Әлеуметтік жоба: Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

“Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінде жарияланып республикалық деңгейде кеңінен қанат жайған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” әлеуметтік жобасының бастау алғанын естігенде бір бума букет (гүл) орнына рухани сыйлық ұсынудың жаңаша бағыты ретінде қуана қабылдадым.

 

Және осы эстафетаны менің жақсы досым әрі әріптесім, PhD докторы “SilkWay” халықаралық университетінің «Іргелі және қолданбалы зерттеулер» ҒЗИ директоры Жақыпбаев Бибол Ермұратұлы одан әрі жалғастыруды ұсынған кезде алғашқы ұстаздарым мен табалдырығын имене аттаған алтын ұя мектебіме өткен балалық шағымды сағынышпен еске алдым.

Әр адамның жан дүниесіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғымның бірі, ол, әрине – Ұстаз! Парасатты педагогқа екі нәрсе ғана керек, оның бірі – терең білім және екіншісі – үлкен жүрек. Өскелең ұрпақтың тұлға болып қалыптасу барысында, өмірлік мектептің әр кезеңінде тағылымы мен тәжірибесі жетік талай тәлімгерлер кездеседі.

Алты жасымнан білім нәрімен сусындатып, жақсы мен жаманды ажыратып үйреткен, менің сүйікті ұстазым және сынып жетекшісі – Бақыткүл ҚАЙМОЛДАҚЫЗЫ.

 

Абыройға бөленген сыйлы жан мен 11 жыл оқып білім алған Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылындағы №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектепте қырық жылға жуық еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты. Ардақты аға буын өкілінің ғибратты ғұмыры мен өнегелі өмірі көпке үлгі. Ол жоғары санаттағы ұлағатты ұстаз ретінде білім беру саласындағы жетістіктері үшін бірнеше рет аудандық, облыстық және республикалық сала құрылымдарының тарапынан талай мәрте мапатталып, үздіктердің қатарынан көрінді. Жас мамандарға бай педагогикалық тәжірибесін үйретуден еш жалыққан емес.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші алтын апайымыз бізді тек алға жетелеп, ілгері дамытты. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету қажеттілігін ұстазымыздан ұғындық. Сондықтан да біздің сыныпта болашақ әкім, ғалым, инженер, мұғалім, журналист, мемлекеттік қызметтегі жетекші мамандар, әскери қызмет, байланыс, IT маманы, мұнайшы, жеке кәсіпкерлер білім алды. Олардың бәрі дерлік тәуелсіз еліміздің жан-жақты дамуына азаматтық үлестерін қосып келеді.

Асыл ұстазымның жеке өміріме қосқан үлесі орасан зор. Сондықтан қазіргі кезде ғылыми-педагогикалық бағытта еңбек етіп, жас мамандарды даярлауға қосқан азды-көпті еңбегімді – ұлағатты ұстазымның қажырлы қызметі, жемісті жетістігіне бағалаймын.

Қазақстандық ұстаздар қауымының төл мерекесі күнімен алғашқы мұғалімім Бақыткүл Қаймолдақызын шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық пен баянды бақыт тілеймін! Және ең бастысы “Білімді ел – Образованная страна” республикалық салалық апталықтың 2020 жылға арналған тұтас бір жылдық жазылымын тарту етемін. Мәңгі шәкіртіңіздің ізгі ниеттен ұсынған рухани сыйлығын қыбыл алыңыз, аяулы – Ұстазым.

Тек жақсылықтар күтетін алдағы бір жыл бойы еліміздегі ғылым мен білім саласында болып жатқан жақсы жаңалықтар мен өзгерістер үдерісін осы басылым арқылы оқып, білетін боласыз. Отбасыңыздың ортасында күліп-жайнап, зейнетіңіздің жемісін көруді нәсіп етсін.

№14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектеп ұстаздарын және елімізде қызығы мен қиындығы қатар жүретін педагог қызметінде ерен еңбек етіп жүрген барлық әріптестерімді Ұстаздар күнімен құттықап, игі ниетімді білдіремін!

“Хабар” теле арнасындағы “Төрлетіңіз” шоу бағдарламасының педагогтар мерекесіне орай арнайы шығарылымына қатысу барысында бұл бағалы бастаманы қолдау үшін өз эстафетамды тікелей эфир арқылы еліміздің барлық жас ғалым іздеушілеріне жолдадым. Осы игі іс жалғасын табатынына сенімім мол.

Қуантар Дәуленұлы ӘЛИХАНОВ,
ҚР БжҒМ дарынды жас ғалымдарға
арналған мемлекеттік ғылыми
стипендиясының иегері, “Ғылым”
номинациясы бойынша “Шабыт”
сыйлығының лауреаты, PhD докторы,
ҚазҰАУ “Жоғары оқу орнынан кейінгі
білім беру институты” директорының орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий