“Білімді ел” газетінің қос сертификаты жамбылдық танымал мектептерге берілді
Жамбыл облысындағы жергілікті ұстаздардың мерекелік салтанатты жиыны биыл жаңаша бағытта ұйымдастырылғанын білдік. “Білімді ел – Образованная страна” республикалық басылымның оқырмандары тарапынан бастау алған “Ұлағатты ұстазға ыстық ықыласпен!” – “Моему учителю с любовью!” әлеуметтік жобасын қолдаған аймақ жұртшылығына ризашылығымыз шексіз. Газеттің редакциясы еліміздің әр аймағындағы баршаға белгілі екі ұстаз немесе тағылымымен танымал білім ордаларына алдағы 2020 жылға жазылым сертификатын ұсыну бастамасы көпшіліктің қызығушылығына бөленгенін білесіздер.
Облыстық білім басқармасы тарапынан бұл ұсынысымыз қолдау тауып, басылымның қос сертификаты Қаратай Тұрысов атындағы №53 (директоры Эльмира Серікқызы Қойлыбаева) мектеп-гимназия ұжымына Тараз қалалық білім бөлімінің бас маманы Жолдасова Гүлфия Сәбитқызының және Иван Трубицын атындағы №17 (директоры Гүлжан Ержанқызы Тлеубердиева) мектеп-гимназия ұжымына Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы Есенов Сәкен Бөрібайұлының табыстағаны туралы ақжолтай хабар келіп жетті. Демек аймақтағы сала жетекшілерінің мектеп – білім мен тәрбиенің ошағы екендігіне барынша басымдық бергенін байқауға болады.
Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназия өз есігін шәкірттеріне 2007 жылғы тамыз айының 29-ы күні ашқан болатын. Жаңа ғимаратқа қоныстанған ұйымшыл ұстаздар ұжымы он екі жыл аралығында толымды табыстарға қол жеткізді. – Қазақтың тағдыры, келешегі мол ел болуы да мектептің қаңдай негізде құрылуына тіреледі. Мектебімізде сау берік, һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегімізге тайынбай серттесуге болады. Ал сондай негізде құра алмасақ, келешегіміз күңгірт, – деп тегін айтпаған қазақтың ұлы педагог ақыны Мағжан Жұмабаев. Білім шаңырағының дарынды оқушылары Асқар Іңкәр мен Кеңес Мерей республикалық «Абай оқулары» байқауында, Қойшыбекова Альбина математика пәні бойынша ғылыми жоба жарысында, Аршабек Малика география пәнінен ұйымдастырылған елішілік пән олимпиадасында жоғары жетістіктер баспалдағынан көрінді. Сонымен қатар көптеген шәкірттер қалалық және облыстық байқауларда, республикалық КИО, «Ақ бота» интелектуалды марафонында, халықаралық «British Buldog», ПОНИ, «Кенгуру-математика», «Кенгуру-лингвист» білім бәсекелерінде топ жарып жүр.
«Жақсы адам ғана үлгілі басшы бола алады» демекші жаңашыл жетекші, тәжірибелі тәлімгер, майталман маман, ұлағатты ұстаз Эльмира Серікқызы Қойлыбаева он жылға жуық уақыттан бері сенімді серік бола білген әріптестерін биік белестерге бастап келеді. Ол жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталып, облыстық білім басқармасының және кәсіподақ қозғалысын дамытудағы белсенді әріптестігі үшін облыстық қоғамдық ұйымның Құрмет грамотасын иеленді. Және халықаралық оқытушылардың «Менің инновациялық сабағым» атты сайыста үшінші орын алып, білім беру ұйымының іскер көшбасшысы таңдалған қалалық байқауда креативті басшы аталымына лайық танылды. Басқа да жемісті жетістіктері аз емес. Мектеп-гимназиядағы 45 оқу кабинеті түгелдей дерлік компьютермен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Білім алушылар робот техника бағытына басымдық беруде. Кең де жарық асханада бір мезгілде 150 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Дене шынықтыру сабақтарына өткіздудің қолайлы жағдайлары жасалған. Себебі онда жаттығуға қажетті құралдар мен баскетбол, волейбол, футбол алаңдары қарастырылған. Физика, химия, биология кабинеттері зерттеу жабдықтарымен қамтамасыз етілген. «Ең үздік кабинет» байқауында бастауыш сынып пән бірлестігінің №202 бөлмесі топ жарды. Парасатты педагогтар ретінде Тәттібекова Әлия, Утенова Гүлнар, Аязбай Разила, Жаттоева София, Ертуганова Балжан жүз есім таңдап алынған республикалық жинағына еніп, арнайы төс белгіні иеленді. Бүгінгі таңда кітап оқитын жастар азайып кеткені рас. Осы кемшіліктің орнын толықтыру үшін заман ағымынан кенжелеп қалған кітапхана жұмысын жаңашылдықтармен толықтыру мақсатында оталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №6 кітапханасымен келісім шарт жасалып, бірлескен нақты шаралар жүзеге асырылуда. Мақсат: оқушылардың жан дүниесін байыту, тілдік қорын арттыру, кітаптан үйренген тәлім-тәрбиені өмірде қолдану, оқушының бос уақытын тиімді пайдалану, жас буынның ойлау қабілетін арттыру. Осыған орай мектеп-гимназияның оқушылары бос уақыттарын арнайы ұйымдастырылған коворкинг орталығында тиімді өткізуді әдетке айналдырған.
Иван Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясынн соңғы он жылға жуық уақыттан бері Гүлжан Ержанқызы Тлеубердиева біліктілікпен басқаруда. Ол мектеп директоры ретінде мұғалімдердің іс-тәжірибесіне оқытудың жаңа технологияларын енгізуді талап етеді. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде облыстық үздік директорлар байқауында екінші орынмен марапатталып, аймақ бойынша жылдың үздік мектебі атағын алуымен бірге ұжымның автокөлігіне иеленуіне қол жеткізді. болды. 2015 жылы мектептің іс-тәжірибесі облыс көлемінде «Басқару жүйесін нәтижеге бағыттауда мектеп басшысының моделі мен тәжірибесі» тақырыбында таратылды. Және бірнеше мәрте үздік жұмыс берушісі танылып, үздік мектеп сайты және АКТ-ны қолданатын ең үздік ауылдық мектеп байқауларынан жүлдемен оралды. Білім және ғылым министрлігі мен салалық кәсіподақ ұйымының, қала мен облыс білім басқармаларының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарының иесі. Үздік басшы ретінде «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы», «ҚР білім берудің үздік қызметкерлері» атты республикалық жинаққа еніп, «Қазақстан Республикасының Құрметті білім қызметкері» төс белгісімен марапатталды.
Бұл білім ұясында 2192 оқушы білім алады. Республикалық байқауларда Н.Мәлікұлы Семей қаласында өткен «Ақберен» байқауында екінші орынға, Ж.Қадырқұлова Алматы қаласында өткен «Жырлайды жүрек», «Алматы жүрегімде» байқауында бірінші орынға, Ұ.Сейдалы «Бурабай FEST» байқауында Бас жүлдеге ие болды. Мектепте 200 мұғалім бар. Олардың көбі түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүр. «Үздік педагог» республикалық байқауында Н.Бектіғұлова жеңімпаз атанып, 1 731 000 теңгенің сертификатына қол жеткізді. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі А.Мықышова республикалық «Үздік ашық сабақ» байқауында бірінші дәрежелі дипломмен марапатталса, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Есімбекованың есімі еліміздегі ең таңдаулы жүз ұстаздың қатарына енді. Педагогикалық ұжымның қажырлы қызметі мен ерен еңбегі жүйелі де жауапты атқарылған жаңашыл жұмыстардың негізгі көрсеткіші ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен бірегей байланыста болатындығы белгілі. Осы орайда 125 балл жинап, «Алтын белгі» төс белгісінің иегері атанған мектептің бұрынғы түлегі Сабира Хасенованың жетістігі кейінгі жас буын өкілдеріне үлгі өнеге. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын жеңіп алуы арқылы Омарова Шолпан – Германияның, Расилова Алия -Австралияның, Асанбаева Айдана – АҚШ-тың, Малимбаева Меруерт – Польшаның жоғары оқу орындарында таңдаған мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіру үстінде.
Республикалық басылымның редакциясы жамбылдық екі білім шаңырағының ұстаздары мен оқушыларын мерейлі мерекеге орай арнайы сертификатты иеленуімен шын жүректен құттықтап, ізгі лебізін білдіреді. Дендеріңізге саулық, обасына бақыт және толағай табыстар тілейміз!
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...