Әлеуметтік жоба: рухани сыйлығым ұлық кәсіпті меңгерген аяулы анама

Менің есімім – Данияр Нұрбекұлы Арыстанағалиев. Елордасында жұмыс істеймін. Өткен ұстаздар күні осы қалада тұратын анамның әріптестерінің үйіне, кәсіби мерекелерімен құттықтауға барған едім.

Алдыңғы буын ардагер аға апаларым кішіге тән ізгі лебізімді ерекше ықыласпен қабылдап, алғыс сезімдерін білдірді. Және сөз арасында ғибратты ғұмырын осы мамандыққа арнаған алыстағы анамның аман саулығын сұрап, жастық шақтарындағы қызықты күндерді еске алды.

– 1992 жылы сен өмірге келгенде ата-анаңның төбесі көкке бір елі жетпей тұрғандай шаттанып еді. Гүлдана анаң Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педеагогикалық институтта қызмет жасайтын. Құндақтауылы бөбегін ерекше өбектеп, қолынан түсірмейтін. Арман мен Алмас ағалары аман есен ер жетіп, жеке отау тіксе менің қасымда қасымда қалатын құлыншағым гой, – деп болашағыңан үлкен үміт күткен еді. Сол сенімі ақталғанымен қызмет бабымен жырақта жүрсің, – деді сағышымды еселей түсіп.

Сол сәтте үстел үстінде жатқан «Білімді ел-Образованная страна» республикалық газетін парақтай отырып, педагогтар мерекесі қарсаңында «Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!» аталымындағы акцияның басталғанын білдім.  

Қадырбек атам менің басылымдағы мақалаларды оқи бастағанымды байқаған бойда, сендерді аялы алақанына салып өсіргенімен ұшқан ұяларыңда өскен ортасы мен туған-туысын қимай аналарың жырақта бір өзі қалғанына қиналатындарыңды түсінемін. Ауылда болса араласатын ағайын мен күнде көретін көршісі болады. Шулы шаһарда жалғыздықтың жанға бататындығы бар, – деді.

(Өзімен 13-15 жас үлкен ағаларым қызметтеріне байланысты Шығыс Қазақстанның аудандарында тұратынын білетін. Ата-анам достарының балаларымен салыстырғанда, ішіндегі ең кішісі мен болғандықтан ба, анам маған осы жанұялық досын «Қадырбек ата» деп айтуымды талап етіп, жастайымнан үйреткен еді).

– Адам баласы, әсіресе ұлдары аналарын жалғысыратпағаны дұрыс. Перзенттері өмірге келгенде әр бір ата-ана қартайғанда балаларым қасымда қалып, немерелер жанымда жүгіріп жүреді деп ертеңін ойлайды. Аналарың алыстағы сендерді күнде түсінде көретіні даусыз. Қазіргі нарық заманы жұрттың көші-қоңын көбейтті. Бұйырған жерден нан тауып жейтін кезге тап болдыңдар. Жанында жүрмесең де жиі хабарласып, жағдайын сұрайтыныңды білемін. Барған сайын тарту таралғыларыңды арқалай баратының тағы түсінікті. Айтқандай сенің әкең мен анаң педагог ұстаздар ғой. Олар құрметті еңбек демалысына шығып, бейнетінің зейнетіне бөленсе де еңбегі сіңген білім саласының бүгінгі жаңалықтары ен өзгерістерін құлақ түретіні анық. Сондықтан сен анаңның атына қолыңдағы газеттің бір жылдық басылымын жаздырып, гүл шоғы ретінде рухани сыйлық жаса. Пошта бөлімшесінен газеттің әр жаңа саны келген сайын сені қуана еске алатын болады. Ертең жұмыс күні басталысымен осы ойыңды айтып, өмір бойы оқытушы болған аяулы анаңа тамаша тарту ұсынатындығыңды редакция телефонына хабарласып, журналистерге жеткіз. Бас редакторы жұртшылықпен жылы сөйлесетін зиялы жан, – деді әңгімесін одан әрі жалғап.  

 

 

– Ойламаған жерден айтылған ұсынысқа әрі таңырқап әрі қуанған мен не деп, қалай жазамын, – дедім күмілжіген кейіппен. Ол бірден: – Еш нәрсені ойдан шығарудың қажеті жоқ. Екеуміздің арамыздағы әңгімені қағазға түсірсең болды. Қалғанын өздері жөнге келтіріп алады, – деді. – Гүлдана анаң қазақтың қара өлеңдері мен мақал-мәтелдерін сөз арасында қисынын келтіре қоятын тіл шеберлігі барын білемін. Баланың бойындағы қарым қабілеті ең алдымен ата-анасынан дариды, содан соң өскен ортасынан жұғысты болатыны бабаларымыздан белгілі. Сондықтан сен асықпай ойланып жазсаң, мен бір қарап шығайын, – деді қайтатын кезде.

Жолда автокөліктің радио қабылдағышынан «Аяулы ана» әні тыңдармандарға жолданғанын есітіп, көңілім тағы бір көтеріліп қалды.
Ақ сүтімен нәрін берген,
Бақыттың бәрін берген.
Аяулы ана!
Құлыным сағындым деп,
Жүрсің-ау жаның жүдеп,
Айналдым жүрегіңнен елжіреген.
Аяулы ана! – деген тамаша жыр шумақтарына жүрегім елжіреп, Қадырбек атаның салиқалы сөзінің мәні мен мағынасын терең түсіндім. Ақылшы аға-апаларымның қамқорлығына басымды иіп, алғысымды жеткіземін.

АРЫСТАНҒАЛИЕВА Гүлдана, 1955 жылы дүниеге келген. Өскемен қаласының байырғы тұрғыны. Талдықорған қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумы мен Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы бойынша инженер-педагог. 1983 – 2002 жылдары алғашқы енбек жолын өзі оқыған жоғары оқу орнында оқытушылық қызметтен бастаса, 2003 – 2013 жылдары С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде тәжірибесін шыңдаған соң зейнетке шықты. Жас кезінде қолөнер үйірмелеріне белсене қатысып, спорттың волейбол түрін жақсы ойнаған. Құрметті демалысында университеттен шебер қолды әже кабинетін жасақтап, өскемендік ақ жаулықты әжелердің «Ақбосаға», «Ақниет», «Қазына» өнер топтарымен бірге облыстық және қалалық мерекелерде ұлттық өнерді насихаттап, қазақтың салт дәстүрін дәріптеуге тұрақты қатысып келеді.

Шығыс аймақтағы мәдениет пен өнер майталмандарының ұрамында «ЭКСПО–2017» көрмесіне қатысқан қол өнер шебері және Алматыда өткен облыс күндерінде жетісулықтарды талантымен тәнті еткен алтын қолды әже. С.Аманжолов атындағы университеттің 55 жылдық мерекесін ұлттық қол өнері бұйымдарымен безендірген білім ордасының мақтанышы және облыстық Достық үйіндегі қол өнер бұйымдарын арнайы сапары барысында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қызыға тамашалап, жақсы бағасын берген ардақты ардагер. Өскемен қалалық ардагерлер ұйымы былтыр өткізген «Қараөлең», «Халықтық әндерді» орындау аталымының және жергілікті байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

Сөз соңында мыңдаған шәкірттері үшін ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, майталман мұғалім ретінде танылған аяулы анам Гүлдана Байғабылқызын төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Және осы республикалық газеттің алдағы 2020 жылға арналған бір жылдық жазылымын сыйға ұсынуды перзенттік парызыма балаймын. Тәуелсіз еліміздің білім және ғылым саласына үлесін қосқан аға буын ардагерлер мен барша ұстаздарды мерейлі меркеге орай ізгі лебізімді білдіріп, жас ұрпаққа бәсекеге қабілеттілік тұрғысында сапалы білім берумен қатар саналы тәрбие сіңіру жолындағы қиын да күрделі қызметтерінде да зор денсаулықпен толымды табыстарға жетулеріне тілектеспін!

Данияр АРЫСТАНҒАЛИЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий