Мағыналы ойын баланы тәрбиелеудің маңызды құралы
Ұлы педагог В.Сухомлинский: – Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз, толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды, – дейді. Ойын мектеп жасына дейінгі балалардың дамуының негізгі құралы. Н.Крупская: – Мектепке дейінгі балалар үшін ойынның маңызы зор. Ойын – олар үшін еңбек, оқу. Ойын балаларды дамытудың, тәрбиелеудің мықты формасы, – деген.
Ойын баланың санасына, сезіміне, ерік-жігеріне, мінез-құлқына және де ақыл ойына зор ықпал тигізеді. Баланың өмірі ойыннан тұрады. Баланы қызықтыру үшін және жаңа ақпараттар алуға көмектесу мақсатында төмендегі ережелерді орындау керек. Ойын балаға қуаныш әкелуі керек. Баланы ойнауға міндеттеуге болмайды. Қызығушылығын ояту арқылы қажетті жағдайлар жасау керек. Балалардың жетістіктерін айтып, мақтап отырыңыз. Және өзара сенімділік қарым-қатынас жасап, қуанышын бөлісіңіз. Ойында баланың тұлғасы жан-жақты қалыптасады, оның психикасында елеулі өзгерістер болады. Қызықты ойындар ұл-қыздарымызға жақсы көңіл-күйін қалыптастырып, белсенді іс-әрекет арқылы өмірін мағыналы етеді.
Ойын кезінде баланың тұлғалық ерекшеліктері дараланып, қасиеттерімен бірге қалыптасады. Пайдалы ойынға қызыққан баланың дүниетанымы кең, жаны таза, жүрегі нәзік, нағыз сезімтал тұлға болмақ. Кей балалар ойында шынайы өмірді бейнелесе, кейбіреулері ішкі сезімге құрылғанын қалайды. Жалпы қай ойын ойнағанда да көңілді әуен қосылып тұрса, балалар өздерін сергек, көңілді ұстайтындығын тәжіриебе арқылы көз жеткізуге болады. Сондықтан мен өзім ұдайы таңғы жаттығу мен қимыл-қозғалыс ойынындарында сазды әндерді тыңдату арқылы кішкентайлардың бар ынтасын аударуға ұмтыламын.
Ақайнаш ЖҰМАБАЕВА,
«Арай» балабақшасының тәрбиешісі,
Ұштаған ауылы, Маңғыстау ауданы,
Маңғыстау облысы
Загрузка...