заман талабы жастардың өз денсаулығына деген көзқарасты өзгерту, салауатты өмір сүру мәдениетін қалыптастыру міндетін қойып отыр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру баршаның борышы. Салауатты өмір салтының жастар арасында қалыптасуының маңызы өте зор. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда.
Студенттердің салауатты өмір салты туралы білімін қалыптастыру мақсатында Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде «Салауатты өмір салты» штабы ұйымдастырылып, жоспар бойынша көптеген іс-шаралар, денсаулық күндері, сыныптан тыс іс-шаралар, тәрбие сағаттары өткізіледі. СӨС штабының жетекшілері қалалық, облыстық «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Колледж студенттері қала, аймақтық, облыс көлемінде өткізілетін іс-шараларға белсене қатысады.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында СӨС жетекшілері және студент-волонтерлар «Насыбай, темекі, ішімдік, есірткінің алдын алу», «Мен шылым шегуге қарсымын», «Біз ішімдіксіз өмірді қалаймыз» атты тақырыпта дөңгелек үстел, сынып сағаттарында лекторлық топтардың жұмысы, үздік шығарма, өлең және плакат конкурстарын ұйымдастыру, дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күніне арналған «АИТВ инфекциясының алдын алу» жөнінде семинар-тренинг, дәрігер – нарколог, тері-жыныс ауруларынының алдын алу үшін венеролог-дәрігерлермен кездесу және тағы да басқа көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп отырады.
Еліміздің ертеңі нұрлы болсын десек, халық болып болашағымызды, ұлтымызды, тегімізді жоғалтып алмау үшін салауатты өмір салтын насихаттайық.
Гүлжан САҢҚАЙБАЕВА,
жоғары санатты химия пәнінің оқытушысы,
жаратылыстану кафедрасының меңгерушісі,
«Құрмет» және «Білім беру саласының үздігі»
медальдарының иегері,
Жалғас ӘБДІҚАДЫР,
Талдықорған жоғары политехникалық
колледжінің 2-курс студенті, Алматы облысы