“Білімді ел” газетінің сертификаты оңтүстіктегі екі педагогқа табысталды

Түркістан облысындағы жергілікті ұстаздардың мерекелік салтанатты жиынының ұйымдастырылуы биыл жаңаша сипатымен ерекшеленгені анық. “Білімді ел – Образованная страна” республикалық басылымның оқырмандары тарапынан бастау алған “Ұлағатты ұстазға ыстық ықыласпен!” – “Моему учителю с любовью!” әлеуметтік жобасын қолдаған түркістандықтарға айтары алғысымыз зор.

Газеттің редакциясы еліміздің әр аймағындағы баршаға белгілі екі ұстаз немесе тағылымымен танымал білім ордаларына алдағы 2020 жылға жазылым сертификатын ұсыну бастамасы көпшіліктің қызығушылығына бөленді.  Аймақтық білім басқармасы мен басқа да салалық құрылымдардың тарапынан зерделеген ұсыныстар талқыланып, қорытындысында осы мерейлі мәртебені иелену бақыты Кентау қаласындағы мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты директоры Бадырова Нұргүл Есқалиқызы мен Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Абпазов Айдос Кенжеханұлына бұйырғанын білдік.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымынының төрағасы ЕРКІНБЕК Бақыт Сейтжаппарұлының табыстау сәті

«Білімді ел – Образованная страна» республикалық апталығының жазылым сертификатын Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Еркінбек Бақыт Сейтжаппарұлы салтанатты жиын барысында қос педагогқа арнайы табыстап, құттықтау лебізін жеткізді.

Нұргүл БАДЫРОВА, мамандығы бойынша математика пәнінің мұғалімі. Ұстаздық қызметке отыз екі жылын арнаған тәжірибелі тәлімгер. Сегіз жылдан бері ұйымшыл ұстаздар ұжымына жаңаша жетекшілік жасап, биік белестерді бағындыра бастады. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік жүз білім беру мекемесінің қатарынан қалмай келеді. Бұл білім шаңырағанан қанат қаққан талантты түлектер республикамыздағы таңдаулы жоғарғы оқу орындарында ғана емес АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Түркия, Германия, Корея сынды шет мемлекеттерде білімдерін жетілдіріп, мамандықпен оралғандары тәуелсіздігімізді тұғырландыруға азаматтық үлестерін қосуда. Мектеп оқушылары түрлі облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі білім бәсекесінен абыроймен оралып, ғылыми жобаларын жүйелі жүзеге асыруға кірісті.
Нұргүл Есқалиқызы облыстық әкімдік пен мәслихат және білім басқармасы, салалық министрліктің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын иеленген, Қазақстан  Республикасының білім беру ісінің құрметті  қызметкері. Дарынды директордың білікті басшылығымен «ТЕD х Дарын» клубы, «Адал ұрпақ» еріктілер клубы,  функционалды сауаттылықты арттыруға бағытталған «Bookrossing» жобасы нәтижелі жұмыстарын жүйелі жүргізілуде.

Айдос АБПАЗОВ, қалалық маслихаттың депутаты ретінде сайлаушыларының аманатын абыроймен адал атқаруға мүдделі. Ұлтымыздың өткенін терең зерттеуге маманданған тарих ғылымының кандидаты. Білім беру саласындағы қажырлы қызметімен биік белестерді бағындырған танымал тұлға. Облыс әкімдігі мен білім басқармасы және салалық министрлік тарапынан алған Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары жетерлік. Әрине ең маңыздысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған марапаттауды айрықша атап айтқанымыз абзал. Екі жыл бұрын «Ерен еңбегі үшін» медалын иеленген жаңашыл педагогқа былтыр «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.
Болашақта бәсекеге қабілетті кәсіби мамандардың үлкен шебін құрауы тиіс бүгінгі өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында ерен еңбегімен ерешелене жүріп, ғылыми ізденістерін жалғастыру бағытындағы зерттеу жұмыстарымен тұрақты айналысатын және қоғамдық қызметі ретінде халықтың талап-тілегін тыңдауға уақыт табатын атпал азаматтың өнегелі өмірі кейінгі буын өкілдеріне үлгі. Сондықтан ол әрдайым жастармен жүздесуінде алтын уақыттарын босқа жібермей пайдалы және тиімді іске жұмсау қажеттілігін жиі қайталайды.
Республикалық басылымның редакциясы түркістандық қос педагогты мерейлі мерекеге орай арнайы сертификатты иеленуімен шын жүректен құттықтап, бар жақсылықты тілейді!

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий