“Білімді елдің” жазылым сертификатын қызылордалық қос ұстаз иеленді
“Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің шығармашылық ұжымы еліміздің барлық өңірінде кең қанат жайған “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” – “Моему учителю с любовью!” әлеуметтік сипаттағы жаңа жобаның тұғырландыра түсу үшін әр облыстағы екі танымал ұстаз немесе таңдаулы мектептер ұжымына осы салалық басылымның алдағы 2020 жылға тұтас бір жылдық жазылымын сыйға ұсынып, арнайы сертификаттың табысталуына бастамашыл болған еді.
Қызылордалық педагогтардың сәрсенбінің сәтті күнінде аймақ жетекшісі Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен арнайы ұйымдастырылған салтанатты мерекелік басқосу барысында тарих пәнінің мұғалімі Ләззат Жолдасқызы ЖҰМАБЕКОВА мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі КУНАРОВА Жанна Құспанғалиқызына елордасынан жеткен жазылым сертификаты жиналған қалың қауымның алдында облыстық білім беру басқармасы тарапынан ерекше қошаметпен табысталып, әріптестерінің алдында асқақ абыройға бөленді.
Ләззат Жолдасқызы ЖҰМАБЕКОВА, Жаңақорған ауданы №163 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі. Ол 2016 жылы «Тәжірибедегі рефлексия» мектеп тренерлерінің, «Критериалды бағалау жүйесін енгізу бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілерінің» біліктілік арттыру курсын бітірген ұлағатты ұстаз. 2017 жылы ҚР білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша біліктілік арттыру курсынан өтіп, «Мәңгілік ел идеясын тарих сабағында оқытудың маңызы» авторлық бағдарламасын жасады. «ЭКСПО-2017: Мәңгілік ел құндылықтары» республикалық ғылыми жобалар байқауында 9 сынып оқушысы Мүзарап Шұғыла шәкіртінің «Мәңгілік елдің ұлттық тұғыры: Бабалар дәстүрін білу парыз» ғылыми жұмысы жинаққа еніп, арнайы дипломмен марапатталуына зор үлес қосты. 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен өзі жетекшілік ететін 11 «б» сыныбында жиырма оқушының он бірі жоғары оқу орнының гранттарын жеңіп алды. 2018 жылы «Білім беру мазмұнын жаңартудың маңыздылығы» республикалық семинар-конференциясында жасаған баяндамасы ғылыми жинаққа еніп, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылған аймақтық ғылыми жобалар сайысында 1 дәрежелі диплом мен ақшалай сыйлықты иеленді. «Үздік тарих пәні мұғалімі – 2018» республикалық байқауының екі кезеңіне де қатысып, бірінші дәрежелі диплом және төсбелгімен марапатталды. Дүниежүзі тарихы пәнінен республикалық ұлттық олимпиадаға қатысқан 11 оқушысы жүлделі орындарға қол жеткізді.
2019 жылы «Бағалау тапсырмаларын әзірлеу іс-тәжірибесінен» тарих пәні бойынша оқу-әдістемелік құралы атты авторлық бағдарлама, әдістемелік-нұсқаулықтары жарық көрді. Былтыр және биыл да республикалық ұлттық олимпиаданың алғыс хаты және мақтау грамотасымен марапатталды. «Білімланд» сайты ұйымдастырған республикалық «Жаңашыл педагог -2019» байқауында 7 «б» сыныбына Қазақстан тарихы пәнінен «Қазақ хандығы» тақырыбында үздік ҚМЖ жасап, екінші кезеңінде сол сыныпқа үлгілі сабақ өткізуіне байланысты сайттың арнайы дипломы табысталды.
Жанна Құспанғалиқызы КУНАРОВА, Арал ауданы №14 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. 2017 жылы «ЕХРО-2017: Мәңгілік ел құндылықтары» атты республикалық ғылыми жобалар байқауының «Үздік ғылыми жоба» аталымы бойынша дипломының, Тәуелсіздігіміздің 25- жылдығына арналған «Біз Мәңгілік Елдің іргетасын қалаушы Ұлы Дала ұрпағымыз» атты отандық патриоттар форумына белсенді қатысқаны үшін сертификаттың иегері.
Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АО білім беру беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының, жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушыларының арасында өткізілген «Ер есімі-ел есінде» республикалық интернет байқауында балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға және дамытуға жағдай жасап,қолдау көрсеткені үшін және «Қазақстан таланттары» республикалық шығармашылық дамыту орталығының арнайы Алғыс хаттармен марапатталған.
Орыс тілінен республикалық КИО олимпиадасының екінші дәрежелі, Бастауыш сынып мұғалімдерінің республикалық КИО олимпиадасының үшінші дәрежелі биылғы жылы Психология пәнінен республикалық КИО олимпиадасының бірінші дәрежелі дипломы табысталды. 2016-2019 жылдар аралығында пән олимпиадасына оқушыларды дайындағаны үшін басқа да мадақтамалары жетерлік.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...