Әлеуметтік жоба: Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!

Күні кеше еліміздің барлық білім шаңырақтары үш айға созылған жазғы демалыстан кейін шәкірттерге есіктерін айқара ашып, тағы бір жаңа оқу жылы бастау алды. Қалың қауымның қошаметіне бөленген барша ұстаздар қауымы бір айдан кейін кәсіби төл мерекелерін айрықша атап өтеді.   

Биылғы жаңа оқу жылының тағы бір ерекшелігі отандық білім саласының қызметкерлері ұзақ уақыттан бері асыға күткен “Педагогтердің мәртебесі туралы” құқықтық құжаттың қабылдануы болмақ. Еңгейген кәрі мен алты жастағы сәбиге дейінгі аралықтағы барлық адамның мектепте қолына қалам ұстатып, әріп жазуды үйреткен ұстазы бар. Одан кейінгі үлкен өмірге қадам басқан соң таңдаған мамандығы бойынша білімі мен білігін жетілдіруі барысында арнаулы және жоғары оқу орындарында талай тәлімгерлерден дәріс алатындығы және баршаға белгілі. Демек алдағы қазан айының алғашқы жексенбісінде қаншама отандасымыз ұлағатты үстаздарына және ата-аналар бірлестігінің белсенді тобы сынып жетекшілеріне ыстық ықыластарын білдіріп, тамаша тарту таралғысын ұсынуға асығатындығы даусыз. Есте қалатын сыйлықтың сан алуан түрін таңдайтын сәтте біреулердің бүйрегі тәттілерге бұрылса, екіншілері қызыл-жасылды әсем гүлдердің шоғырын бергенді қолайлы көреді. Баспаханада жақында жарық көрген көркем әдебиет пен таңдамалы туындыларды қымбаттығына қарамастан сатып алатын мәрт жандарды кездестіресің кейде. Бірақ бұл топтағылардың саны сирек. Кеңестік кезеңде сан мыңдаған шәкірттердің ұстаздар қауымына құнды кітаптарды қолтаңбасымен сыйлағанын көзіміз көрген. Алайда қазіргі кезде бұл ізгілікті үрдіс жас жаңа буын өкілдері тарапынан жарасымды жалғасын таппай тоқырап тұр.

– Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында қолға алынған қайта жаңғыру бағытындағы ұлттық идеологиямызға сәйкес ұлағатты ұстаздар мен тағылымды тәлімгерлерге отандық білім мен ғылым саласындағы жаңашыл ұстанымдар мен басым бағыттарды тереңнен қаузап, сараптай жазатын республикалық “Бiлiмдi ел – Образованная страна” аталатын он бір мыңға жуық тұрақты оқырманы бар мамандандырылған салалық газеттің бір жылдық жазылу түбіртегін ұсынасақ ескі дәстүрді қайта жаңғыртуымыз емес пе?! Бұл бір жағынан рухани жағынан аса пайдалы болса, екіншіден мемлекеттің білім мен ғылымды дамыту саясатын қолдауға негізделген маңызды қадам болар еді, – дейді осы әлеуметтік сипаттағы бағалы бастаманы биік мінбер арқылы мәлімдеген жас мұғалім Лейла ТҰРСЫНОВА. Ол – “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымына қарасты “Педагогикалық өлшеулер орталығы” директорының орынбасары лауазымдық қызметін абыроймен атқарып жүрген кәсіби маман.

– Алдағы 2020 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталған бойда мен өзімнің сүйікті ұстазым, көркем мінездің иесі Бекішова Сәуле Ережепқызының атына  “Бiлiмдi ел – Образованная страна” апталығының бір жылдық жазылымына төлем жасап, түбіртегін тұрғылықты мекен-жайына ресми түрде рәсімдейтін боламын, – деді ол өз сөзінде. – Қарағанды облысындағы Егіндібұлақ ауылында тұратын мақтаулы апайымыз қаншама шәкірт еліктеген парасатты педагог, жаны жайсаң жақсы жан ретінде баршаға сыйлы. Бұрын төл мереке сайын түрлі сыйлық жасап жүр едім, биылғы тамаша тартуым осы болмақ. Оқушысының бұл ыстық ықыласын ұстазымның қуана қабыл аларына сенемін. Өйткені он екі ай бойы апта сайын жарық көретін республикалық газеттің жиырма беттік мақалалалар топтамасынан еліміздің барлық аумағындағы білім ордаларының тыныс-тіршілігімен толық танысып, сапалы білім берудің жаңашыл басым бағыттарын біліп отырады. Және ардагер аға буын өкілдерінің естеліктеріне қоса тарихи  және мәдени бағыттағы танымдық дүниелермен қауышады. Отбасының басқа  мүшелері де апталықтың әр жаңа санын кезекпен оқып, тігінді жасау арқылы мұрағаттық жылнама жасауына болады. Яғни жыл бойы ұмытылмайтын ерекше сыйлық ретінде есте ұзақ сақталатындығы даусыз.  

– Бұл бағалы бастама педагогтердің аға буын өкілі ретінде мені ерекше сезімге бөлеп отыр. Орнықты ой мен игілікті идея қашан да жалынды әрі жігерлі жастардың тарапынан айтылатынын білеміз, – деді отандық білім саласына зор еңбек сіңірген қоғам қайраткері, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш  Ноғатайқызы ШӘМШИДИНОВА. – Сондықтан осы эстафетаны қуана қолдаймын. Талдықорғандағы ұлағатты ұстазымдарым мен еліміздің аумағындағы басқа да танымал тоғыз тұлғаның “Бiлiмдi ел – Образованная страна” республикалық газетінің бір жылдық жазылу төлемін мойныма алып, төл мерекеге орай лайықты сыйлық жасауға шешім қабылдадым. “Бiлiмдi ел – Образованная страна” апталығы қатардағы жай газет емес. Бұл – еліміздің барлық ұстаздар қауымының басын ортақ мақсатқа біріктірген қазақстандық педагогтердің бірегей клубы. Тың тәжірибелерді бөлісіп, пайымды пікірлер алмасатын кәсіби шеберлік алаңы. Елбасының тапсырмасымен жаңа заманға лайық сапалы білім беру мақсатында арнайы ұйымдастырылған инновациялық ұйымның қабырғасында бастау алған бұл ұтымды ұсынысты еліміздің барлық азаматтары ризашылықпен мақұлдап, мұғалімдердің мәртебесі биіктеуіне жеке үлестерін қосатындықтарына нық сенемін.

Осы бастама сайтта жарияланған бойда редакциямызға жедел үн қосулар келіп түскен болатын. Сол алғашқылардың бірі де бірегейі – SilkWay халықаралық университетінің “Іргелі және қолданбалы зерттеулер” ғылыми зерттеулер институтының директоры, Phd докторы, көрнекті ғалым Бибол ЖАҚЫПБАЕВ.

– Бұл бастама өте құптарлық және рухани рәуішке толы мықты идея. Мен отандық білім мен ғылым саласындағы жаңашыл өзгерістерді жан-жақты қамтуға негізделген Сіздердің газеттің бір жылдық жазылым түбіртегін жиырма жыл бойы Ақтау және Шымкент қалаларындағы балабақшаларда жетекші тәрбиеші қызметін абыроймен адал атқарған аяулы анам, парасатты педагог мен үшін өмірлік ұстаз Гүлбархан Жақайқызы Жақыпбайға тарту етуді ұйғарғанымды мәлімдеймін. Және барша жұртты жаны жайсаң жандарға осындай ұмытылмас естелік жасауға шақырамын, – дейді арнайы жолдаған жазбасында. 

Артынша редакциямыздың қоржынына Қазақстан Республикасы Парламентінің мүшесі, сенатор Еділ МАМЫТБЕКОВтен мектептегі ұстаздары мен жоғары оқу орындарындағы оқытушы профессорлар туралы естелік әңгімемен әсерлі кестеленіп, түйінді тоқтамында бағалы бастаманы шын ризашылығымен жедел қолдайтындығы туралы ерекше хат келіп түсті.  

– Еліміздің барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтап, жемісті жетістіктер тілеймін, – депті Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің мүшесі, А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген майталман математик және физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент әрі “Құрмет” орденінің иегері Еділ Құламқадырұлы. – Әлеуметтік бағыттағы жаңа жобаның қолға алынуы мұғалімдер мәртебесін биіктетуге бағытталған мемлекеттің нақты қадамдарымен толық үндеседі. “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің алдағы 2020 жылды қамтитын бір жылдық жазылу түбіртегін Тараз қаласындағы №31 және Алматы қаласындағы №54 мектептің ұстаздар ұжымына сыйлық ретінде ұсынуға шешім қабылдағанымды хабарлаймын. Және бұл эстафетаны еліміздің болашағы саналатын бүгінгі жастардың сапалы білімі мен саналы тәртібіне бей-жай қарамайтын және бар білгені мен өмірден түйгенін шәкіртіне үйретуден жалықпайтын ұстаздарға ілтипаты ерекше барша азаматтардың жарыса жалғап әкетеріне сенемін.

Құрметті ойлы оқырман! Сіздердің де әлеуметтік сипаттағы бұл жаңа жобаға белсене қатысатындықтарыңыздан үміттіміз. Ұлағатты ұстаздар туралы толғаныспен жазылған хаттарыңыз арқылы республикалық деңгейдегі акцияға үн қосқандарыңызды хабарлайтын ізгі тілектеріңізді асыға күтеміз. Қолдауларыңыз газеттің бетінде және ақпараттық порталымызда фото суреттермен бірге жарияланатын болады.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ, 
nmeraly@mail.ru
8 – 707 – 601 – 54 – 04



Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий