“Ұлағатты ұстаздарға, ыстық ықыласпен!”: Қызылорда облысының жеті ауданындағы таңдаулы жеті мектепке бір жылдық жазылымды сыйға тартамыз

“Білімді ел – Образованная страна” республикалық білім беру, қоғамдық – саяси газеті небәрі бес жылдың ішінде отандық педагогтердің сүйіп оқитын бұқаралық-ақпарат құралына айналған басылым.

Апталықтың беттерінде еліміздің білім саласында жүргізіліп отырған оң өзгерістер мен халықаралық деңгейдегі жетістіктері, қабылдаған қаулылар мен бағдарламалар, нормативтік-құқықтық құжаттар, алқалы жиындарда талқыланған өзекті мәселелер жайлы мазмұнды материалдар үнемі жарияланып отырады. Ахмет Байтұрсынов: Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек, – деп айтқандай бұл басылым жаңашыл педагогтердің тың идеялармен алмасатын, озат тәжірибені ел аумағына кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін ашық алаңға айналып отырғаны даусыз. Осы тұрғыдан алғанда қоғамдық пікірдің қалыптасуына айырықша үлес қосушы баспасөз құралдарының бірегейі саналады.

“Білімді ел – Образованная страна” газетінде жарияланған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” – “Моему учителю с любовью!” әлеуметтік сипаттағы жаңа жоба біздің институт қызметкерлері тарапынан да қызу қолдау табуда. Ұжым мүшелері төл мереке қарсаңында алғашқы ұстаздары мен білім алған алтын ұя мектептеріне республикалық салалық газеттің 2020 жылға тұтастай жазылымын сыйға тартуды бастап кетті.

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарға арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі” алғашқы Жолдауында еліміздің білім мен ғылым саласындағы маңызды мәселелерге тоқталып, қазіргі уақытта қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтап бара жатқанына көңіл аударды. Нақты себеп – елді мекендердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығынан өрбитіндігі даусыз.

Алаштың анасы атанған аймақтың жеті ауданы мен Қызылорда қаласындағы 293 мектепте бүгінгі таңда 162150 шәкірт білім алуда. Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі іспетті жас жеткіншектердің 98387-і ауылдық жерлердегі мектептерде білім бұлағынан сусындауда. Сыр өңірінің елді мекендерінде орналасқан 230 білім ұясында еңбек етіп жатқан ұстаздар мен оқушылардың  “Білімді ел – Образованная страна” газетімен тұрақты түрде тығыз байланыс жасап, жаңалықтың жаршысы атанған басылым беттерінен жинақталған маңызды мағұлматтармен білім сапасын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.

“Өрлеу” БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының әкімшілігі осы орайда аймақтағы жеті ауданның алдыңғы қатарлы таңдаулы мектебіне сүйікті “Білімді ел – Образованная страна” газетінің алдағы жаңа 2020 жылғы жазылымының бір жылдық тұтас жазылымын тарту жасауға ұйғарғанын хабарлаймын.

Кітап оқудан алшақтап, ойын қағаз бетіне түсіре алмайтын ұрпақ өсіп келе жатқан кезде газеттен бас тартуға болмайды. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» – деген қанатты сөз бар дана халқымызда. Қазіргі кезде әлемнің барлық дамыған елдері білімге, ғылымға барынша көңіл бөлуде. Өйткені жаһандану заманында кез-келген әр елдің табысты болуы кәсіби мамандарының бәсекеге қабілетті болуымен айқындалады. Білім саласы мемлекетіміздің даму үдерісін қамтамасыз ететін аса маңызды басым бағыты болып табылады.

Тірлігіміздің тұтқасы, татулығымыздың талбесігі, ырыс-ынтымағымыздың бастауы – кеңпейіл қазақ елінің жарқын болашағы жолындағы жасампаз еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін, құрметті ұстаздар! Кәсіби төл мереке құтты болсын, барша әріптестер!

Бауыржан Тәжімағанбетұлы ЕЛЕУСІНОВ,
“Өрлеу” БАҰО АҚ Қызылорда облысы бойынша
педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру
институты директоры, профессор

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий