Ұстаздық еткен жалықпас…
Мен, Жұбай Шамшат Оңайқызы, “Білімді ел – Образованная страна” білімгерлерге арналған республикалық қоғамдық – саяси газетінде оқырмандар тарапынан жарияланған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” – “Моему учителю с любовью!” әлеуметтік сипаттағы бастамасын қолдаған “Ақтөбе-Дарын” өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Жаңылсын Достанғалиқызының эстафетасын қабыл алып, одан әрі жалғастыру үшін Шығармашылық Академиясының қосымша білім беру педагогтарына жолдаймын.
Ұлт ұстазы, қазақтың өткен ғасырдағы руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы: “Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім”- депті. Арада бір ғасыр өтсе де, Алаш арысының бұл сөзі маңыздылығын жоғалтқан емес.
Ұстаздық – ойласаң ой жетпейтін, сөйлесең – сөз жетпейтін, теңіздей терең, қазақ даласындай байтақ ұлы ұғым. Осыдан мың жыл бұрын да, бұдан мың жыл кейін де ұстаз есімі тұрақты құндылық болып қала бермек. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінді құшақ жая қарсы алып, қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазыңның орны бәрінен ерекше болады. Алғашқы ұстазым туралы ойласам, көз алдыма жарқын мінезді, ақ жүрек, жылы жүзді қашан да көздерінен мейірім шуағын шашып тұратын Бейбіш Ығылманова апайымның дидары елестеп, жарқын естеліктер ойыма оралады. Сол уақыттан бері 46 жыл өтсе де, алғашқы ұстазымыздың сыңғырлаған үні әлі күнге дейін құлағымда жатталып тұр. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы»,- деп дана халқымыз тауып айтқан ғой. Бейбіш апайымның сөйлегеніне, жүріс-тұрысына дейін еліктеп, апайдай болғым келетін.
Осы арманымның жетегімен 1981 жылы мектептің сегізінші сыныбын бітірген соң Ақтөбе педогогикалық училищесіне бастауыш класс мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Жаңа оқу орнымдағы алғашқы ұстазым, жылы шыраймен қарсы алған Айша Базарбайқызы болатын. Мен үшін үлгі тұтар жанға айналды! Отбасынан жырақта жүрген студенттер үшін екінші анамыздай бола білді. Ұстаздық жолды таңдауыма бірден-бір себепкер – Бейбіш апай болса, жақсы ұстаз болуды үйретіп, бағыт-бағдар берген Айша Базарбайқызы, Дина Төлебайқызы және педогогикалық училищесінің ұстаздары. Сол кездегі директоры Ниетжан Берікұлы болатын, осы оқу орнынан талай маманды ұшырды. Балаға ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, ар-ұят сезімдерін сіңіруші – мұғалім, өмірде өз анаңнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол – алғашқы ұстаз дегім келеді.
Құрметті Бейбіш апайым, Айша Базарбайқызы және білім мен тәрбие берген барша ұстаздарымды мерейлі мереке – ҰСТАЗДАР күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаздық мамандыққа деген адалдықтарыңыз көпке үлгі. Шәкірттеріңіздің заман көшінен қалмай, ең алдыңғы қатарда болуы үшін жасаған игі істеріңіз ұстаздық қызметте асқақ абыройға жетелеп, сый-құрметке бөленіп келесіздер. Сіздерден білім алған, тәлім көрген шәкірттеріңіз бүгінде әр саланың сөзсіз үздік маманы. Сізге және жақындарыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін. Таусылмайтын күш қуаттың иесі болыңыздар!
Шамшат ОҢАЙҚЫЗЫ,
“Шығармашылық Академиясы”
МКҚК директоры, Ақтөбе қаласы