“Білімді елдің” алғашқы сертификатын ақтөбеліктер алды

“Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің шығармашылық ұжымы еліміздің барлық өңірінде кең қанат жайған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” – “Моему учителю с любовью!” әлеуметтік сипаттағы жаңа жобаның тұғырландыра түсу үшін әр облыстағы екі танымал ұстаз немесе таңдаулы мектептер ұжымына осы салалық басылымның алдағы 2020 жылға тұтас бір жылдық жазылымын сыйға ұсынып, арнайы сертификаттың табысталуына бастамашыл болған еді.

Ақтөбелік педагогтардың өткен аптаның соңында аймақ жетекшісі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен арнайы ұйымдастырылған салтанатты мерекелік басқосу барысында құрметті еңбек демалысындағы аға буын ардагер ұстаз Мұхамбетова Жәния Жарылғапқызы мен Ақтөбе қаласының №57 жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жубангарина Алма Болатқызына елордасынан жеткен жазылым сертификаты жиналған қалың қауымның алдында қошаметпен табысталып, әріптестерінің алдында асқақ абыройға бөленді. 

Жәния МҰХАМБЕТОВА – 1947 жылғы желтоқсан айының 11-і күні РФ Орынбор облысындағы Соль-Илецк ауданының «Первомайское» ауылында тыл еңбеккерлері отбасында дүниеге келді. Еңбек жолын жергілікті білім ордасында кітапханашылықтан бастап, аға тәлімгер, бастауыш сынып мұғалімі, педагог-ұйымдастырушы, мектеп директорының орынбасары қызметіне дейін көтеріле білді. 1985 жылы облыс орталығына қызмет бабымен ауысып, ұстаздар ұжымы жетекшісінің тәрбие және оқу ісі, әдістемелік жөніндегі орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарды. Және қалалық оқу бөлімінде әдіскер, әдістемелік бөлімнің меңгерушісі, №27 және №26 орта мектептердің директоры ретінде көпке танылды. 2008-2018 жылдары Ақтөбе қаласы білім бөліміне қарасты «Қалалық ғылыми-әдістемелік орталық» МКҚК директоры ретінде он жыл бойы осы бағыттың дамуына зор үлес қосқан еді. 
Жәния Жарылғапқызы ел аумағындағы педагогикалық оқулар байқауына қатысып, грамоталар мен арнайы сыйлықтарды иеленді. 1995 жылы республикалық слет қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төс белгісін тағынып, 1999 жылы министрліктің тексеру қорытындысы негізінде Ташкент қаласында ЮНИСЕФ тарапынан өткізілген тәрбиесі қиын, аз қамтылған балалармен жұмыс бойынша халықаралық конференцияға қатысуы барысында нәтижелі жұмысы үшін ақшалай сыйлықты иеленді. Өз ісінің нағыз шебері атанып, облыстық ұстаздар қауымының арасында биік белестерге көтерілген білімді де білікті майталман маман білім беру саласындағы елеулі еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005 ж), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016 ж) мерекелік медальдарымен марапатталып, 2008 жылы «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісіне» қол жеткізді.

Алма ЖУБАНГАРИНА – Құдайберген Жұбанов атындағы педагогикалық институттың 1992 жылғы түлегі. Жоғары санатты мұғалім, педагогикалық шеберлік орталығыының жаңартылған білім беру мазмұны бойынша тренері. Білім саласындағы үздіксіз қызметіне 33 жыл, оның отыз жылын №57 орта мектебіндегі ұстаздық кәсібіне арнаған. Ол оқушыларға сапалы білім беруде, жас ұстаздардың бойына ұлттық рухты сіңуге және ұлтқа, елге сүйіспеншілігін арттыру мақсатындағы шаралардың ұйымдастырылуына белсенді қатысып келеді.
«Жаңартылған білім мазмұнына көшу жолындағы ізденістер» тақырыбындағы баяндамамасымен танылып, жаңартылған білім аясындағы сабақ сапасын жақсартуға қажетті ресурстарды қолдануды әдіс-тәсілдері туралы шеберлік сыныбын өткізгенімен әріптестері арасында бедел мен құрметке ие. Ақтөбе қаласының ғылыми-әдістемелік орталығында өткізілген “Критериалды бағалау”, “Жаңартылған білім аясында математика пәнін оқыту” семинарда коучинг, «Жаңартылған білім беру бағдарламасына сай дүниетану пәнін жоспарлау» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген Қазақстан Респуликасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша тренерлер курсына қатысып, арнайы алғыс хатпен марапатталды. “Біліктілікті арттырудың жаңа моделі жағдайында педагогикалық қызметті критериалды бағалау” тұжырымдамасын тәжірибеге енгізген қарымды қабілеті «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы тарапынан лайықты бағаланған болатын. Ақтөбе қалалық білім беру қызметкерлері кәсіподақ комитетінен Құрмет грамотасының иегері.

Республикалық апталық газеттің бір жылдық жазылымын иеленген ақтөбелік қос ұстазды шығармашылық ұжымның атынан отандық педагогтардың төл мерекесі – ҰСТАЗДАР күнімен шын жүректен құттықтап, жемісті жетістіктер тілейміз!

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий