Мамандық таңдаудың бір жолы кәсіби бағдар беру

Жастарды еңбекке баулу және мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру маңызды  істердің бірі. Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өміріне әсер етеді. Болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қарым қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе сапалы маман ретінде қалыптасатыны белгілі.

Сол себепті қазіргі таңда түлектерге кәсіби бағдар ұсынып, кеңес айту үлкен маңызға ие. Кәсіби бағдар беру – шешімі табылуға тиісті өте күрделі кешенді мәселе. Өзінің әдістемесі және мазмұны жағынан оның психологиялық, педагогикалық, физиологиялық және әрекеттік аумағы жағынан әлеуметтік сипаты болады. Нәтижесі қоғамның экономикалық өміріне әсер етеді. Сонымен қатар, кәсіби бағдар беру қоғамның жұмыс күшін қайта өндірудің маңызды құралы саналады. Білім саласындағы кәсіби бағыттың ауқымы кең және алуан түрлі. Бұл істің жүргізілуі кадрлар даярлауды жоспарлаумен, білім беру жүйесін одан әрі жетілдірумен тығыз байланысты екендігі сөзсіз. Қазіргі заман талабына сай мамандықтарды игерген жастарға сұраныс өте  жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күн өткен сайын артып келеді. Бүгінгі заман талабы кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге дайындау – кезек күттірмейтін талаптардың бірі.

Кәсіптік бағдар беру жұмысы бүгінгі таңда ең көп талқыланатын тақырып және жиі көтерілетін өзекті сұрақтардың қатарында. Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің педагог тәлімгерлері осыған орай атқарылатын нақты шараларды анықтап, жоспарлы түрде жүйелі жүзеге асыруда. Өйткені біздің арнаулы оқу орны техникалық және кәсіптік білім беруге бағытталған және заман талабына сай түрлі мамандар даярлайтын ұйымшыл ұстаздар ұжымы. Жыл сайын 14 мамандық бойынша бәсекеге қабілетті сан алуан кәсіп иелері диплом алып шығуда. Түлектеріміз еліміздің түрлі салаларында қызмет атқарып жүр.

Мектеп бітіретін 9-11 сынып оқушыларын «қандай мамандықты таңдаймын» немесе «таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін» деген ойлар мазалайтыны анық. Бұл әрине үлкен өмірге қадам басардағы ең жауапты сәттердің бірі. Себебі осы бағыт бағдар адам ғұмырының алдағы болашағына өз әсерін тигізеді. Дұрыс жол тапсаң дүниеге пайдасы бар кірпіш ретінде қаланудың мүм­кін­діктеріне қол жеткізесің.

 

Демек оқушыларға дұрыс жөн сілтеу ұстаздардың пайымды пікірлерін тыңдау мен түрлі саладағы мәртебелі мамандық иелерімен кездесудің маңызы өте зор. Осы мақсатта оқушыларға болашақ мамандық таңдауға көмектесу және пайдалы кәсіп туралы көзқарастарын дамыту үшін колледж оқытушылары  жыл сайын қала, аудан, ауылдағы білім шаңырақтарына барып, түрлі тақырыптарда еркін әңгіме жүргізеді. Мектеп оқушыларына колледждің материалды – техникалық базасы мен тарихы, мамандықтардың таныстырымы ұсынылады. Және белсенді студент жастардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырады. Колледжіміздің жеткен жетістіктерін таныстыру үшін жыл сайын мектеп оқушыларын арнайы экскурсияға шақырамыз. Сәуір айында бітіруші түлектер мен ата-аналарына арналған «Ашық есік» күні өткізіледі.
Толқын САДЫҚБАЕВА,
Талдықорған жоғары политехникалық
колледжінің кәсіби бағдар беру және
түлектер карьерасын қамтамасыз
ету орталығының  меңгерушісі, Алматы облысы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий