Ұлағатты ұстаз, абыройлы азамат
1953 жылға дейін жарық дүниеге келген бүлдіршіндердің басым көпшілігі балалық шақтың балдәурен қызығын көрмей өскендер. Тіршілігі осындай қатал қыспақтан басталған, елу сегіз жылдық саналы өмірін ұстаздық қызметке арнаған, қазірде қоғамдық жұмыстарға белсене араласушы зиялы зейнеткер, тұғырлы тұлғаның бірі – Ошақбай Суханберліұлы.
Ол, 1936 жылы Жаңаарқа ауданындағы колхозшы отбасында туып, жарық дүниеге еңбектей еніп, есі кіре бастаған 4 жасында ауыр науқастан әкесі көз жұмған. Түрлі кесел, аштық-жоқтық, жетіспеушіліктен өмір есігінен енді ғана сығалаған аға-апалары ерте шетінеген. «Үлгілі» ұжымшарында сауыншы болған, бірінің артынан бірі көз жұмған балапандарынан айырылған шешесі қайғыдан науқастанып, үйде отырып қалған. Күн көріс, тіршілік тауқыметімен Ошақбай бала да еңбекке ерте араласқан. Қозы бағып, шөп машинаға жегілген өгіз, атқа мініп «еңбеккүн» тауып, кейде өзінен кіші Қуаныш атты інісінің жағдайын жасап, анасының жанынан шықпайтын. Жас баласының ерте тұрып, кеш жата қабырғасын қайыстыра еңбектенуі жанына қатты батқан анасы, оның болашағын ойлай хат танып, сауатты болғанын аңсап, қатарынан қалдырмай 1944 жылы мектепке апарады. Екінші сыныпты бітірген жылы шешесі қайтыс болған. Анасы Дәмежан өмірден озардан бірер күн бұрын баласын қасына шақырып: Құлыным, сенің әкең өз өмірінде халыққа адал қызмет етті. Арабша білгендігінен болар ауылда молда болды. Латынша сауаттылығына, әділдігіне орай оны ауылбасшы етіп сайлады. Бірақ өмірдің қыспағын көп көрді. Ерте бақилыққа аттануы да содан болар. Әкелерің сендерді сауатты азамат етіп өсіремін, оқытамын деп жиірек айтатынды. Жазғандарын мына әбдіреге салып жүретін. Не жазылғанын мен білмеймін, кезінде мына інің Қуаныш екеуің оқырсыңдар деп бізді құшағына қатты қысып, басымыздан сипап, бетімізден сүйді. Сол сәт әлі күнге дейін есімде. Анам марқұм өзінің де бақилыққа барарын білген болар. Бірде әбдірені ашқанда ылғи басқа әріппен жазылған қағаз, кітаптарды көрдім. Әр үйде, әр жерде оқи жүре, әбдіре ішіндегі кітаптарды сақтауға тырыстым. Сол, 1946 жылы інім де қайтыс болды. Жалғыз, жетім қалдым, – деді сексеннің сеңгіріндегі ақсақал кемсеңдеп.
…1948 жылы Жаңаарқа ауданының орталығындағы Ленин атындағы №1 орта мектептің (қазіргі Ж.Оразалы ат-ғы мектеп) 5-сыныбына қабылданып, сол мектептің интернатында жатып, онжылдықты 1954 жылы бітірген. Өмірді тұрмыс билейді. Еңбекшіл де үздік бітіре қолына аттестатын алған, қаржы тапшылығы жолын тарылтқан жасты аудандық білім бөлімі Ақтаудың Қосағалы бөлімшесіндегі бастауыш мектепке мұғалімдік те меңгерушілік қызметке жіберген. 1954 жылы білім саласындағы алғашқы еңбек жылы басталған. Әкесінің оқытамын деген сөзі есінде сақталған талапты жас бір жылғы еңбек ақысын жинап 1955 жылы ҚарПИ физика-математика факультетіне түсіп, дипломын алған соң облыстық ХАБ-нің жолдамасымен 1960 жылы Өспен орта мектебінде мұғалім болған. Мектепте оқушыларды сабақ барысындағы біліммен ғана емес, оларды, әсіресе таланты жеткіншектерді, өзі сияқты кейбір еңбекшіл ұстаздармен біріге «Физика-техника», «Шахмат-дойбы, тоғызқұмалақ» үйірмесіне, «Кино-режиссер» клубы сияқты сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыра да қызықтыра тартқан. Тиімді әдіс-тәсілдің білімді сапаландырарын, қосымша үйірмелердің балалар болашағына бағдарлы жол боларын терең түсінген ұстаз қандай білім беру орынында болмасын (Өспен ОМ, Айнабұлақ СЖМ, №1 Қаражал ОМ) өзінің 23 жылдық мұғалімдік, оқу ісінің меңгерушісі, директорлық қызметтерді атқару кезеңдерінде әр түрлі үйірме жұмыстарын жүргізуге баса ден қойған. Өзі ғана емес өзгелердің де осы бағытта еңбек етуіне түрткі болған. Жан-жақты білімді де мерейлі мұғалімнің сабақтарын беріле оқып, үйірмелерге қатысып мектепті алтын медальға бітіре желкенді жетістіктерге жеткен оқушылары аз емес-тін: Қайырбек Мұқажанов (Қосағалыда өзі бастауыштан бастап оқытқан) – а/шаруашылығы ғылымдарының докторы, Фазылов Айтқожа (Москваның Бауман ат-ғы техникалық оқу орнын бітірген) – ҚарМТУ-де профессор болып көп жылдар қызмет атқарған, қазіргі кезеңдегі қоғам қайраткерінің бірі, Теңізбай Рахымжанов (үйірмеге тұрақты қатысып, жартылай автоматтандырылған электрлі құрылғылар жасап жүлдегер атанған) – жазушы, Алматыда. Ұлағатты ұстаз, білікті басшы өзінің берік білім, тәлімді тәрбие берген ондаған жас әріптестері мен еліне еңбегі сіңген жүздеген шәкірттерін мақтан тұта, жіпке тізгендей еске алуда.
Білім саласына жеті жылдай өтілімен еңбегі сіңген, мектептен тыс жұмысты ұйымдастыра, қоғамдық шараларға белсене қатыса, еңбек майталмандары жөнінде аудандық баспа беттерінде мақалаларымен көріне, аудандық косомол комитетінің, білім бөлімінің алғыс хаттарының иегері болған жігерлі жігіт 1961 жылы ҚазКСР-нің еңбекте озат жастар құрамында Венгрияға жіберілген туристік саяхатка Қарағанды облысының атынан барып-қайтқан. Ол кезеңде ауыл-ауданнан шетел түгілі Мәскеудің өзіне ілеу де біреу баратынды.
Туристік саяхат кезіндегі көрген-білгенімен танымал болған 25 жасар арынды жас 1962 жылы Қаражалдың қала статусын алып, ондағы орта мектеп оқушылар санының өсуіне орай сонда ауыстырылған. 1977 жылға дейін осы мектепте мұғалім, директордың орынбасары, директор болып әдістемелік те басқарушылық іс-әрекеттерінің қыр-сырын жан-жақты меңгерген. «Білім және еңбек», «Физика және техника», «Математика», т.б. журналдарды, басқа да баспа басылымдарын саралай оқитын, өзінің ой-пікірін білдіруші әмбебап әдіскер оқушылардың ғана емес ұстаздарының да білім дәрежелерінің өсуін үнемі бақылауында ұстаған. Оларды уақытылы курстардан өткізіп қана қоймай, жарияланған жаңалықтарды пайдалануына көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Сол кезеңдерде Одақта дүрілдей аты шыққан УкрКСР-ғы Донбас қаласының жаңашыл-физик-математигі В.Шаталовтың балалар білімін сапаландыруға бағытталған тірек карточкалары мен білімді есептеу сызбасын мұғалімдер тәжірибесіне енгізуге ерекше көңіл бөлген. Осы жылдары оқушыларды оқу-өндірістік жұмыстарға тарту, кәсіпке бағдарлау, сондай-ақ мұғалімдерді мектептен тыс қоғамдық жұмысқа жөнсіз тарту сынды маңызды мәселелер туралы ой-пікірін білдірерлік қаламгерлігімен таныла бастаған.
Жаңалыққа жаны құштар, әсіресе техника саласындағы өзгерістерді зерделеген білікті маман 1985 жылы одақтың орта мектептеріне енгізілген «Информатика және есептеу техникасының негіздері» пәніннің мазмұнын саралады. «Бұл пәнді жастар игеру керек, егделерге қиын» дегенге де, жарты ғасырлық жасына да қарамай өзі сұранып облыста, республикада өткізілген курстарға қатысады. 1991 жылдан бастап информатика пәнінен сабақ берген. Оқушыларға Бейсик тілінен бағдарлама жасауды үйретіп қана қоймай, облББ-ның бұйрығымен фермерлерге арендалық қатынастарды, шаруашылық есептерді жүргізуде компьютерді пайдаланудың қыр-сырын үйретуге курстар ұйымдастырған. Іс-тәжірибесі таратылып, информатика пәні оқытушыларының облыстық әдістемелік бірлестігіне жетекшілік еткен. Осы еңбегіне орай Ресейдің Архангельскі сияқты ежелгі қалаларының көрнекті орындарына саяхат жасауға және оқу орындарының тәжірибесімен танысуға тегін жолдамамен жіберілген. Еңбегі бағалана, Жезқазған облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасының Құрмет тақтасына есімі енгізілген.
Заман талабы білімде, білім негізі компьютерде, ал компьютердің өріс-өркені қалада екенін түсінген майталман маман 1997 жылы Қарағандыға қоныстанып, Жамбыл атындағы облыстық №7 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа жұмысқа орналасқан. Мектеп басшысы Нұрахмет Қайырбайұлы талапты да тәжірибелі ұстаздың еңбек жолымен, әсіресе республикалық «Информатика-физика-математика» журналында жарияланған оқушылар мен жастардың компьютерлік білімін арттыруға арналған бағдарламасымен танысқан соң информатика мұғалімі және инженер-техниктік жұмысқа қабылдайды.
Компьютерлік білікті мұқият меңгерген Ошекең мектеп информатиктермен біріге, мүмкіншілігі шектеулі болса да Windows 95-пен (қазақ шрифтарын жеке иілгіш дискетпен орнатқан) талай мақсатты жоспарды игеруге басшылық жасаған. Ошекеңнің бас редакторлығымен нформатик Д.Әбікенов екеуі оқушыларға арналған әдеби-танымдық түрлі-түсті «Жас өркен» (кейінде «Шұғыла») мектепшілік журналын шығарған. Екі маман жасап пайдаланыла бастаған «Оқушылардың білімін тексеретін әрі бағалайтын да кеңес беретін» әмбебап компьютерлік бағдарламасы жаңалық ретінде республикалық «Информатика негіздері» (№3, 2002ж) журналында, «Өзгеріс-Перемена» газетінде жарияланады.
Сол кезеңдерде мектеп, қалалық, облыстық білім бөлімдері басшыларының көкейтесті бағытының бірі – іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, оған жастарды дайындау болатын. Осы бағытта ол бастаған бағдарлама жобасы құзырлы орындармен мақұлданып, жоғары сынып оқушыларына «Компьютермен іс қағаздарын жүргізу» және «ЭЕМ операторы» мамандықтарына үйретерлік арнайы курстар өткізілді. Нәтижесінде түлектердің көпшілігі аттестаттарымен қоса қазақша іс-қағаздарын жүргізу, оператор-маман куәліктерін алып, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болғанын білеміз.
1998-99 жылдары мемлекеттік стандартты бағдарламалардың жоқ болуына байланысты мектеп есепшілерін тарификация, еңбек ақы мен салықты есептеу, түбіртектер дайындау және асхана ісінің кіріс-шығысының бағдарламаларын жасарлықтай компьютерді пайдалануға үйрету де мейірлі маманның назарынан тыс қалмады. Жаппай компьютерлік сауаттылыққа көшу мен компьютерлі пән кабинеттерін желіге қосудан бастап, үйінде компьютері бар оқушылар мен мұғалімдердің, т.б. талап-тілектері мен сұраныс-қажеттіліктерін іске асыра, оларды интернетпен жұмыс жасауға үйрете, «БілімАл» программасын меңгерту барысында ғаламат жұмыстар жүргізген. Білікті ұстаздың еңбек жолындағы қаракеттерінің нәрлі нәтижесін еске алудағы айтары аз емес екендігі аян. Жүздеген шәкірттерін былай қойғанда, компьютер мүмкіндігін толық меңгере өздерінің білімдерін арттырып, портфолиясын дайындап жоғары санатты мұғалім дәрежесіне көтерілуге септігі тиген, өзін «ұстаздардың ұстазы» деп құрметтеушілерді, солардың ішінде Назарбаев мектептерінде ұстаздық етуіші С.Разбекова, Б.Мұқамеджанова, Ж.Қалиева, С.Төленова, Б.Қажыкенова және басқа да көптеген әріптестерінің дарынды жеткіншектерді дайындаудағы және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында» еңбектенуші маман Зәуре Разбекованың істеріне тәлімгер аға шын көңілден қуанып, оларды мақтан тұтуда.
Жамбыл атындағы №7 мектеп облыс, республикада ғылыми-шығармашылық, ғылыми-әдістемелік тұрғыда жоғары биіктен көрініп, 2000 жылы облыстық байқауда ІІ жүлделі орынға, 2001-2002 оқу жылында облыстық «Таңдаулы инновациялық мектеп» байқауында ІІ орын, республикада ІІІ орын иеленді және 2002-2003 оқу жылында республиканың үздік жүз мектебінің қатарыннан көрінді.
Әріптес ағаның қаламызға келген жиырма жылдағы ерен еңбегінің нәтижелері мен мектеп қабырғасындағы қарымды қаракеттерінен хабардармын. 2015-16 жылдары облыстық білім басқармасының шақыруымен «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» энциклопедиясын шығаруда мұғалімдер дерегін компьютерге енгізіп, оларды екі тілде қатарласа дайындауымызда ардагер педагогтің компьютерлік біліктілігіне тәнті болдым. Саяси сауатты азамат кейінгі жылдары халқымызды рухани жаңғыртуға, әсіресе латын әліпбиіне көшуге байланысты айтылған мәселелерді талқылай, талдай ой-пікірін білдіре, тамаша тәжрибелерін ортаға салуда. Тіпті сонау жылдары әкесінің әбдірісінде қалған латын тілінде жазғандарынан «Әкемнің бұл пәни дүниеден неге ерте кеткенін енді түсінгендеймін. Сол кезеңдердегі халық басына түскен ауыртпалық, отаршылдық саясаттың озбырлығы мен қиянаттар туралы ойларын оқыдым» дейді. Әкесінен қалған, өзі жинақтаған латын тіліндегі көптеген кітаптарды облыстық кітапхана, мектептерге тарту етуі сәттерінің де куәгерімін.
Асқақ ардагер азамат, ұлағатты ұстаз еңбегіне сай құрметті лауазымдар мен марапаттар иегері. Қазақстан Журналистер Одағының, Рашит Хасенов атындағы облыстық педагогикалық мұражай кеңесінің, Жамбыл атындағы №7 мектеп-интернат ардагерлер ұйымының мүшесі, Октябрь аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру-әдістемелік комиссиясының төрағасы. «Орталық Қазақстан» газеті мен «Қазақстан ұстазы» журналының тұрақты авторы.
«Тың жерлерді игергені үшін» (1958), «Социалистік жарыстың жеңімпазы» (1980), Еңбек ардагері» (1989), «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» (2015), «1941-1945 жж. Жеңістің 70 жылдығы» мерекелік (2015) медальдарының, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» (1993), «ҚР Білім беру ісінің қүрметті қызметкері» (2013) белгілерінің және Беларусь Президенті А.Лукашенконың Белорусияның неміс-фашист басқыншыларынан азат етілуінің 70 жылдығына орай берілген Алғыс хаттың (2014) иегері. Облыстық, қалалық, аудандық басқару ұйымдарының көптеген марапаттарын иеленген абзал ағамыз «Қазақстан ұстазы» журналының құрметті авторы (2018).
Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,
ардагер ұстаз, Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі, Қарағанды облысының
білім саласына еңбегі сіңген қызметкер