Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылы Найманбай атындағы орта мектеп ұжымына “Білімді ел – Образованная страна” газетінің бір жылдық жазылымын сыйға тартамын
Қазан айының алғашқы мерекесі “Ұстаздар күні” қарсаңында еліміздің педагогтер қауымы қолдау көрсетіп жатқан “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” атты әлеуметтік жобаға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы мен оның аймақтардағы филиалдарының қызметкерлері де қосылды.
Жобаға алғашқы болып қолдау көрсеткен Орталықтың басшысы Жанбота Жетілбекқызы Кәбдікәрімованың игі бастамасы жалғасын тауып, “Білімді ел – Образованная страна” республикалық апталығының бір жылдық жазылымын әріптестеріміз өздерінің сүйікті ұстаздарына, білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектептерінің ұжымына, қызметтес әріптестеріне, әсіресе, еліміздің шалғай өңірлеріндегі білім ошақтарына сыйға тартты.
Осы жоба аясында мен де өзім білім алған, алғаш еңбек жолымды бастаған алтын ұя-мектебім – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылы Найманбай атындағы орта мектеп ұжымына білім әлеміндегі жаңалықтардың жаршысы болыып жүрген «Білімді ел» басылымының жылдық жазылымын тарту етемін.
Ауылдағы ашылған ең алғашқы білім ордасы болып саналатын бұл мектеп осы өңірдің тумасы асқақ үнді, әсем ырғақты әндер шығарған сазгерлігіне қоса қазақтың әдеби қорына көркемдігі жоғары мол мұра қосқан ақындығымен, әсіресе айтыскер ақын ретінде танылған дара тұлға Әсет Найманбайұлының есімімен аталады. Шығармашылығының қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихынан алатын ерекше орны бар ақын сазгердің атындағы қасиетті білім ошағынан түлеп ұшқан түлектер бүгінде елімізде, жақын, алыс шет елдерде ары қарай білімдерін жалғастырып, қызмет етуде.
Қазірде Найманбай атындағы орта мектеп осы аймақтағы көшбасшы мектеп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының бастамасымен білім беру мазмұнын жаңартуды ұйымдастырушы алаң – жетекші мектеп. Қазақстан Республикасындағы орта білім жүйесінің қазіргі даму кезеңінде жас ұрпақты тәрбиелеуде сүбелі үлес қосып жүрген шалғайдағы «менің мектебімнің» білім сапасының көрсеткіштері мен ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша аудан және облыс мектептерінің алдыңғы легінде. Мектебімнің бұрынғы басшысы, қазір зейнет жасында, менің сүйікті ұстазым Гүлнар Сабырқызы Жікебаева, химия пәнінің мұғалімі, сол тоқсаныншы жылдардың өзінде талай химия пәні бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеген. 2017 жылы Шәкәрім Университетінің ректоры кубогы үшін «Жас химик» II-ші облыстық олимпиадада мектеп командасы химия пәні бойынша 1 орынды және кубокты иеленді.
Қазірде менің әріптестерім, осы мектептің басшылары, мектеп директоры – Гүлсім Қабдікәрімқызы, мектеп директорының орынбасары – Гүлбаршын Сапарханқызы бастаған педагогтер ұжымы серіктес мектептер жұмысын тиімді үйлестіру бойынша тәжірибе алмасу, жаңа идеялар жинау, көшбасшылық пен бөлінген көшбасшылық арқылы кәсіби серіктестік орнатудың маңызын түсіндіру, мектепке өзгерістер енгізуде талай әдістемелік іс-шараларды ұйымдастырушы алаңға айналды.
Мереке қарсаңында әріптестеріме толағай табыстар мен қиындығы мен қызығы мол еңбектеріне жеміс тілеймін!
Ардак Болатқанқызы ЗАКАРЬЯНОВА,
Педагогикалық шеберлік орталығының
аға менеджері, Нұр-Сұлтан қаласы